Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.24.2006 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда Мемлекет басшысының жарлығымен жаңадан тағайындалған бірқатар жоғары лауазым иелерінің ант бергендігі туралы, сондай-ақ саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты деген күдікпен тергеу орындарының бір топ адамды ұстағаны туралы, осы өлімге байланысты қоғамдағы түрлі пікірлер туралы жазылыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымының хабарлауынша бейсенбі күні бір топ жоғары лауазым иелері Ақордада мемлекет басшысына және Қазақстан халқына салтанатты жағдайда ант берген. «Ант беру рәсіміне Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов, жаңадан тағайындалған Әділет министрі Зағипа Бәлиева, қаржы министрі Наталья Коржова, мәдениет, ақпарат министрі Ермұқамет Ертісбаев секілді бірқатар министрлер мен Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов және Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин секілді облыс басшылары шақырылып, Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді» деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Айқын» басылымы жұмалық санында «Бұл - ант беріп ойнау емес, шенеуніктің заң бұзбауын ойлау» деген атпен газет тілшісі Айхан Шәріптің мақаласын жариялапты. Ант берген он бір шенеуніктің оны антты қазақша берсе, қалған біреуі - қаржы министрі Наталья Коржова ғана антты орысша қабылдаған. «Ант қабылдаған мемлекет басшысы Н.Назарбаев ант беруші шенеуніктерге арнап берілген анттың салмағы жүкті екендігін, соны әрқашан естен шығармауды ескертті» дейді газет тілшісі Айхан Шәріп. Осы «Айқын» басылымында жарияланған «Жоғары лауазымды шенеуніктер қабылдайтын антқа заңдық мәртебе берілуі тиісті ме?» деген сұраққа заңгер Арықбай Ағыбаев Қазақстанда үкімет мүшелерінің парламент алдында ант беретіндігін, президенттің ұлықталу рәсімі кезінде ант беретіндігін айтады. Ал АҚШ-та болса мүлдем басқаша көрінеді. АҚШ президенті де, одан басқалары да тек Жоғарғы соттың алдында ант береді екен. Заңгер Арықбай Ағыбаевтың пікірінше Қазақстанда ант қабылдау туралы арнайы заң керек болмақ. Хельсинки комитетінің Алматыдағы төрайымы Нинель Фокинанының айтуынша Қазақстан конституциясында үкімет мүшелерінің халқының алдында және президенттің алдында ант қабылдайтындығы көрсетілген, бірақты егер ол ант бұзса қандай шаралар қолданылатындығы туралы бірде бір сөз жоқ, ешнәрсе айтылмаған.

«Жас Қазақ» апталығы жұма күнгі санында белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты «Өлім эскадроны» деген атпен мақала жариялапты. Мақала ауторы Жанарбек Әшімжанның жазуынша, белгілі саясаткердің қайғылы қазасы қалың жұртшылықтың қабырғасын қайыстырып кетті. «А.Сәрсенбайұылының опат болуына қатысты ел ішінде қилы-қилы әңгімелер күшейіп барады. Қазақстанның бас полицейі Бауыржан Мұқамеджанов А.Сәрсенбайұлының қазасына қатысты үш түрлы болжамды алға тартып отырғанын, яғни, қаржылық, тұрмыстық және экстремизм сипатында десе, оппозиция жетекшілері бұл өлімінің тек саяси сипаты бар екенін ашық мәлімдеп отыр» деп жазады газет тілшісі. А.Сәрсенбайұлының өліміне ҰҚК-нің «Арыстан» арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері қатысы бар деген хабар ресми расталды. Ал соңғы хабарлар А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысы бар деген күдікпен бір ірі шенеунік - Қазақстан парламенті сенатының аппарат жетекшісі Ержан Өтембаевтың ауруханада жатқан жерінен ұсталғандығын хабарлап отыр. «Бейнефильмдерден ғана көрініс беретін «өлім эскадроны» сонымен Қазақстанға келіп жеткендей» деп ой қорытады «Жас Қазақ» тілшісі.

«Эпоха» басылымы жұмалық санында оппозицияның сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевтың отставкаға кетуін талап еткен мәлімдеме жасағаны туралы жазады. Саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысы бар болуы мүмкін деген күдікпен күн сайын адамдардың ұсталып жатқандығы осы оқиғаның Қазақстан қоғамында қандай орын алып отырғандығын көрсетпекші. «Арыстан» арнайы тобы қызметкерлерінің бұл қылмысқа араласқаны анықталған соң Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаев отставкаға кетуге мәжбүр болды. «Ал енді бұл қылмысқа сенат аппарты жетекшісінің араласқаны айтылып отыр. Ондай болса, сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев та қызметінен кетуі керек» деп санайды оппозиция. «Оппозиция жетекшілері өздері таратқан мәлімдемеде Конституция бойынша мемлекетте президенттен кейінгі екінші тұлға болып есептелетін сенат төрағасының ары қарайғы тергеу жұмыстарына өз тарапынан қандай да бір әсерін тигізуі мүмкін екендігі ескеріліп, оның отставкаға кетуі талап етіліп отыр» деп жазады «Эпоха» басылымы.
XS
SM
MD
LG