Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаев: «Ержан Өтембаев қылмысын мойындап маған хат жазды»

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбі күні Сенаттың жалпы отырысына келіп, Ұлттық қауіпсізідк комитетінің төрағалығына Амангелді Шабдарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Отырысқа қатысып отырған 34 сенатор бір ауыздан қолдап дауыс берді. Осыдан кейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты тергеу барысындағы жайттар жөнінде өзінің пікірін айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне қарағанда Ержан Өтембаев өзінің қылмысын толық мойындап, президентке хат жазған. «Ал Сенат басшылығы жөнінде ешқандай күдіктерің болмасын» деді президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Бейсенбі күні Сенат депутаттарының жалпы отырысы, оның төрағасы Нұртай Әбіқаевсыз өтті. Спикердің орынбасары Мұхамбет Көпей Сенат төрағасының ауырып жатқанына байланысты, отырысқа өзінің төрағалық ететінін айтты. Ал күн тәртібінде президенттің келетіні туралы бір сөз болған жоқ. Депутаттар да жәйбарақат болды. Бірақ отырыс аяқталар сәтте, сенаторлар мәжіліс залынан техникалық қызметкерлердің шығуын бірден талап етіп, ал журналистерді аяқ астынан президенттің күзет қызметінің өкілдері қоршап, артық қадам жасамауымызды өтінді. Бірер сәттерден кейін Сенаттың мәжіліс залына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кіріп келді де, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төңірегіндегі жәйттарға қысқаша тоқталып, комитетті тез арада тәртіпке келтіру үшін алдарыңызға келісімдеріңізді алу үшін Амангелді Шабдарбаевты әкеліп отырмын деді Мемлекет басшысы сенаторларға:

– Амангелді Шабдарбаев қауіпсіздік комитеті жүйесінде 1976 жылдан бері қарай жұмыс істеп келе жатыр. Оның ішінде 1992 жылдан бері қарай менің қарамағымда келе жатқан сол жүйенің маманы. Бір жағынан қауіпсіздік комтеті қызметкерлерін қолдау үшін сенім көрсетіп, екінші жағынан біраз тәртіпті түзеу керек екенін өздеріңіз білесіздер. Сол жүйеден шыққан адам керек болғаннан кейін мен осындай ұсыныс енгізіп отырмын.

Қазақстан Конституциясының 44 бабына сәйкес, Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын тағайындар алдында, сенаторлардың келісімін алады. Депутаттар жоғарыдағы кандидатураны дауысқа салар алдында, сенатор Светлана Жалмағамбетова Амангелді Шабдарбаевқа енді «Арыстан» қызметінің жағдайы не болады деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа Амангелді Шабдарбаев төмендегідей жауап берді:

– 1995 жылдары мен «Арыстанда» қызмет еткенмін. Жарты жылдан ғана қызмет істедім. Мен ол жақтағы жағдайлардың барлығын білем. Тәртібін де, барлығын қалпына келтіруге уәде берем.

Сенат депутаттары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығына Амангелді Шабдарбаевтың кандидатурасын бір ауыздан қолдағаннан кейін, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің қазасына байланысты тоқталып өтті:

– Мен бұл жағдайға қатысты барлығын қарап, қадағалап отырмын. Осы күні кімнің ақша беріп жұмсағаны, кімнің алып кеткені, кімнің орындағаны, бәрі белгілі. Қазір соның барлығын жүйеге келтіріп, анықтау жұмысымен шұғылданып жатыр. Барлығын әрине сот шешеді.

Мемлекет басшысы қылмыстық іс толық ашылды деп есептегеннен кейін Сенат басшылығына ешқандай күдік болмауы керек дегенді айтты:

– Қазіргі жағдайда Сенатқа деген, депутаттарға деген, Сенаттың басшыларына деген ешқандай күмән бүгін жоқ. Ол болмасын.

Ал Ержан Өтембаевқа қатысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оның өзінің атына арнайы хат жазғанын жеткізді. Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, Ержан Өтембаев ол хатта былай деп жазған екен:

– Өтембаев менің атыма хат жазды. «Ешкім мені бұған итермелеген жоқ. Ешкімменен ақылдасқаным жоқ. Өзім көп жылдардан бері көңілімде ұстап жүрген қарсылық пен ренжу, әсіресе жүйкеме тиіп, менің адамгершілік намысыма тиген мақалалар шегімнен шығарып жіберді» деп жазды.

Мемлекет басшысы Ержан Өтембаевтың хатына байланысты адам болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады деп, ал соттың шешімі бойынша, қылмысты жасаған адам жазасын алады деді.

Енді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне осыған дейін президенттің күзет қызметін басқарып келген Амангелді Шабдарбаевтың келуіне байланысты сенатор Светлана Жалмағамбетова оның өзінің қызметіне өте кәсіби екенін баяғыдан білетіндігін айтты.

Ал сенатор Мүсірәлі Өтебаев болса Амангелді Шабдарбаев Ұлттық қауіпсіздік жүйесін жақсы білетін адам дейді. Енді қоғам арасында Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевтың отставкаға кетуі мүмкін деген алып-қашпа сөзге қатысты сенатор Мүсірәлі Өтебаев «Азаттық» тілшісінің сұрағына «президент сенат басшысына қатысты пікірін білдірді, енді оның отставкаға кетуіне негіз жоқ» деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG