Accessibility links

Қазақстанда заңсыз есірткі тасымалы неге қарқын алып барады?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Орта Азия елдері, оның ішінде Қазақстан мемлекеті үшін де заңсыз есірткі тасымалымен күресу бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Кейбір қазақстандық сарапшылар бұл індетке тосқауыл қою үшін, қолданыстағы заңға оған қарсы күрестің пәрменділігін күшейтетін толықтырулар енгізу қажеттілігін айтып келген еді. 2-наурыз күні Мемлекет басшысы “Есірткі бұйымдары, психатроптық заттар, прекусорлар және олардың заңсыз айналымы мен қолдануына тосқауыл қою жөніндегі Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар мен өзгерутлер енгізу туралы” Заңға қол қойды.

Қазақстан мемлекеті Орта Азиядағы заңсыз есірткі бизнесі саудасы жасалатын жолда орналасқан мемлекеттердің бірі. Әсіресе, заңсыз есірткі тасымалы осы елдерде Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін тым қатты белең алды. Есірткі саудасы бір жағынан жеңіл ақша табудың жолы болып табылады. Сарапшылар Орта Азия мемлекеттеріндегі тұрмыс-тіршіліктің төмендеп кетуі заңсыз есірткі тасымалының күшеюіне өз ықпалын тигізіп отырғанын айтады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкері Мұхтар Анарбеков “Азаттық” радиосына мұндай мәліметтердің шындық екендігін растады. Оның айтуынша, бұрын есірткі тасымалының рыногы Еуропа елдері болса, соңғы уақыттары есірткі манаптары (наркобарон) Қытай жағына, атап айтқанда Шығыс Азия елдеріне қарай бет бұрып отыр. Сондай-ақ ол Ұлттық Қауіпсіздік комитеті өткізген «Студент» атты жедел іс-шараның кезінде, Қазақстанның барлық аймақтарындағы жоғарғы оқу орнында оқитын кейбір студенттерден есірткі заттарының табылғандығын хабарлады. Ал, жоғары оқу орнында білім алып жүрген студенттердің бірі Меруерт Айтқазықызы бүгінгі уақытта жастардың есірткіге бейім болуының үйреншікті құбылысқа айналғанын айтып отыр.

Қазақстандағы есірткі тақырыбына зерттеу мақалалар жазып жүрген журналистердің бірі Жұмабай Құлиев, бұл індеттің Қазақстанда қатты белең алуына үлкен қалаларда түнгі ойын-сауық мекемелерінің қаптап кетуі де өз ықпалын тигіз отыр дейді.

- 12 миллион тұрғыны бар Мәскеуде 38 казино болса, 1,5 миллион халық тұратын Алматыда 50 казино бар. Ол жерлерде түрлі ұятты нәрселермен қоса, есірткі де бар, - дейді, ол.

Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Мұхтар Анарбеков «Азаттық» радиосына берген сұхбатында тексеру барысында мұндай деректердің анықталғандығын растады. Алматы қаласындағы наркология орталығының қызметкері Индира Кеңесбекова «Азаттық» тілшісіне берген түсініктемесінде, қазіргі уақытта республикаға, әсіресе героиннің көп келетіндігін және оның бағасының жыл өткен сайын арзандап бара жатқандығын назар аударды. Ал, заңсыз есірткі саудасымен айналысқаны үшін жауапқа тартылып, жазасын өтеп шыққан Қайрат есімді азамат «көп жағдайда заң орындары қызметкерлерінің өздері осы індеттің жайылуына жағдай жасайды» дейді. «Азаттық» тілшісімен болған әңгімеде Қайрат заң қызметкерлерінің түнгі ойын-сауық мекемелеріне есірткі заттарын әдейі әкеліп, оны сатып алған нашақорларды тұзаққа түсіріп, олардан ақша алғаны туралы өзі куә болған жайттарды айтып берді.
XS
SM
MD
LG