Accessibility links

Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап келген өзбек азаматтары көбейіп отыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстандағы халықаралық Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро басшылығы Алматыда саяси баспана сұрап жүрген Өзбекстандық екі азаматтың қазақстандық заң органдары тарапынан қысымға ұшырып жатқанына орай алаңдаушылық білдіріп отыр.

Қазақстандағы халықаралық Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның жетекшісі Евгений Жовтис Қазақстаннан саяси баспана сұрап келген өзбекстандық азаматтар Хайрулло Тожиев пен Абдуасит Содыковтарды 25 ақпанда қазақстандық ішкі істер қызметкерлерінің ұстағандығы жөнінде хабардар болып, олардың ендігі тағдырына алаңдай бастадық дейді. Оның айтуынша, жоғарыда аты аталған екі өзбекстандық азаматты алдымен Алматы қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлері қамауға алып, тергеу жүргізіп, кейіннен бұл іске қалалық прокуратура және елдің ҰҚК-нің қызметкерлері тартылған. Ұзақ сұрақ-жауаптан соң, олардың барлық құжаттары алынып, кейіннен біраз уақыт өткен соң құжаттары қайтарылып беріліп, өздері бостандыққа жіберіледі.

Жалпы Хайрулло Тожиев пен Абдуасит Содыковтар 2005 жылы Өзбекстаннан өз өмірлерінің қауіпсіздігін ойлап Қазақстанға бассауғалап келген екен. Екеуі де Алматы қаласында орналасқан БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасына босқын мәртебесін алу үшін өтініш білдірген. Қазіргі кезде екеуі де аталған басқарманың назарында бола тұрып, оларды қазақстандық ішкі істер қызметкерлерінің қамауға алуы, тергеп-тексеруі, құжаттарын алып қоюы түсініксіз. Жалпы олар екеу ғана емес.

«Әндіжан оқиғасынан кейін Қазақстаннан да босқын мәртебесін сұрап келген өзбекстандық азаматтар жетерлік», дейді Қазақстандағы халықаралық Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис.

Және де аталмыш бюроның сарапшысы Виктория Тюленова өздерінің әлгі екі азаматты Өзбекстан билігіне берген жағдайда олардың қандайда қысымшылыққа ұшырайтындығын Қазақстан билігіне айтып ескертіп, мәлімдеме жасаған едік дейді.

Біз осы жайтқа орай БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасына хабарласқанымызда, ондағы Александра есімді қызметкер әлгі азаматтар жөніндегі ақпарат құпия болғандықтан, тек басқарма бастығы ғана айта алатындығын, бірақ ол қазір іссапарда жүргендігін жеткізді.

Ал ҚР президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Жабайхан Әбділдин Өзбекстаннан келетін босқындардың емес, жұмыссыздардың мәселесіне қанық екенін алға тартты.

Сондай-ақ Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының сарапшысы Арбол Хасенұлы бұл жөнінде өздеріне ешқандай шағым түспегендігін жеткізді. Және де ол өз орталықтарына әзірше құқығы бұзылған шетел азаматтарынан шағым түспегендігін айтады.
XS
SM
MD
LG