Accessibility links

Қазақстандық оппозиция өкілдері аштық акциясын жалғастырып жатыр


Қазақстандық оппозиция өкілдері дүйсенбі күні Алматыдағы «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестіктің кеңсесінде аштық акциясын ары қарай жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Солардың біріншісі - 5 күндік әкімшілік жазасын жексенбі күні кешкісін атқарып шыққан Петр Своик: «мен аштықты өзімнің әріптестерім – Маржан Аспандиярова мен Гүлжан Ерғалиеваның жазасына сот оң көзбен қарамайынша жалғастыра беремін» деп мәлімдеді.

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін еске алу акциясын өткізу барысында заң бұзған деген айыппен 28 ақпан күні 5 күндік әкімшілік жазаға кесіліп, оған наразылық ретінде қамауда жатып аштық жариялаған «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Петр Своик, түрмеден жексенбі күні кешкісін ғана шыққанымен аштықты одан әрі жалғастырамын деп отыр.

«Мен Гүлжан Ерғалиева мен Маржан Аспандиярованың істері оң қаралғанша аштықты тоқтатпаймын. Олар әр түрлі жазаға заңсыз сотталып отыр. Тіпті, мына 8 наурыз - әйелдер мерекесінің қарсаңында олар түрмеде отыр. Олардың мәселесі қалай шешілетінін де білмеймін. Бәріміздің түрмеде отыруымыз - жоғарыдан берілген қатаң түрдегі тапсырыстың нәтижесі деп ойлаймын. Біздің бәріміз аштық жариялауымыздың себебі – бізді соттау барысында ешқандай заң талаптарының орындалмай, биліктің қолынан келгенін істеп отырғанына қарсы наразылық. Мысалы, мен де басқалар сияқты өзіме сот ісі ашылғаны туралы сот басталғанда естідім. Тіпті, басқа заң бұзылушылықтарын айтпағанда, сот ісіндегі құжаттарда, бір милиция майоры мені сот ісімен таныстыруға әрекет жасапты, ал мен болсам онымен танысуға бас тартыппын-мыс деп жазылыпты. Мен сол милиция майорын көрсетіңіздерші дегеніме, мардымды жауап та ала алмадым. Демек олар ойына келгенін істеп бағуда, құқықтық шектен шығу байқалады», - дейді П.Своик.

Сондай-ақ. П.Своик әкімшілік жазаға кесілгендердің түрмедегі жағдайы «адам беделін, намысын масқаралайтын жағдай» деп бағалады:

«Камералардағы ауа - адам төзгісіз жағымсыз иіс! Азап! Қолқа керерлік қапырық, суық. Жарығы да мардымсыз... Әсіресе, денсаулығы нашар әйелдер үшін өте қиын болып жатыр. Жексенбі күні Маржанға тіпті жедел жәрдем де шақырылды. Бірақ ол емханаға барудан бас тартты. Себебі, емханадан соң ол, ары қарай жазасын осы түрмеде атқаруы керек. Барлық камераларда дәретхана гигиенасы дейтін атымен жоқ. Бұрышқа шелек қойып қойған».

Жалпы, ресми биліктің Қазақстан түрмелеріндегі жағдай соңғы кездері біраз түзеліп қалғаны туралы есептерінде айтылып келеді. Бірақ, әртүрлі әкімшілік істер жөніндегі дауларға қорғаушы ретінде қатысып жүрген заңгер Сергей Уткин ол жалпы түрмелердегі жағдай болуы мүмкін екенін, ал әкімшілік жазаға кесілгендердің жағдайы Қазақстан заңнамасында бөлек қарастырылмағанын айтады.

«Заңда әкімшілік жазаға кесілгендердің құқықтары ерекше ережемен анықталады делінгенмен ол қандай ереже екені маған күні бүгінге дейін белгісіз. Сондықтан да ондағылардың Конституциялық құқықтары орындалмайды. Тіпті, олардың өз қорғаушыларымен де кездесуіне құқығы жоқ екен», - дейді заңгер С.Уткин.

Сонымен, қазақстандық оппозиция қайраткері, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін еске алу акциясын өткізу барысында заң бұзған деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылған оппозиция белсенділерінің түрмедегі аштық акциясына түрмеден шыққандар да қосылып отыр, бірақ оған ресми орындардың ешқандай реакциясы байқалмайды.
XS
SM
MD
LG