Accessibility links

Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне кінәлі адамдар тасада қалып отыр деп санайды


Дүйсенбі күні Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов, елдегі оппозиция көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты Қазақстан президентіне арнаған мәлімдемесін жариялады. Ол мәлімдемеде С.Әбдірахманов мырза осы істі тергеу-тексеру дұрыс бағытта өрбімей отырғанын айта келіп, «егер осы жолы сіз ақиқатты арашалай алмасаңыз, алда бізді жаңа қантөгістер күтіп тұр» деп ескерту айтыпты. Сонымен қатар, дүйсенбі күні Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты құрылған тәуелсіз комиссия төрағасы Жармахан Тұяқбай мырза Қазақстан Ішкі істер министрі мен Бас прокурорға хат жолдағанын мәлімдеді. Онда Тұяқбай мырза, министр мен Бас прокурорға Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты тергеу-тексеру жұмыстарының қалай жүріп жатқанына байланысты бірнеше сұрақ қоя отырып, аталған жұмыс тобына тәуелсіз комиссия мүшелерін де қатыстыруды ұсынған.

Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов, өткен аптада жасаймын деген мәлімдемесін дүйсенбі күні жариялады. Онда ол марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты деп тұтқындалған Ержан Өтембаев, «Арыстан» тобындағы күдіктеліп отырған адамдарға бұйрық бермек түгілі, есік алдындағы күзетшілерге ескерту айтуға да бара алмайтынын Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов жақсы біле тұрып, неге істі басқа жаққа аударып отыр деген сауал қойып, бұл өлімнің астарында жеке бастың өкпе-реніші жатыр дегенге көпшілік қауым сенбейтіндігін айқан.

«Министр мырзаның бұл істі тергеп-тексеруде жаңсақ жолға салуының астарында, істің осындай бет алуына қандай да күштердің мүдделік танытып отырғандығынан. Ержан Өтембаев өзіне «тапсырушы» ролін алу арқылы, өзіне деген «өлім жазасы» үкіміне қол қойып отыр. Сондықтан, қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, егер ол қайтыс болып кетпеген болса, Ержан Өтембаевтың өміріне қауіп төніп тұр. Себебі, кез-келген шынайы тергеу-тексеру, ерте ме, кеш пе - шындықтың бетін ашады. Тек, өлі Ержан Өтембаев ақиқатты айта алмайды» дейді С.Әбдірахманов.

Одан әрі депутат мырза өз мәлімдемесінде: «Біздің елдің байлығы билік маңындағы ат төбеліндей азшылықтың меншігіне айналып отыр. Олар арсыздықпен жер байлығымен қоса, бюджетті қанау арқылы байыған үстіне баюда. Олардың осындай қитұрқы әрекетін Заманбек пен Алтынбек білді. Кім арсыздықпен байыса, солар жыртқыштарша қорғанып бағуда. Күтпеген жерден қылмыскерлер қолға түскен соң, қылмыскерлердің артында тұрғандар істі қажет сценарий бойынша өрбітуге әрекет етуде. Егер Сіз осы жолы ақиқатты арашалай алмасаңыз, алда бізді жаңа қантөгістер күтіп тұр» деп ескертеді, президентке арнаған мәлімдемесінде парламент депутаты С.Әбдірахманов.

Сарапшылар орын алуы мүмкін «қантөгісті» жеке кектен бастап, биліктегі енді басталған таластың жалғасынан болуы мүмкін дейді. Мысалы, оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының көсемі Жармахан Тұяқбай мырза:

«Шынында да егер мына қылмыс толығымен ашылып, қылмысқа қатысты адамдардың бәрі анықталмайтын болса, онда оларды жаңа қылмыстарға итермелеу, оларға дем беру толық мүмкін», - дейді.

Сонымен қатар, дүйсенбі күні Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты құрылған тәуелсіз комиссия төрағасы Жармахан Тұяқбай мырза, Қазақстан Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Бас прокурор Рашид Түсіпбековке хат жолдады.

«Ол хатта Алтынбектің өліміне Е.Өтембаев қатысты деген жалғыз болжамға сене алмастан, осы іске байланысты көптеген мәселелер төңірегінде тиісті басқа да қажетті тергеу амалдарын жүргізу қажеттігін айттық. Және ол хатта тек қана Е.Өтембаев емес, одан басқа да осы іске қатысы болуы мүмкін адамдарды анықтау қажеттігін, соған байланысты басқа да осы істе жіберіп жатқан кемшіліктер жөнінде өз көзқарасымызды білдірдік», - дейді Ж.Тұяқбай.

