Accessibility links

ҚР Парламенті сенатының аппарат басшысы Ержан Өтембаев қастандықпен өлтірілген оппозиция қайраткері А.Сәрсенбайұлының қазасына қатысты деген күдікпен ұсталды


Ержан Өтембаев, Қазақстан Сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі
Ержан Өтембаев, Қазақстан Сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі

Оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты құрылған тергеу-тексеру тобы ақпанның 22-күні ҚР Парламенті Сенатының аппарат жетекшісі Ержан Өтембаевты Республикалық клиникада емделіп жатқан жерінен ұстап, уақытша қамауға алғаны туралы ақпарат мәлім болды. Сондай-ақ, сәрсенбі күні Ұлттық қауіпсіздік комитет төрағасы Нартай Дүтбаев отставкаға кетсе, «Арыстан» арнайы бөлімшенің әскери қолбасшысы Сержан Қойбақов отставкаға кету туралы рапорт табыс еткені туралы хабарлар тарады.

Ақпанның 22-і күні Алматыда Алтынбек Сәрсенбайқлының қазасына байланысты құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия кезекті отырысын өткізді. Осы отырыстың қортындысында комиссия жетекшісі Жармахан Тұяқбай мырза бірқатар мәлімдеме жасады. Мәселен, осы істі тергеп-тексеру барысында тек оппозиция өкілдерін ғана сұраққа алмай, кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қарсыластары болған, қоғамға танымал бірқатар тұлғаларды да сұраққа алуын өтініп, Ішкі істер министірлігі мен Бас прокуратураға хат жолдайтындықтарын жариялады.

Сәрсенбі күні қазақстандық кейбір ақпарат агенттіктері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты деген күдікпен тағы бір адамның – Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевтың Республикалық клиникада емделіп жатқан кезінде ұсталып, уақытша қамауға алынғанын хабарлады. 1955 жылы Алматы қаласында туған Ержан Өтембаевтың негізгі мамандығы - математик, экономика ғылымдарының кандидаты. Ол 1995 жылдан бірқатар жоғары қызметтерді атқарды, солардың ішінде – Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, премьер-министрдің орынбасары, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі, т.с.с лауазымды қызметте істеген. Соңғы уақытта Сенат аппаратының жетекшісі қызметін атқарған. Стратегиялық жоспарлау Агенттігіне Ержан Өтембаев басшылық еткен кездері аталған Агенттіктің шетелдегі есеп шотына, шетелдік ірі мұнай компанияларынан ақша аударылғаны себепті, бұл мекеме атышулы «Қазақгейт» ісіне іліккен жалғыз мемлекеттік орган болатын. Кейбір деректерде, Ержан Өтембаев қазіргі парламент сенатының спикері Нұртай Әбіқаев пен бизнесмен Александр Машкеевич, Нұрлан Қаппаровпен жақсы араласқандығы туралы айтылады.

Сонымен Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты деп ұсталғандар саны 7 адамға жетті. Олардың бесеуі - «Арыстан» арнайы бөлімше қызметкерлері болса, алтыншы адамның аты-жөні әзірге аталған жоқ. Соңғы күндері Қазақстанның ішкі саяси тыныс-тіршілігі белгілі оппозиционер Алтынбек Сәрсенбайұлының кісі қолынан болған қазасы төңірегіндегі шытырманды оқиғалармен қызып тұр. Бір оқиғалар күтілгендей-ақ болып жатса, бірі - көктен жай түскендей әсер етуде. Жоғары лауазымды қызметте істеп келген Ержан Өтембаевтың қамауға алынғаны – солардың бірі десе болады.

Сәрсенбі күні Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевтың отставкаға кету туралы берген өтінішін президент Н.Назарбаев қабыл еткені мәлім болды.

«Өздеріңіз білетіндей, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен басқалардың қазасына байланысты тергеу-тексеру барысында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты «Арыстан» қызметінің бір топ қызметкерлері қызмет мүддесі мен халық мүддесін сатып, қылмыстық ымыраға барып, осындай зұлымдықпен адам өлтіруге қатысты екендігі анықталып отыр. Бұл жағдайда мен Ұлттық қауіпсіздік комитетті басқаруға моральдық құқығым жоқ деп есептеп отставкаға кету туралы өтініш бердім. Отставкам қабылданды», - деді Н.Дүтбаев.

Сөйтіп, 1981 жылдан ҰҚК саласында Ресейде қызмет атқарып, 1998 жылы Қазақстанда «Барлау» сыртқы барлау қызметін басқарған әрі Қазақстан ҰҚК төраға орынбасары болып, 2001 жылы Қазақстан ҰҚК-тін басшылыққа алған, елу жастағы генерал-лейтенант Нартай Дүтбаев отставкаға кетті. Сонымен қатар «Арыстан» арнайы бөлімшесінің әскери қолбасшысы, генерал-майор Сержан Қойбақов та отставкаға сұранып отырғаны туралы хабарлар тарады.

Сондай-ақ 22-ші ақпан күні Алматыда Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты құрылған тәуелсіз қоғамдық комиссия кезекті отырысын өткізді. Комиссия төрағасы Жармахан Тұяқбай мырза «Азаттық» тілшісіне отырыста тергеу-тексеру жұмыстарының соңғы қортындыларын талқылау болғанын айтты.

«Алтынбектің достары мен әріптестерінен ғана жауап алып, оныменен саяси қарсылас болған азаматтардан жауап алмағандығы жайында, біз бұқаралық ақпарат құралдарынан оның бүгінгі күні, көптеген биліктің басында, не соның жанында жүрген азаматтармен ашық та… олардың кемшіліктерін айтып жүргені есімізде бар. Солардан неге жауап алмайсыңдар, олардың осы қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па, соны неге анықтамайсыңдар деп, мына Ішкі істер министірі, Бас прокурорға тиісті хат жаздық» - деді Ж.Тұяқбай.

Ол хатта қоғамға танымал тұлғалар – Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары - Рахат Әлиев, «Асар» партиясының төрайымы әрі парламент мәжілісінің депутаты - Дариға Назарбаева, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті - Қайрат Сатыпалды, танымал кәсіпкерлер - Александр Машкеевич, Патох Шодиев, Алиджон Ибрагимовтардың аттары көрсетілген. Сонымен қатар Тұяқбай мырза комиссия атынан сәрсенбі күні қабылданған үшінші мәселені де атады.

«Бүгінгі күні БАҚ беттерінде «Алтынбекті өлтірген адамдар табылды, олар ұсталды!» деген көптеген ақпараттар жарияланып кетті. Оның шындыққа жанаспайтындығы, оның тек қана мына қоғамды алдаусыратып, жаңсақ пікір туғызуға апарып соқтыратындығы, сондықтан бүгінгі күні - тек қана Алтынбек Сәрсенбайұлын тұтқындап, өлтіретін адамдарға берген адамдар ғана ұсталып отырғандығын, ал шынайы оны өлтірген кімдер, оған тапсырма берген кімдер екені осы уақытқа дейін анық еместігі жайындағы пікірді халыққа жеткізу жайында шешім қабылдадық» - деді Жармахан мырза.

Ал сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевтың осы іске байланысты қамауға алынғаны жайлы Тұяқбай мырза «қандай да болжам айту әзірге ерте» дейді.

Жармахан Тұяқбай басқаратын тәуелсіз қоғамдық комиисия сәрсенбі күнгі жасаған мәлімдемесінде ұсталған «Арыстан» әскери бөлімшесі қызметкерлерінің өмірі мен түрмедегі жағдайларына алаңдаушылық та білдірген болатын. Оның себебі туралы және осы қаза төңірегіндегі соңғы саяси ахуал жайлы ресми тіркеуде жоқ Республикалық халық партиясының көсемдерінің бірі, оппозиционер Әміржан Қосанов былай дейді:

«Бұл құрылымда жүрген азаматтардың қаншама ақпаратқа ие екендігін өздеріңіз де сезетін шығарсыздар. Қалай болғанда да, бұл қылмыстық істің қоғамда тудырып жатқан сауалдары әлі де көп, сондықтан ол кісі (Ж.Тұяқбай) осындай үлкен құқықтық органдардың, соның ішінде прокуратураның жетекшісі болғандықтан және осының астында үлкен астарлар жатқандығын сезіп айтқан шығар деп ойлаймын. Қалай болғанда да, Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты оқиғалар баршамызға сын болып отыр. Бір жағынан президент басшылығындағы билікке сын болса, бір жағынан - осы күнге дейін өзінің аузын лям-мим деп аша алмай жүріп, кішкентай бір саяси сигнал берілгеннен кейін жапа-тармағай сөйлеп кеткен парламентке сын. Бұл - біздің баспасөз құралдарымызға сын. Өйткені, осы кезде әр баспасөз құралының қожайыны кім екені, оның артында кімдер тұрғаны одан сайын сезіліп қалды. Ол - мына оппозицияда жүрген бізге де сын. Сондықтан біз осы тергеудің жан-жақты әділ өтуіне байланысты жасалып жатқан шаруаларымыз өз жемісін таяуда береді деп ойлаймыз».

Қазақстанның саяси сахнасындағы соңғы оқиғаларға баға берген сарапшылардың бірі Әзімбай Ғали: «Бұл саяси дағдарыстың көрінісі. Бұл оқиғалар біздің демократия жолында әлі де алға жылжи түсу қажеттігін көрсетті» десе, «Тәуекелді бағалау тобы» сараптамалық орталығының директоры Досым Сәтпаев: «бұл оқиғалар Қазақстандағы тыныштық туралы, қала берді, тіпті «президент елде саяси тыныс-тіршілікке қатаң да, тиімді бақылау орнатып отыр» деген әңгімелер тек қана аңыз екендігін көрсетті» дейді.
XS
SM
MD
LG