Accessibility links

Қазақстанның демократиялық күштері парламент сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаевтың қызметінен кетуін талап етіп отыр


Ақпанның 23-і күні Алматыда Қазақстанның демократиялық күштері өкілдері республика парламенті жоғарғы палатасы - Сенаттың төрағасы Нұртай Әбіқаевтың қызметтен кетуін талап етті. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы жетекшілерінің пікірінше, осыдан 10 күн бұрын Алматыда қаскөйлердің қолынан қаза болған оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына қандай да бір қысым көрсетіліп, бөгет жасалмауы үшін Сенат төрағасы қызметінен кетуі тиіс деп санайды. Қазақстан Конституциясы бойынша, қазір Нұртай Әбіқаев республикада президенттен кейінгі екінші адам. Сәрсенбі күні Қазақстан парламенті сенатының аппарат жетекшісі Ержан Өтембаев Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты қамауға алынған болатын. Қазақстанның оппозициялық күштері өздерінің соңғы талабын осы оқиғамен байланыстырып отыр.

Қазақстанның демократиялық күштері осыдан 10 күн бұрын қайтыс болған Алтынбек Сәрсенбайұлын кім өлтіргенін анықтайтын тергеу жұмыстары ешбір қысым көрмей, объективті түрде өтуі үшін сенат төрағасы Н.Әбіқаев мырза қызметінен кетсін деген талап білдіріп отыр. Осыған байланысты олар бейсенбі күні Алматыда арнайы мәлімдеме жасады.

«Біз Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси өліміне байланысты Сенат аппараты жетекшісінің ұсталғаны бұл қылмыстың саяси астарының тағы да анықтала бастағандығы - қылмыс жасаушы, оған тапсырма берген адамдардың жоғарғы кабинеттерде отырғандығының белгісі деп білеміз. Сондықтан, бүгінгі күні Сенат аппаратының жетекшісі жауапкершілікке тартылып, осы іс бойынша тұтқындалып жатқан болса, парламент сенатын басқарып отырған Нұртай Әбіқаев қызметінен кетуі тиіс. Себебі, оның республикадағы мүмкіндігі, ықпалы зор. Сондықтан бүгінгі жүргізіліп жатқан тергеу және жедел-іздестіру жұмыстары тәуелсіз, ешкімнің ықпалынсыз жүруі үшін ол адам бүгінгі отырған орнынан кетуі керек», -деді «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалыстың жетекшісі Жармахан Тұяқбай.

Сонымен қатар Қазақстанның демократиялық күштерінің өкілдері саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұылының өліміне тапсырысты республика парламенті сенатының аппарат жетекшісі Ержан Өтембаев жеке-дара өзі берді дегенге күмән келтіреді.

«Бұл адам - кеңседе отыратын, айтарлықтай саяси салмағы жоқ саясаткер болатын», - дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының белсендісі Болат Әбілов.

«Қалай болғанымен қамауға алынған Ержан Өтембаев немесе қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5 қызметкері, олардың барлығы республика президенттінің «өнімдері», сондықтан бұл іс бойынша президент те жауапкершілікті көтереді», - деді Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин.

Қазақстан оппозиционерлерінің соңғы мәлімдемесі мен талабына байланысты ресми Астана саясатын қолдап отырған саясаткерлер қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

«Мен қандай да бір комментарий бере алмаймын, себебі, мен бұл жөнінде естіген жоқпын», - деді Қазақстан парламентінің депутаты, президентшіл «Отан» саяси партиясының мүшесі Уәлихан Қалижан.

А.Сәрсенбайұлының өлімін зерттеу бойынша құрылған қоғамдық комиссия өкілдерінің айтуынша, олар бүгінгі таңда тергеу жұмыстарына наразы емес.

«Біз Федералдық тергеу бюросы (АҚШ) өкілдерімен кездескен жоқпыз. Ол үкіметтің шақыруымен келген адам болғаннан кейін, өз жұмысын жасап жатыр. Бірақ, біз бұл жұмыстар қалай жүргізіліп жатқанын білеміз, ал қалай біліп отырғанымызды біз айта алмаймыз. Себебі, біз де таныстарымыз, бұрынғы әріптестеріміз бар. Алайда, біз өз құпиямызды аша алмаймыз, өйткені онда біз болашақта ақпаратсыз қалуымыз мүмкін», -деді «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының белсендісі Төлеген Жүкеев.

Бұған дейін қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасының жай-жапсарын анықтау мақсатында құрылған қоғамдық комиссия Қазақстанның Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінен бұл іске байланысты марқұмның пікірлес серіктерінен ғана емес, сонымен бірге оның саяси қарсыластары саналған тұлғалардан – Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевтен, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаевадан, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы президентінің бірінші орынбасары Қайрат Сатыпалдыдан, танымал кәсіпкерлер - Александр Машкевичтен, Патох Шодиевтен және Алиджон Ибрагимовтан жауап алуды сұрап, өтініш жолдаған болатын. Бұл аталған алты адамның алғашқы үшеуі – президент Н.Назарбаевтың етжақын адамдары.

Алдағы жексенбі күні Қазақстанның демократиялық күштері Алматыда оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу күнін өткізбек ниеттері барын айтты. Басында оппозиция бұл шараны митинг түрінде өткізуді жоспарлағанымен, олардың митинг өткізуге рұқсат сұрап берген өтінішін қала әкімшілігі қанағаттандырмай тастаған. Әйткенмен бұл шара енді А.Сәрсенбайұлын еске алу күні ретінде жексенбі – ақпанның 26-күні күндізгі сағат 12-де, Алтынбек Сәрсенбайұлын соңғы сапарға шығарып салған Алматыдағы Ғылым Академиясы ғимаратының алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші тұрған алаңда өтеді деп жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG