Accessibility links

“Отан” партиясының төраға міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов: “Оппозиция өкілдері заң шеңберінде жауапқа тартылып отыр”


Наурыздың 3-і күні Алматыда “Отан” саяси партиясы өздерінің 7 жылдығын атап өтті. Жеті жыл ішіндегі партияның жетістігін тілге тиек еткен партияның төрағасы міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов бүгінгі оппозицияның төңірегінде қалыптасып отырған жағдайға пікірін білдірді. Ол: “Жексенбі ақпанның 26-сі күні Алматыдағы Республика алаңында саяси қастандықтардың құрбандарын еске алу митингісін ұйымдастырып бүгінде әкімшілік жауапқа тартылып жатқан оппозиция белсенділерін құқық қорғау органдары заң шеңберінде жауапқа тартып отыр”, деп мәлімдеді.

Шара барысында Бақытжан Жұмағұлов партияның құрылғанына 7 жыл толуына орай бір топ отандыққа “Белсенді еңбегі үшін” кеуде белгісі мен куәлікті табыс етті.

“Осы жеті жыл ішінде ”Отан” партиясы үлкен саяси күшке айналды. Бүгінде партияның 500 мың мүшесі бар”, - деді Б.Жұмағұлов.

Партияның алдағы уақытта атқаратын жұмыстары мен жеткен жетістіктерін тілге тиек еткен Бақытжан Жұмағұлов БАҚ өкілдері тарапынан қойылған өзге де сауалдарға жауап берді. Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына байланысты тергеу-тексеру жұмыстарының алдын-ала ресми қорытындысына қатысты пікіріңіз қандай? деген сауалға Бақытжан Жұмағұлов:

“Бізде Ішкі істер министрлігі сынды ресми орынның мәлімдемесіне күдік келтіретіндей негіз жоқ. Тергеу-тексеру жұмыстарының әлі жалғасып жатқандығын ескеріп, нақты шешімді күтуіміз керек. Бұл қылмыстық істі ашу үшін Қазақстан барлық құқық қорғау органдарын жұмылдырып, АҚШ-тың федералды тергеу бюросының мамандары да шақырғандығын ұмытпағанымыз жөн. Бұл істің ашық тергелуі үшін жасалап жатқан шаруа екендігін айтуымыз керек”, - деп жауап берді.

Құзырлы орындар “саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына кінәлі адамдар ұсталды. Олар қылмыстарын мойындарына алды”, деп ресми мәлімдеме таратқанымен марқұмның туған ағасы Қайнарбек Сәрсенбайұлы бұл ақпаратқа сенбейді.

“Маған Алтынбектің саяси қарсыластары неге сұраққа алынбайды деген ой келеді. Өйткені, тергеуші “Алтынбекпен қарым-қатынастарыңыз қалай еді? Оның қаржылық жағдайы қалай еді?” деп мені бірнеше күн тергеуге алды. Бірге туған ағасы менен күдіктенеді. Ондай жағдайда мен оның саяси қарсыластары да сұралу керек деп ойлаймын”, - дейді Қайнарбек Сәрсенбайұлы.

Ал жексенбі ақпанның 26-сы күні Алматыдағы Республика алаңында саяси қастандықтардың құрбандарын еске алу митингісін ұйымдастырып, бүгінде әкімшілік жауапқа тартылып, кейбірі 15 тәулікке абақтыға жабылған оппозиция белсенділерінің тағдырына байланысты қойылған сауалға Бақытжан Жұмағұлов:

“Азаматтар қолданыстағы заңды бұзды. Мен биліктің әрекетіне ештеңе дей алмаймын. Бірақ бүгінгі күні олар оппозиция өкілдеріне заң шеңберінде шара қолданып жатыр деп ойлаймын”, - деді.

Алайда “Адам құқығы үшін хартиясы” қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағанбетова:

“Қазақстан 2005 жылы саяси шешім қабылдап халықаралық азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактіні ратификациялады. Халықаралық нормаларды қабылдап, енді соған қосыламыз деп отырған Қазақстан азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығына шектеу салмау керек. Әкімшілік кодекспен соттады. Ал мына ратификациядан өткеннен кейін ондай болмау керек еді. Мысалы, полицейлер ол жерде тек қоғамдық тәртіпті ғана бақылауға құқылы”, - дейді.
XS
SM
MD
LG