Accessibility links

Өзбек соты оппозиционер әйелді 10 жыл түрмеге кесті


“Серқияш немесе Күн сәулелі Өзбекстан” атты оппозициялық коалиция мүшесі Нодира Хидоятова 10 жылға түрмеге жабылды. Оған экономикалық қылмыстар, салық төлеуден жалтарған деген сияқты толып жатқан айыптар тағылуда. Оның жақтастары бұл жаза саяси себептермен жүзеге асып отыр, дейді. Себебі бұл коалиция Әндіжан оқиғаларынан кейін Каримов өкіметін қатты сынға алып, елбасы Ислам Каримовтың қызметінен кетуін талап етіп келеді.

Нодира Хидоятованың ісін қараған сот төрағасы Зокиржон Исаев Нодира ханымды 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Прокурорлар 12 жыл сұраған екен. “Хидоятованың қылмыстары Өзбек мемлекетіне нұқсан келтіретін ауыр қылмыстар”, деді Исаев. Хидоятоваға қарсы 7 бірдей айып тағылып отыр. Оның ішінде салықтан жалтару, ақшамен ала аяқтық жасау, қылмыстық топқа мүше болу және оның “Буюк Симолар компаниясы 230 мың доллар салық төлеуі тиіс-міс. Сондай-ақ түрмеден шыққаннан кейін Хидоятованың жауапты қызметтерді атқаруына сот тиым салып отыр. Оның қорғаушы заңгері Олег Бабенко болса, Хидоятованың кінасы жоқ. Оған тағылған айыптар дәлелденбеген, деді. Адам хұқын қорғау бойынша Ташкенттегі орталық басшысы Сурат Икрамов та заңгердің сөзін қоштауда.

“Тағылған айыптар мүлдем дәлелденбеген. Сот залында отырған небір бақылаушылар осылай екендігін көрді. Хидоятованы айыптау мен оны тұтқындау жоғарыдан жеткен бұйрық бойынша жүзеге асырылып отыр, деуге болады. Оның ең басты себеб Нодира Хидоятованың Серқияш немесе Күн сәулелі Өзбекстан атты коалицияда өткен көкек айынан бері қызмет етіп келе жатқандығында”, - деді Икрамов.

38 жасар Хидоятова 2005-ші жылы құрылған осы коалицияның үйлестірушісі болған-ды. Әндіжан оқиғаларынан кейін Каримов өкіметін қатты сынаған да осы коалиция болатын. Ресей басылымдарының жазуынша Хидоятова Ресейде баспасөз мәслихатын өткізген. Оның барысында ресми Мәскеудің Өзбек елбасы Ислам Каримовты қолдамауына шақырған. Сол сапардан қайтып оралған кезінде, Хидоятованы Ташкент әуе жайында тұтқындаған. Хидоятованың 16 жасар қызы және 4 жасар ұлы бар. Осыған қарамастан анамызды соттап отыр, дейді қызы Малика. Өзінің саяси белсенділігі үшін оны 1995-ші жылы да қамауға алған болатын. Ол кезде Хидоятова төрт айлық нәрсестесіне аяғы ауыр еді. Алайда, түрмеде оған түсік тастатқызған.

Хидоятовадан бұрын өткен жылдың қазан айында Күн сәулелі Өзбекстан коалициясының төрағасы Санжар Умаров та ұсталған болатын. Оның соты 6-наурызға қалдырылды. Прокурорлар оған 18 жыл сұрап отыр. Кешірім бойынша 13 жылға түсіріледі, дейді сот өкілдері.

АҚШ ресми өкілдері Хидоятованың тағдырына орай алаңдаушылық білдіріп отыр. Мысалы, Құрама Штаттардың Еуропадағы қауіпсіздік пен әріптестік ұйымындағы елшісі Жюли Файнли осы ұйымның Тұрақты кеңесінде желтоқсанның 22-де сөз сөйледі. Өзбекстан заңдарын саяси оппозицияны басып-жаншуға қолданатын Өзбек өкіметінің өткендегі әрекеттері одан әрі жалғаса ма деген қауіп ойлауда екендігін елші жеткізген болатын. Халықаралық заңдарға орай Хидоятоваға тиісінше қарап, оның заңгерлері мен отбасы мүшелерімен жүздесуіне мүмкіндік беріледі, деп сенетіндігін айтты. Қорғаушы заңгері Хидоятованың ісі бойынша одан әрі қуынатындықтарын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG