Accessibility links

БҰҰ: Бас хатшылыққа кім келуі мүмкін?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

БҰҰ ұйымынан хабарланғанындай, өткен аптада Қауіпсіздік кеңесінде БҰҰ бас хатшылығына жаңа жетекшіні таңдау жөніндегі мәселе талқылана бастаған. Ал БҰҰ-ның қазіргі басшысы, ганалық Кофи Аннанның қызмет мерзімі осы жылдың соңында аяқталады.

БҰҰ-ның хартиясына орай, бұл ұйымның жетекшісі қызметінде он жылдай болған Кофи Аннан енді үшінші мерзімге, қаласа да, сайлана алмайды. Сондықтан, оның орнына жаңа жетекші келеді. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Джон Болтонның айтуынша, БҰҰ-ның үстіміздегі 2006-жылғы ең маңызды шешімдерінің бірі - ұйымға жаңа бас хатшыны таңдау және сайлау болмақ. Бірақ, Болтонның өткен аптада айтуынша, әзірше ол орынға үміткердің есімін атау ертерек көрінеді.

- Біз болашақ бас хатшы жөнінде жалпы мәселені талқыладық. Бұл БҰҰ-ның 5 тұрақты мүшесімен жүргізіліп отырған кеңестердің бір бөлігі. Қазірге осыны ғана айта аламын, - деді Джон Болтон.

БҰҰ хартиясына байланысты, Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысымен бас хатшыны Бас Ассамблея тағайындайды. Бірақ, бір жазылмаған келісім бар. Ол Кеңеске тұрақты мүше елдер - Қытай, Франция, Ресей, Британия және АҚШ-тан ешкім сайланбайды. Бұл бейсерми ереженің кесірінен Ұйымдағы кейбір дипломаттар АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның БҰҰ-на басшылыққа келе алмайтындығына іштей өкініш білдіреді екен.

Сахна артында тарап отырған кей әңгімелерге қарағанда, БҰҰ-ның жетекшілігіне Польшаның бұрынғы президенті Александр Квасниевский, Тайландтың бас министрінің орынбасары Сатхиратхай, Бас Ассамблеяның қазіргі президенті, швециялық Ян Элиассон, Оңтүстік Корея Сыртқы істер министрі Бан Ки Мун және БҰҰ-ның қарусыздану департаментінің бұрынғы басшысы, Шри-Ланкалық Дханапала келуі мүмкін екен.

Бұл арада айта кететін бір жағдай, БҰҰ-ның 61 жылдық тарихындағы тағы бір бейресми ереже бойынша, аймақтық географиялық кезекшілік мәселесі де бар. Мысалы, қайсы құрлық өкілі кезекте тұр дегендей. Бірақ, Джон Болтонның айтуынша, негізгі талап үміткердің ол жауапты орынға лайықты азамат болуы екен. Бұл – АҚШ-тық көзқарас. Бірақ ұйымдағы Афро-Азияттық блок, БҰҰ-на Африкадан кейін ендігі кезекте Азиялық өкілдің басшылыққа келгендігін қолдайтын секілді. Соңғы азиялық өкіл, бұрынғы Бирма, қазіргі Мйанмарлық У Тант 1962 жылдан 1971–жылға дейін ұйым жетекшілігінде болған.

Бейжиңнің БҰҰ-дағы елшісі Уаң Гуангуаның пікірінше, Ұйымға мүше елдің жартысынан астамы азиялық өкіл үшін дауыс бермек көрінеді.

- Біздің азияттық кандидатты қолдауымыз - анық нәрсе. Екі млрд халқы бар Азиядан БҰҰ-на басшылыққа лайықты бір тамаша үміткер шығары сөзсіз жағдай, - дейді Қытайлық өкіл.

Сонымен, Бас Ассамблея алдағы маусым айынан үміткер таңдау мәселесіне белсене кірісіп, қараша айына дейін оны біршама реттеп алуы да мүмкін. Ақиқатында, БҰҰ тарихында бұл ұйым басшылығанда әйел адам отырған емес екен. Сондықтан, Теңдік керек деген халықаралық топ БҰҰ-ның жаңа жетекшілігіне өз кандидаттарын ұсыну науқанына кірісіп отыр. Қазіргі ол тізімдегі 18 үміткер арасында Латвия президенті Вике Фрайберга, БҰҰ-нан адам құқықтары комиссионері Луис Арбур, тағы басқалар бар көрінеді.
XS
SM
MD
LG