Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.28.2006 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда 26 ақпан күнгі Алматы қаласындағы саясаткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының мүшесі Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиынына қатысты және саясаткердің өліміне орайғы соңғы ресми қорытындыларға байланысты материалдар жарияланыпты.

28 ақпан күнгі санында «Жас алаш» газеті саясаткер, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу жиынына орайғы мақаланың тақырыбын «Еске алды және ескертті» деп қойыпты. Онда бұл шара Ұлттық ғылым академиясының алдындағы алаңда өтеді дегенді естіп келген халық, әсіресе зиялы қауым жағы айқай-шуға құрылып, «аяқ-астынан» өтіп жатқан спорттық жарысқа қарап: «Елмен есептесуді мүлде қойыпты-ау өздері! Біз тек бейбіт жиын өткізіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін келдік қой. Мына мазағы несі? Бұл өлі-тірімізді түгел қорлау ғой»-деген ашу-ызаға толы пікірлерін беріпті. Одан әрі мақала авторы Ерік Рахым бұл «спорттық шараның» аяқталары көрінбеген соң, жиналған жұртшылықтың құқық қорғаушылардың кедергісіне қарамастан Республика алаңына барып, еске алу жиынын сонда өткізгендігін айтады. Аталған жиында сөз алғандар басты екі жайтты қадап айтқан. Біріншісі: Алтынбек Сәрсенбайұлы өлімінің анық ақиқаты ашылмай, халық көңілінде күдік-күман қалатын болса, оның аяғы үлкен қасіретке ұласып кетуі мүмкіндігі, екіншісі: «Қазақстанда қандай жағдайда да саяси өлімге ешуақытта жол берлімеуге тиістігі». Сонымен бірге «Жас алаш» газетінің осы санында Алтынбек Сәрсенбайұлының туған ауылында да еске алу жиыны өтіп, жерлестерінің елде қалыптасқан саяси дағдарысқа орайғы қарсылық білдірген, Қазақстан халқына жолдаған үндеуі жарияланыпты. Онда «Біз биліктің мемлекетті демократиялық жолмен басқару бағытынан ауытқып бара жатқанын көріп отырмыз. Бұлай бола берсе, Қазақстан үлкен қатерге ұрынады. Елге төнген қауіп-бәріміздің қасіретіміз. Бұған жол бермейік!» делінген. Және де саясаткердің өліміне қатысты дүйсенбі күнгі Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың мәлімдемесіне орай «Кредит алып» та кісі өлтіре ме?» деген мақалада саясаткерді өлтіру үшін кредит алып, тапсырыс берген сенат аппаратының жеткешісі Ержан Өтембаев қана екендігіне оппозиция серкелері мен қатар қоғамның сенімсіздік танытып отырғандығы айтылған. Онда мақала авторы «Өтембаев – шабақ. Алтынбек Сәрсенбайұлының досы Болат Әбілов Өтембаевтың ортадағы адам екеніне, оның өзінде үшінші ме, төртінші ме делдал екеніне сенімді. Ал сонда шортан кім? – деген сауалға жауап іздейді.

Ал сейсенбі күнгі санында «Экспресс К» газеті саясаткердің өліміне қатысты тергеу жұмыстарының негізгі қорытындылары белгілі болғандығын айтады. Бұған дәйек ретінде басылым Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың қылмыстың басты себебі Ержан Өтембаев пен Алтынбек Сәрсенбайұлының арасындағы «жеке бас араздығын» атауы екендігін жазады. Дегенменде министрдің айтуынша, бұл қорытынды түбегейлі өзгере қоймаса да, одан әрі жалғасып жатқан тергеу барысында ішінара кейбір жайттар нақтылана түсетіндігі белгілі болған.

Сондай-ақ 28 ақпан күнгі санында «Егемен Қазақстан» газеті қылмыстың бұл қортындыларына орай күні-түні тер төгудің арқасында қылмыс аз уақыттың ішінде ашылып отыр деген байлам жасайды. Яғни, алда әлі тергеу-сараптама қортытындылары біраз уақытқа созылғанымен қылмыстың жалпы ашылу жайы осы тұрғыда өрбитіндігі белгілі болып отыр деген тұжырымға келген.

Сонымен қатар бұл тақырыпты өзінің соңғы санында «Алтын орда» апталығы басқа қырынан қаузапты. Соңғы кездегі бұл оқиғаға орайғы арнаулы қызметтің әрекеті биліктің де, бұқараның да үрейін ұшырып жіберді деп жазады басылым. Онда негізінен күдіктінің құзырлы құрылымдардағы кадр саясатын қолымен жасаған реформатор әрі А.Сәрсенбайұлымен сүйекке сіңді қастығы бар биліктің жоғары эшелонындағы шенеунік болып шығуы да ғажап еместігі айтылыпты.
XS
SM
MD
LG