Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.22.2006 жыл


Ақпанның 22 күні жарық көрген қазақстандық басылымдар республикадағы инфляция деңгейі туралы және қазақстандықтар Абайды қаншалықты дұрыс оқитыны жайында жазған. Сонымен қатар, республикалық мерзімді басылымдар сәрсенбі күнгі санында Қазақстан үкіметі “Самұрық” атты холдингтың тұжырымдамасын қарағаны жөнінде жазыпты.

Республикалық “Егемен Қазақстан” газеті сәрсенбі күнгі санында Қазақстан үкіметінің мемлекеттік холдингтің және республиканың 2010 жылға дейін медициналық және фармацевтикалық білім беруді реформалаудың тұжырымдамасын қарағаны туралы жазған. Сонымен қатар, бұл республикалық басылым “Абайды дұрыс оқып жүрміз бе?”деген сұрақ төңірігінде ойланған жазушы Тұрсын Жұртбайдың мақаласын жариялаған. Осы арқылы газет ұлттың бас ақынның шығармаларының дұрыс басылым көруі бүгінгі әдебиеттану ілімінің алдындағы басты міндет екендігіне ғалымдардың назарын тағыда бір аударғысы келген. “Ынтымақтастыққа сенімділік” атты мақалада “Егемен Қазақстан” басылымының тілшілері сейсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Ақорда” резиденциясында Швеция Корольдігі премьер-министрдің бірінші орынбасары Босс Рингхолммен кездескені туралы жазған. Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға қатысты мәселелер талқыланған.

“Экспресс К” басылымы ақпанның 22 күні жарық көрген санында бішкектік тыңшының білдіртпей жүріп, Алматыдағы ірі, ұйымдасқан қылмыстық топтың арасына кіргені жайында жазған. Осындай шараның арқасында қырғызстандық маман өзінің елінде іздеуде жүрген азаматты Қырғызстанға алып кеткен. Қолға түскен азамат бір жыл бұрын қырғызстандық бір кәсіпкерді өлтіріп кеткен деп күдіктеледі екен.

“Аргументы и Факты Қазақстан” басылымы Қазақстанда өмір сүру деңгейі қымбаттап келе жатқанына тоқталған. Тек Алматы облысы бойынша, соңғы бір айда жеміс-жидек 12,1 пайызға қымбаттаған.

Қазақстанның құнды қағаздар құнын арттыру үшін не істеу керектігі туралы “Айқын” басылымы жазып отыр. Өткен жылы республикада «Қазақстан Республикасының құнды қағаздар рыногы және акционерлік қоғамдар мәселесі жөніндегі заңдық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданып, ол осы рыноктағы жағдайды біршама жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде, деп жазады “Айқын” басылымы. Аталған заң негізінде «Корпоративтік басқару кодексі» жасалып, қабылданды. Ол жөнінде ұзақ-сонар әңгіме 2005 жыл бойы бір тыйылған жоқ болатын. Кодекстің негізгі міндеті пакетіндегі акциясының көлемі қанша екендігіне қарамастан әрбір акционердің мүддесін қорғау болып табылады. Мемлекеттік холдинг құру осылардың қорытындысы іспеттес. Еліміздегі ірі-ірі компаниялардың басын біріктіретін «Самұрық» холдингінің құрылуы алдағы уақытта құнды қағаздар рыногындағы жағдайдың жедел түрде түзелуіне жол ашады деген үміт бар. Сонымен қатар, бұдан былай АҚ директорлар кеңесінің құрамына «тәуелсіз директорларды» міндетті түрде енгізу жөнінде талап бекітілді. Яғни бұдан былай холдингке кірген АҚ-тардың табысы осы уақытқа дейінгідей менеджерлердің алақанында болмайды, керісінше, ұлттық компаниялардың активтерін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік береді. Кешеге дейін ірі-ірі ұлттық компанияларымыздың 100 пайыз акциясы мемлекеттікі деп сөз жүзінде айтылып келгені белгілі. Бірақ шын мәнінде жағдайды реттеп, басқарып отырған осы компаниялардың басында отырған менеджменттік топ болғаны жасырын емес. Соған байланысты болуы керек, ел арасында ұлттық компаниялардағы қаржы күңгірттігі туралы әңгіме гулеп жүрді. Ашықтық жоқ жерде, әсіресе, шикізат өндірумен айналысатын жерасты байлығымызды алақанымен көсеп алып жатқан ұлттық компаниялардың құнды қағаздарының құны қанша тұратыны да күңгірттене түсті. Оларды қор биржаларынан күндіз май шаммен іздеп табу мүмкін емес. Соның нәтижесінде ме, әлде әзірше ондай қағаздардың мәнін түсінбей жатырмыз ба, әйтеуір, құнды қағаздар рыногына жан бітпей-ақ қойған. Ұлттық компаниялар қағаздарын рынокқа шығарып қаржы табудан гөрі банктен несие алуды жеңіл көріп келді. Жағдай осылай жалғаса берсе, аталған рынокты біржола жылы жауып қоюға тура келер еді, деп жазады “Айқын” газеті сәрсенбі күнгі санында.
XS
SM
MD
LG