Accessibility links

Қазақстан президенті демократияны тәртіпке бағындырмақ

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жолдауын Қазақстанның бәсекелестікке қабылетті 50 елдің қатарынан көріну стратегиясына арнады. Ол әсіресе елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына назар аударып, Қазақстан үшін алдымен Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мақсаты тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы сыртқы саясатта негізгі басымдықты Ресейменен қарым-қатынасқа бөлетіндігін де жасырмады.

Қазақстан президенті жолдауының негізгі бөлігін сарапшылар күткендей, саяси реформалар жайында емес, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына арнады. Онда 2007 жылы бюджеттік мекемедегі қызметкерлердің жалақысы 30 пайызға өседі дей келіп, түрлі деңгейдегі әлеуметтік төлемақылар бірнеше есеге көбейеді деді. Ал инфрақұрылымдарды дамыту, Алматыны қаржы орталығына айналдыру, Астананы ең көрікті 30 қаланың қатарына қосу секілді осыған дейін айтып келе жатқан сөздерін президент бұл жолдауында да қайталады. Енді негізгі мәселе Қазақстандағы демократия мен азаматтық қоғамды дамыту төңірегіне келетін болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Қазақстанда қандай салада болмасын жұмыс істеулеріңе жан-жақты жағдай жасаймыз, бірақ ішкі саясатта жұмыстарың болмасын, бұл тұрғыдан заң арқылы шектеу қоямыз», дегенді Қазақстандағы бейүкіметтік ұйымдарға қаратып ашық айтты.

Ал демократиялық институтты дамыту мәселесіне келгенде, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өткен жылы президент сайлауы алдында халықтың бойында үрей басым болды. Президент сайлауынан кейін халықтың көңілі жәй тапты. Бұл әлдекімдердің елді тұрақсыздандыру мақсатында әрекет еткен ісі деп білем, – дей келіп, – біздің бұлайша адасуымыздың бір себебі, биліктің ымырашылдығын, босаңдығын кейбіреулер бұл биліктің әлсіздігі деп түсінеді де, атаққұмарлар «еркелігімізді» көтере береді деп ойлайды» деп қорытты. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев біз мұндай адасушылық пен қиялдарға тосқауыл қоюымыз керек деді. Осыларды айта келе Қазақстан президенті демократияның өзін заңмен қорғауымыз керек деді. Алайда ол «заңды бұзғандар қатаң жазасын алу керек, жала-жапқандар жауапкершілікке тартылу керек, қажет болса, осыған қатысты заңдарды қайта қарайық. Ал заңсыздықты қадағалай алмаған құқық қорғау орындарының басшылары бір күнде өзінің қызметінде отыруға тиіс емес» деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті жоғарыдағы сөздерін айта келіп «мұны қатаңдыққа айналып бара жатыр деп түсінбеу керек, керісінше, біз демократия мен адам бостандықтарын одан әрі дамытамыз, бірақ әрине тәріпті де ұмытып кетпеу керек» деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Напзарбаевтың бұл жолғы жолдауына Еуразия университетіндегі сасяаттану факультетінде оқитын студент Марат қатты көңілі қалғанын айтады:

– Президент сайлаудан кейін көпшіліктің көңілі орнына түсті деді. Мен бұған көпшілік келісе қояды деп ойламаймын. Өйткені осы сайлаудың барысында ғана 6 азаматтың қаны төгілді. Ол халыққа саясатта істерің болмасын, ақшаның күшімен көңілдеріңді түсіреміз дегенге келтірді. Ол дұрыс емес.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы бұл жолдаудан биліктің әлі де болса демократияны дамытуда ашық пікірталасқа дайын емес екендігін түсінуге болады деген ойын жеткізді:

– Біздің елімізде билікпен үйлеспейтін ойға, бөтен пікірге салқындық бар. Демократия дегеніміз барлық қоғамдағы пікірді сыйлау меніңше Қазақстан үшін үлкен мәселе болып тұр.

Енді бір Парламент депутаты Асқар Бейсенбаев бұл жолдау мен күткеннен де керемет болды деп есептейді:

– Президенттің жолдауы менің болжамымнан гөрі әлдеқайда ауқымды болып шықты. Әлеуметтік қорғалмаған топтарға көмек мәселесіне келсек, біздің күткенімізден де көп болды. Екіншіден, бизнестегілердің әлеуметтік жағынан жауапкершілігі де көп болатын болды.

Ал «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев саяси реформалар жөнінде президенттің айтқанын оны орындаушылар қалай түсінеді соған байланысты болып тұр дейді:

– Әрине, демократияны дамыту керек. Бірақ, Үкімет сол дамытып жатқан демократияны қорғай да білу керек, сақтай да білу керек. Егер оппозицияны тұншықтыратын болса, онда елімізде демократия жоқ.

Парламент Мәжілісінің депутаты Амалбек Тшан президент айтқандай демократияны заңмен қорғау дұрыс емес дейді:

– Бүгінгі жолдау жақсы. Бірақ саяси реформа төңірегінде мен көп нәрсе күткен едім. Жалпы басқару пирамидасында халықтың рөлін жоғары шығару сөз жүзінде емес, іс жүзінде туралы көп мәселе айтылмады. Менің ойымша демократияны еш уақытта күшпенен қорғауға болмайды. Тәртіп сақтау деген демократияны қорғау деген сөз емес. Демократияны демократиялық даму жолменен ғана қорғауға болады.

Сәрсенбі күні президенттің ел халқына жолдауы жария етілген Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысына Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев қатысқан жоқ. Себебін депутаттардан сұраған ек, олар білмейміз деумен ғана шектелді. Ал «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев «Нұртай Әбіқаев ауырып, ауруханада жатыр деп естідім» деді.
XS
SM
MD
LG