Хатта, осы істе жіберіліп жатқан кемшіліктер қатарында, «әлі күнге жауабы белгісіз күдік тудырарлық жайттар» деп, сегіз мәселе атап көрсетіледі. Олардың бәрін санап шықпай-ақ бірқатарына тоқтасақ, мысалы:

- Сәрсенбайұлы қаза болған күні тек қана Өтембаев емес, басқа да талай жыл оның саяси қарсыластары болып келген тұлғалардың қайда болғаны тексерілді ме? Тексерілсе, нәтижесі қандай?

- «Арыстан» арнайы бөлімше жасақтары сол күні қалайша басшыларының рұқсатынсыз «түнгі» арнайы киімі мен қару жарақтарды еш кедергісіз ала алды?

- Алтынбек Сәрсенбайұлын сырттай бақылауға алуға Ішкі істер министрлігіне заңға сәйкес рұқсат етілген бе? Ол дегеніңіз - оппозиция басшылары астыртын бақылау назарында дегенді білдіре ме? - деп кете береді.

Сонымен қатар Жармахан Тұяқбай мырза жоғарыдағы аталған себептер негізінде тәуелсіз комиссия мүшелерін де тергеу-тексеру тобының жұмысына қатыстыру қажеттігін ұсынады. Ресми билік оппозиция көсемінің бұл хатына әзірге жауап бере қойған жоқ. Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов мырза талай жылдары, марқұм Заманбек және Алтынбекпен соттасып, қырғи-қабақ болғанын біз білеміз. Ендеше, оның осындай мәлімдемемен президентке жүгінуінің астарында не бар? Біз осы сұрақты бейүкіметтік ұйым - «Тәуекелді зерттеу орталығының» директоры Досым Сәтпаев мырзаға қойған едік.

«Егер қазір Нұртай Әбіқаевтың биліктегі тобына қысым күшейіп отыр деген тұрғыдан қарасақ, демек, оның бұл мәлімдемесі оның тәжірибелі саясаткер, талай жылдан депутат екенін ескерсек жеке басының саяси ойыны деуге келіңкіремейді. Ол президентке осындай мәлімдеме жасау алдында оң-солын жақсылап таразылауы керектігі табиғи нәрсе. Менімше, Серік Әбдірахманов өзінің артында, қандай да жағдайда араша түсерлік, ықпалды да қуатты күштің барлығын сезіп тұрғандай. Мен, ол күштер, қазір Нұртай Әбіқаев пен оның тағайындаған адамдарын биліктен ығыстыруға мүдделі күштер дер едім. Серік Әбдірахманов осы мәлімдемесі арқылы, шын мәнінде, сол күштің жаршысы болып отырғандай», - дейді саясаттанушы Д.Сәтпаев.

Сондай-ақ сарапшы келешекте орын алуы мүмкін «қантөгіс»-тің себебі туралы ой-пікірімен де бөліседі.

«Қоғамның бетке ұстар қаймағы – элитаның бір бөлігі қазір үрей құшағында. Егер президент өзіне сенімді деген серіктерінің бірі - Нұртай Әбіқаевты қорғай алмаса, онда ол, қандай да күн туа қалса, басқалардың да қауіпсіздігіне кепіл бола алмайтыны белгілі. Мен, Әбдірахманов елдегі саяси ахуал президент тізгінінен кетті деп ойлайтын элитаның осы бөлігінің үрей-қорқынышын білдіріп отыр деп ойлаймын. Ол аз десеңіз, элитаның осы бөлігі, егер елде мұрагерлік үшін нақты талас бастала қалғанда өте ықпалды өзеуреген саяси топтар саяси өлтірулерді өздерінің саяси мақсаттарына жету жолында қосымша құрал ретінде пайдалануы әбден мүмкін деп алаңдайды», - дейді Алматыда орналасқан «Тәуекелді зерттеу орталығының» директоры Досым Сәтпаев.

Қандай болғанда да, оппозиция көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі, билік басындағы саяси тыныс-тіршіліктің ішіндегі «бітеу жарасын» ашып, немен аяқталары белгісіз даудың басын бастағандай. Қазақстандық сарапшылар «бұл дау, бірлі-жарым отставкамен шешілмейді» деп отыр.
XS
SM
MD
LG