Accessibility links

Жұртшылық өкілдері Алматы полициясынан саясаткер А.Сәрсенбайұлының өлімін тергеу ісі жайында ақпараттың ашықтығын талап етіп, тағы да пикет өткізді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ақпанның 27-сі күні Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің алдында қала тұрғындары мен зейнеткерлер қоғам қайраткері, саясаткер Алтынбек Cәрсенбайұлының қазасын ашық тергеп, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында шынайы ақпараттың берілуін талап етіп пикет ұйымдастырды.

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті ғимаратының алдына өз наразалықтарын білдіруге келген азаматтар қолдарына марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының суретін ұстап шықты. Пикетті ұйымдастырушылардың бірі – Қазақстанның Коммунистік партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Қафез Мақұлбаев “Азаттық” радиосына берген сұхбатында:

“Ақпанның 17-сі күні осы жерде марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарымен бірге белгілі саясаткердің қазасын ашық тергеуді талап етіп, пикет ұйымдастырған едік. Сол күні Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығының атына арыз жазып, талап-тілектерімізді ашық көрсеткен болатынбыз. Алайда, күні бүгінге дейін жауап жоқ», - деді.

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығынан өз арыздарына ешқандай жауап ала алмаған коммунистер бүгінгі пикетке екінші талап-арыздарын дайындап әкеліпті.

“Мұнда біздің бір ғана талабымыз бар: тергеу жүргізіп жатқан құзырлы орындар қылмысқа қатысты ештеңені ашып айтпайды. Алтынбек Сәрсенбайұлын қазақтың ең бір ардақты ұлы деп есептейміз. Ал енді біреуге біреу ұнамаса, оны атып тастау деген сұмдық қайдан шықты?! Бүгінгі менің “іс ашық тергелсін” деген сөзім біреулерге ұнамайды, сонда мені де атып тастай ма? Бұл сонда қандай іс? Кеше - Заманбек, бүгін - Алтынбек, ал ертең кім екенін ешкім білмейді. Егер билік осы жерге жиналып тұрған халықтың талабына құлақ аспайтын болса, онда біз күнделікті пикет ұйымдастыруға дайынбыз”, - дейді Қафез Мақұлбаев.

Осылайша наразылық білдірген азаматтар Алматы қалалық ІІД басшысының атына «іс ашық тергелсін, халыққа шынайы ақпарат таратылсын» деген мазмұндағы екінші талап арыздарын тапсырды. Наразы топтың талабымен танысқан Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Марат Қожаев:

“Тергеу жұмыстары жүргізілген күннен бастап 2 ай ішінде біздер алдын-ала тергеудің қортындыларын жариялауға тырысамыз. Бірақ, мен кез-келген қылмыстың бетін ашуға, оның үстіне сан түрлі сараптау жұмыстарын қажет ететін бұл қылмыстың сіздер талап етіп отырған уақыт ішінде ашылуы мүмкін еместігін естеріңізге саламын”, - деді.

Ал Коммунистік партияның Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Қафез Мақұлбаев болса полиция қызметкерінің бұл жауабына қанағаттанбағанын айтады.

“Біз сауалымызға жауап алмайынша қоймаймыз. Кеше билік тағы да өздерінің әділетті іске мұрындық болғысы келмейтін дөрекілігін, халқын сыйламайтындығын көрсетті. Қазір аптасына бір күн келіп жүрміз. Бізге дұрыс жауап бермейтін болса - біз күнде ІІД алдында тұруға мәжбүрміз”, - дейді Қ.Мақұлбаев.

Коммунистік партия белсендісінің бұл пікірін өзге де адамдар қостайды. Қоғамда билікті оппозиция қайраткерінің өлімін шынайы зерттеу-тергеу ісін бұқара үшін ашық, жариялы түрде жүргізуге мәжбүр ету үшін азматтық наразылық шараларын өткізуді қолдаушылар да бар.

“Оппозиция өкілдерінің бірнеше қазасының арты ашылмай қалғандықтан мен осындай шараларды Алтынбек Сәрсенбайұлының қырық күндігіне дейін жалғастыра беруді ұсынар едім. Бір Алтынбектің орнына он, жүз Алтынбек келеріне мен сенемін. Өйткені, әділдікті халықтың бәрі талап етіп отыр. Сондықтан, халықты сол шараға қатысуға шақырар едім”, - деді Гүлмира есімді Алматы қаласының тұрғыны.
XS
SM
MD
LG