Accessibility links

Алматы қалалық соты оппозиция қайраткері Болат Әбіловтің жазасын үстемелеп, оны 15 тәулік қамауда ұстауға шешім шығарды


Наурыздың 1-і күні Алматы қалалық соты қалалық прокуратураның талабы бойынша, әлі ресми тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловтің әкімшілік жазасын ауырлатуға, яғни, оны 15 тәулікке қамауда ұстауға шешім шығарды. Бұған дейін Болат Әбіловке «ақпанның 26-күні Алматыда заңсыз митингі ұйымдастырды және оған қатысты» деген айып тағылып, сейсенбі күні Алматы әкімшілік соты оны 5 тәулікке қамауға алуға шешім еткен болатын. Саясаткердің өзі бұл айыппен келіспей, қамауда аштық жариялады. Прокуратура, сонымен бірге, «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның да жазасын ауырлатып, оны 5 тәулікке қамауға алуды сұрап отыр.

Наурыздың 1-і күні Ішкі істер министрілігінің Алматыдағы ғимаратының алдында саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының туған-туыстары марқұмның суреттерін ұстап, үнсіз пикет жариялады. А.Сәрсенбайұлының апайы Рая Сәрсенбайқызы бұл жиынға сейсенбі күні оппозициялық саясаткерлердің заңсыз әкімшілік жауапқа тартылуы әділетсіздік болды дейді:

- Неге оппозиция өкілдерін ұстады? Әділетсіздік қой! Себебі, бұл митингі емес, еске алу жиыны болатын.

Алтынбек Сәрсенбайұлының інісі Нұрлан да сейсенбі күнгі сот мәжілістерін сот процесі деп атауға келмейді дейді. Оның өзі күндізгі сағат 11-ден түнгі 12-ге дейін Алматы ауданаралық әкімшілік сотында болған:

- Сот процесі деуге келмейді. Спектакль болды! Бір жерінен түртіп қалсаң былық шыға келетін біздің жүйені көрсетті. Қалай болғанда да, үстінен түскен тапсырысты орындаймыз деп олар ар-ұяттан айырылды...

Сейсенбі күні Алматы әкімшілік сотында 11 оппозициялық саясаткер өткен жексенбі күні Алматыда марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алуға арналған митингіні ұйымдастырды және оған қатысты деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 5 адам қамауға алынды. Яғни, Төлен Тоқтасынов пен Асылбек Қожахметов - 15 тәулікек, Әміржан Қосанов - 10 тәулікке, ал Петр Свойк пен Болат Әбілов 5 тәуліктен абақтыға қамауға жабылды. Әйтседе, наурыздың 1-і күні Алматы қалалық сотына прокуратурадан екі шағым түсті. Соған сәйкес өткізілген сот мәжілісінде Алматы қалалық прокуратура өкілі Сержанова Болат Әбіловтің бұған дейін де әкімшілік заң бұзуға қатысы болғанын тілге тиек ете отырып, соттан оның жазасын ауырлатуды, яғни, оппозиция қайраткеріне берілген 5 тәулік қамауда ұстау жазасын 15 тәулікке дейін ұзартуды өтінді.

- Сол митингі, шеруді, актіні ұйымдастырушы бола тұра... қайрат-жігерлі болу керек! Тоқтасынов, Қосанов сияқтылар 10-15 тәулікке қамалды емес пе, олардан Әбіловтің несі артық?! – деді прокуратура өкілі.

Ал Б.Әбіловтің адвокаты Серікқали Мусин керісінше, өзінің қорғалушысының айыбы жоқ, сол себептен, оны босату керек деп есептейді. Әйтсе де, Алматы қалалық сотының судьясы Керімқұл мырза саясаткер Болат Әбіловті 15 тәулікке қамау туралы шешімді жария етті:

- Әкімшілік кодекстің 373-ші бабының 3-ші тармағы бойынша Болат Әбіловке 15 күн әкімшілік қамауда ұстау жазасы белгіленсін!

Судья бұл шешімді толық оқып үлгермей жатып, сот мәжілісіне жиналған жұрт «Ұят! Ұят!» деп айқайлай жөнелді. Болат Әбіловтің адвокаты С.Мусин судьялардың барлығы еркін болған жоқ, олар жоғарыдан берілген нұсқауларды орындады дегенді айтады. Ал Әбіловтің жазасын прокурордың талабы бойынша ұлғайтуға еш негіз болған емес еді дейді қорғаушы Мусин:

- Бұл соттарда судьялар Келдібаев та, Керімқұл да шешім шығаруда еркін бола алмады...

Айта кету керек, қорғау жағы келтіруге тырысқан деректер мен талап-өтініштерді сот қабылдамай тастап отырды. Ал бұл кезде Болат Әбілов Петр Свойкпен бірге сот орындарының шешімімен келіспей, өздерінің аштық жариялайтынын мәлімдеді. Ал Гүлжан Ерғалиеваның жазасын ауырлату туралы прокуратураның өтініші бойынша сот мәжілісі наурыздың 2-сіне қалдырылды.
XS
SM
MD
LG