Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.03.2006 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ел қауіпсіздігі кеңесінің отырысын өткізгені туралы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасының тағайындалғаны туралы және саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты ішкі істер министрінің мәлімдемесі мен Ержан Өтембаевтың бар кінәні өзіне алып жатқаны туралы кеңінен сөз болыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымы жұма күнгі санында «Елдің қауіпсіздігі бәрінен де маңызды» деген атпен газеттің бас мақаласын жариялапты. Мақалада мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, онда Қазақстан Республикасының 2006-2010 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы жобасының қаралғандығы туралы айтылыпты. Газеттің жазуынша осы жиында сөз алған мемлекет басшысы ел қауіпсіздігін сақтау мәселесінде көп істің атқарылғанын айта келе, алайда бірқатар қауіп-қатерлердің әлі бар екендігін алға тартыпты. Алдағы уақытта ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге басым назар аударылатындығын, елдегі саяси реформаның жүрілуі осыған қарай бағытталатандығын президент атап көрсете келе, қоғамдағы қауіпсіздікке төнетін қауіп қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті табанды жүргізуі қажеттілігі қолға алынатындығын президент ерекше атады деп жазады «Егемен Қазақстан».

«Экспресс-К» басылымы жұма күнгі санында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы болып осыған дейін президенттің күзет қызметінің бастығы қызметін атқарып келген Аманкелді Шабдарбаевтың тағайындалғанын, ал бұған бейсенбі күні Қазақстан парламентінің сенатының келісім бергендігі туралы жазыпты. Сенаторлар талқылауына өзі әкеліп таныстырған Н.Назарбаев ұлттық қауіпсіздік комитетінде лайықты тәртіп орнату қажеттігін айтып, бұны осы салада жеткілікті тәжірибесі бар Шабдарбаевтың жасай алатындығын жеткізіпті. «Экспресс-К» басылымының жазуына қарағанда президент таныстырған, жаңа төрағаға тұспалды сұрақ қойған сенатор Светлана Жалмағамбетова оның 1997-2002 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы тобына басшылық жасағанын еске сала отырып, осы «Арыстан» тобының адамдарының саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысы барлығы расталғанын, бұдан қандай қортынды жасайтындығын сұрапты. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Аманкелді Шабдарбаев өзінің онда мықты тәртіп орнатындығына сенуге болатындығын айтыпты.

«Караван» апталығының жазуына қарағанда сенатта болған жиынға сенат спикері Нұртай Әбіқаев қатыспаған. «Өйткені оның жүрегі сыр бергендіктен ол қәзір ауруханада жатыр. Ал президент болса сенат жиынында сенат төрағасына қатысты ешқандай кінасының жоқ екендігін» айтыпты. Сондай-ақ Н.Назарбаев А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеу жұмысының өз бақылауында екенін айтыпты. Президенттің айтуынша «сенат аппаратының жетекшісі қызметін істеген Ержан Өтембаев А.Сәрсенбайұлының өліміне негізгі тапсырысты өзі бергендігін мойындап, хат жолдапты. Бұл мәселе аяғына дейін анықталып, сот арқылы шешіледі» депті Н.Назарбаев. «Караван» апталығы сондай-ақ журналист Олег Губайдуллиннің А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты журналистік зерттеу мақаласын жариялапты. Мақала авторының жазуына қарағанда Ержан Өтембаев өзін Астанадан Алматыға қарай Ан-24 арнайы ұшағымен жеткізер жолда, аспанда 10 мың метр биіктікте А.Сәрсенбайұлының өліміне басты кіналы адам ретінде өзін көрсеткен хикаясын Бас прокурор Рашид Түсіпбековтың атына жазған жеті беттік түсіндіру хатында баяндапты. Ол хатының соңында өзіне аяушылық көрсетуді сұраған. «Алайда, осы күнге дейін А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысы бар деп ұсталғандардың бір де бірі үш бірдей азаматты өздері атпадық деп ақ безер де көк безер болып отыр. Сонда бұл жазықсыз адамдарды кім атты» деп сұрақ қояды «Караван» апталығының тілшісі.

«Жас Қазақ» апталығы болса мәжіліс депутаты Серік Әбдірахмановтың сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевтың отставкаға кетуін талап еткендігі туралы жазыпты. Депутат Серік Әбдірахманов Ержан Өтембаевтың жоғары лауазымды төрелердің кішкене көлеңкесі екенін, ол арыстандар түгілі тышқандарға да тапсырыс бере алмайтын жан екенін айтқан. Сонымен бірге ол Өтембаевтың өміріне айтарлықтай қауіп төніп тұрғанын егер оның өмірі үзіліп кетсе, онда шындықтың ашылмай қалатындығын айтыпты.
XS
SM
MD
LG