Accessibility links

Алтынбек Сәрсенбайұлының зұлымдықпен өлтірілуі - Қазақстанның саяси билігі мен қоғамына оңай соққы болған жоқ және бұл оқиға баспaсөз беттерінде түрлі пікірлер мен болжамдардың тууына түрткі болды.

Сонымен бір кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың одақтасы болған, кейіннен оппозицияның басты да, белді лидерлерінің біріне айналған тұлғаның өлімі нені аңғартады? «Азаттық» радиосының Вашингтондағы сарапшысы Даниел Киммеж тұрақты деп аталып келген аймақта саяси жүйені дүр сілкіндірген бұл өлімнің жай-жапсарына өзіндік зерттеу жүргізген еді.

Ақпанның 13-де Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жүргізушісі Василий Журавлев, оққағары Бауыржан Байбосынның мәйіттері Алматының маңайында ту сырттары мен желкелерінен атылып, қолдары артына байлаулы күйде табылғанының өзі - бұл өлімді кім де болса, асқан айуандықпен жүзеге асырғандығын айқын танытты. Оқиға Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді. Айналасы екі күннің ішінде марқұмның сүйегі жер қойнына тапсырылып, мәңгілік мекеніне, соңғы сапарға шығарып салынды. İзінше-ақ қоғамға белгілі тұлға, кешегі бірнеше дүркін министр болған, Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған, соңғы бірнеше жылда опоозицияның басты жетекшісіне айналып, билік пен оппозицияның диалогы турасында көптеген пікір білдіріп жүрген азамат Алтынбек Сәрсенбайұлының қатыгездікпен жүзеге асырылған жұмбақ өлімін зерттеп-тексеру жылдамдықпен қолға алынып, бірден оның нәтижелері де қоғамға айтыла басталды.

Алдымен ақпанның 20-ы күні Қазақстанның İшкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов Алтынбектің өліміне қатысты деп күдіктелген алты адамның тұтқындалғанын хабарлады. Келесі күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсталған алтаудың бесеуі осы комитеттің "Арыстан" атты арнайы тобының мүшелері екендігін жариялады. Келесі қадам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, одан соң "Арыстан" тобының жетекшілері орындарынан кетті. Ендігі жерде Қазақстан парламенті сенатының аппарат жетекшісі Ержан Өтембаев А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысы бар деген күдікпен тұтқынға алынды. Сөйтіп, ақпанның 27-інде-ақ Астанада İшкі істер министрі бұл оқиғаның жай-жапсары нақтыланып, тергеу мен тексерудің айқын жүргізіліп жатқанын мәлімдеп те үлгерді.

Мұнан әрі «Азаттық» радиосының Вашингтондағы сарапшысы Даниел Киммеж Алтынбек Сәрсенбайұлы зұлымдықпен өлтірілгеннен бері Қазақстанда орын алып жатқан оқиғаларды сараптап, ой елегінен өткізе келе төмендегідей тұжырым жасайды.

Алтынбек Сәрсенбайұлының зұлымдықпен өлтірілгені үшін басты жауапкершілік кімге жүктеледі және оған кім жауап береді, жазаға тартылатын кім болады деген сұрақтар әлі де бұлыңғыр. Өйткені шын мәнінде Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін ресми зерттеу ісі өте шапшаңдықпен жүргізіліп жатқанымен, мұның өзі көптеген сауалдар туғызып жатыр. Ержан Өтембаев Алтынбекті өлтіруге тапсырыс беріп, оның ақысын төлеу үшін банктен 60 мың доллар несие алды деп ресми түрде мәлімделуіне сенбейтіндер бар.

Сондай-ақ соңғы екі аптаның оқиғалары көптеген тұжырымдарға жетелейді. Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі опозицияның бұрынғыдан да топтасып, біріге түсуіне ықпал етті. 26-ақпанда оппозицияның бастауымен Алматыда 4 мыңға жуық адам жиналған жиын өтіп, онда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен одан басқа да қастандық құрбаны болған азаматтар еске алынды. Алайда оларға бұл жиынды өткізуге орталықтан орын берілмеді, сол себепті жиналған жұрт Орталық алаңға қарай шеру жасап жүріп өтті. Оларға түрлі әдіспен кедергі мен арандатушылық жасалып бақты, бірақ жиын тыныш жағдайда қақтығыссыз өткізілді. Ал одан кейінгі күндерде заңсыз митингі өткізді деген айыппен оппозиция жетекшілері сотқа шақырылып, бірінен соң бірі жауапқа тартылып, олардің кейбіріне ақшадай айыппұл салынып, бірнеше адам ондаған тәуліктерге түрмеге қамалды.

Тағы бір жасалатын қорытынды - өткен жылдың қараша айында Алматыдағы Евразия Саяси зерттеулер орталығы мен Әлеуметтік технологиялар жөніндегі агенттіктің Қазақстан саясатындағы ықпалды топтар жөнінде зерттеп жасаған хабарламасындағы, демек көлеңкелі экономиканың қоғамдық саясатта басымдық танытатыны, биліктегі кланның билік құрылымына әсері турасындағы, демек билік сыртындағы белгілі бір ықпалды топ жайында жазылған ойларды бекіте түсетіндей. Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін кім жүзеге асырса да, ол элитааралық жанжалдарды шешудің саяси билік мекемелері деңгейінде тұрақты қалыптасқан механизмі жоқтығын көрсетті.

Бұған қоса өлім төңірегінде айтылып жатқан болжамдардың көбінде белгілі бір топтардың одан өз пайдасын көрмекші болғаны жүзеге аспай қалды деген тұжырымдар жасалады. Н.Дүтбаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен кетуі, Нұртай Әбіқаевтың әлсіреуі, Д.Назарбаева мен Р.Әлиевтің одағы үшін пайдалы болса, екінші күйеу бала Т.Құлыбаевтың тобы үшін қолайлы бола қоймағандай. Және де Алтынбектің зұлымдық құрбаны болуының төңірегінде түрлі болжамның көп айтылуы да саяси жүйеде ашықтықтың жетпей жатқандығын айқын байқатты.

2005 жылы желтоқсан айында өткен президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың 91 процент дауыспен қайта президент болып сайлануына сын айтушылар сайлаудың мұндай қорытындысына оған жергілікті биліктің араласуы мен баспасөзді өз қалауларына қарай икемдеудің және басқарылатын демократияның арқасында қол жеткізілді дейді. Бірақ та басқарылатын демократия саяси жүйеде тұрақты болмайды деп атап көрсетеді сыншылар. Басқарылатын тұрақсыз демократия Грузия мен Украинада, Қырғызстанда режимнің өзгеруіне алып келді.

Бірақ дағдарыстың түсі тек біреу-ақ болады, сайлау болса оны тұтандырудың бір ғана жолы. Ал Қазақстандағы қазіргі күрделі жағдайды бүкіл жүйенің тығырық дағдарысына айналатындай күшке ие болған жоқ деуге болады. Десек те бұл ретте Қазақстан экономикасы алға жылжып, дамып барады, тұрақтылық орын алып тұр деп хабарланғанына қарамастан, бұл айтылған жайттың бәрі де бұрынғы Советтік республиканың бірі болған бұл аймақта қауіпсіздік мәселесі ашық сұрақ түрінде қалып отырғанын анық аңғартты деген ой түйеді, «Азаттық» радиосының Вашингтондағы талдаушысы Даниел Киммеж.
XS
SM
MD
LG