Accessibility links

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Дүтбаев отставкаға кетті


Сейсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты бірқатар телеарналар арқылы сөйлеп, «бұның астарында бүкіл қоғам мен билікке деген қыр көрсету жатыр деп есептеймін. Қылмыскерлер адамдар арасында үрей мен өзара сенімсіздік ұялатқысы келіп отыр. Кімде-кімнің көңіліне біздің қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен тәртіп өте ұнамайды» деп мәлімдеме жасады. Ал сәрсенбі күні парламенттің бірқатар депутаттары елдің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевтың отставкаға жіберіліп, белгісіз қасқұнемдердің қолынан қаза болған оппозиция қайраткері А.Сәрсенбайұлын ұстауға қатысты деп хабарланып отырған «Арыстан» арнайы бөлімшесінің таратылуын талап етті. Сонымен қатар жергілікті кейбір ақпараттық агенттіктер Нартай Дүтбаевтың отставкаға сұранғаны туралы өтінішн президент қабылдағанын хабарлады.

Сейсенбі күні Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі, белгілі оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты деген күдікпен қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы әскери бөлімшесінің 5 қызметкері ұсталғанын растаған хабар таратты. Онда қазалы оқиғадан кейін ҰҚК-нің арнайы бөлімшесімен жедел-техникалық іздестіру арқасында Алтынбек Сәрсенбайұлының оққағары Бауыржан Байбосын мен көлік жүргізушісі Василий Журавлевтың ұялы телефондарының эфирге шыққандары анықталып, сол арқылы күдікті адамдардың ұсталғаны айтылады. Ал, сейсенбі күні кешке, өткен жексенбіде қысқа демалыстан оралған Қазақстан президенті Н.Назарбаев жергілікті ресми телеарналардан сөйлеп, кісі қолынан қазақ тапқан оппозиция қайраткерінің өліміне байланысты арнайы мәлімдеме жасады.

«...Бұның астарында бүкіл қоғам мен билікке деген қыр көрсету жатыр деп есептеймін. Қылмыскерлер адамдар арасында үрей мен өзара сенімсіздік ұялатқысы келіп отыр. Кімде-кімнің көңіліне біздің қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен тәртіп өте ұнамайды. Мен тәртіп сақшыларына шұғыл тапсырма беріп, тергеу-тексеру барысын жіті қадағалап отырмын. Алғашқы нәтижелер де бар. Бұл қылмыстың артында кім тұрғаны мен кім тапсырыс беріп, кім орындағанына қарамай, олардың бәрі сотқа тартылып, қатаң жазасын алады. Қазақстан мемлекетінің басшысы ретінде осы қылмыстың ашылуына мүдделі басқа да мемлекеттермен ынтымыақтасуға Қазақстан дайын екенін мәлімдеймін», – деді президент Н.Назарбаев.

Президент мәлімдемесінен бұл өлім қандай да жеке тұлғалар емес, белгісіз күштердің ұйымдастыру әрекетінен болған оқиға деген ой тууы мүмкін. Біз ондай күштер бар болуы мүмкін бе және олар кімдер болуы ықтимал деген сауалды оппозиция өкілі Болат Әбіловке қойған едік.

«...Мен Қазақстан сияқты авторитарлық мемлекетте үшінші күш өздігінен өмір сүре алады дегенге сенбеймін. Физикалық тұрғыдан өмір сүре алмайды, себебі, біздегі билік бәрін жаппай бақылауға алған. Жаппай бақылаудамыз!» - дейді оппозиция қайраткері.

А.Сәрсенбайұлының қазасы – елдегі үшінші күштің іс-әрекеті болуы мүмкін деген болжамға қазақстандық саясаттанушы Ерлан Қарин да күмән келтіреді.

«Менің жеке пікірімше – үшінші күш жоқ. Үшінші күш туралы тұжырым – ойдан шығарылған тұжырым. Үшінші күш туралы айтып жүрген сарапшылар биліктің жауапкершілігі туралы айтуға қорыққандай болып көрінетін сияқты. Егер бұрындары осындай оқиғалардан соң билікті тікелей кінәлай алмай, амалы жоқтықтан үшінші күш туралы айтып жүрген болсақ, қазір Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен кейін бір нәрсе анық - ешқандай да үшінші күш жоқ, бұл - билік, не биліктегі белгілі бір топтардың саналы түрде, тұрақты түрде өздерінің саяси қарсыластарына жүргізіп отырған әрекетінің бір көрінісі деп айтуға болады», - дейді сарапшы Е.Қарин.

Сәрсенбі күні парламент мәжілісінің бірқатар депутаттары «Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевты қызметінен босату керек, «Арыстан» арнайы әскери бөлімшесін тарату қажет» деген мәлімдемелер жасады. Ал ақпараттық агенттіктер ҰҚК төрағасы отставкаға кетуге сұранып өтініш жазғаны және оны президент қабылдағаны туралы ақпарат таратты. Алайда, сарапшылардың бір бөлігі «қоғамдағы осы дағдарыс бұл шаралармен шешіле қоймайды» деген пікір айтып отыр.

«Бұл жерде мәселе тек қана ҰҚК-нің немесе басқа да арнайы құрылымдардың жауапкершілігінде емес, жалпы биліктің жауапкершілігінде. Себебі, саяси қайраткерлердің қастандықпен өлтірілуі – бұл көлеңкелі саясаттың жалғасы, бұл көлеңкелі саясаттың көрінісі, тетігі. Қоғамда көлеңкелі саясатқа қаншалықты негіз бар болса, соншалықты осындай әрекеттерге жол ашылып отырады», - дейді қазақстандық сарапшы Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, сәрсенбі күні Қазақстан ҰҚК-нің баспасөз қызметі осы комитетке қарасты «Арыстан» арнайы әскери бөлімше қызметкерлері оппозиция қайраткері Алтынбек Сарсенбайұлын «өлтірген деп емес, тек ұрлап әкетуге қатысы бар деп күдіктеліп отырғаны» туралы мәлімдеме таратты.

Қазақстан ҰҚК-нің қарамағындағы «Арыстан» бөлімшесі лаңкестікке қарсы күресу үшін жасақталған құрылым. Бұл бөлімше кезінде - 1974 жылы Кеңестер Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) 7-ші басқармасында құрылған «А» тобының қазақстандық бөлімшесі болып 1990 жылы құрылған болатын.
XS
SM
MD
LG