Accessibility links

Арал теңізінің солтүстік бөлігі суға толып келеді дейді мамандар.

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

ҚР ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша, Қазақстан тарапынан жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігі суға толып келеді. Ал өлі теңіздің тұтастай сауығуы үшін оны қоршап жатқан елдердің бірлескен іс-әрекеті қажет дейді мамандар.

2005 жылы тамыз айында Көк-Арал бөгетінің құрылысы аяқталғаннан бері Арал теңізінің солтүстік бөлігіне су жоспарлағаннан тез ағып барып жатыр дейді ҚР ауылшаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әмірхан Қадырбеков. Оның айтуынша, жылға жетпейтін аз уақыттың ішінде Кіші Аралға 10 шаршы шақырым су келіп, тартылған теңіз көлемі үш есеге көбейген. Кезінде тартылған теңіздің жағалауларында қалған ауылдарға су жетіп, енді ол қалаға қарай ығыса бастаған. Қазір Арал қаласы мен теңіздің ара қашықтығы жақындап, 80 нен 12 шақырымға дейін кеміген. Көктемнің басында Кіші Аралға су толық толып бітіп, су бөгет арқылы Үлкен Аралға құйылуға тиіс. Жалпы мұндай мүмкіндікке ие болуымызға ағымдағы жылдары судың көп келуі басты олжамыз болып отыр дейді су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әмірхан Қадырбеков.

Және де су ресурстары жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Әмірхан Қадырбеков «Сырдария өзенін пайдалана отырып, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» бағдарламасы 2001 жылдан Бүкіләлемдік банкінің қаржылай қолдауымен жүзеге аса бастағанын айтады.

Ал «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Батима Ақшабақова тартылған теңіз толыққанды қалпына келмесе де, Қазақстан жағындағы Арал теңізінің екінші өмірі басталғанына өңір тұрғындарының көзі жете бастады дейді.

Дегенменде қазақтың балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығы Арал бөлімшесінің қызметкері Зауалхан Ермаханов Арал теңізін қалпына келтіру жөніндегі бағдарламаларға әлі де болса бірізділік керек дейді.

Сондай-ақ «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Батима Ақшабақова енді ел жұртшылығының назарын теңіздің қайта түлеуіне аудару маңызды дейді.

Ал өлі теңіздің тұтастай сауығуы үшін оны қоршап жатқан елдердің бірлескен іс-әрекеті қажет дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG