Accessibility links

Аслан Масхадовтың қазасына – 1 жыл

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Осыдан тура бір жыл бұрын, наурыздың 8-і күні, Ресей БАҚ-дары, бұрынғы совет армиясының полковнигі, 1997-жылдың қаңтарында Шешенстан республикасының президенті болып сайланған, бірақ кейінірек жасырын әрекетке көшкен елбасы Аслан Масхадовтың қаза тапқандығы жөнінде хабарлады.

«Азаттық» радиосының тілшісі Элизабет Фюллердің жазғанындай, Масхадовтың қазасы ұрыс жанжалын бейбіт арнаға салудың орнына, керісінше, Солтүстік Қапқаздағы бұл аймақта Мәскеуге қарсы жанжал, бүлікшілдік, қақтығыстық әрекеттерді одан әрі күшейтіп жіберді.

Ал Аслан Масхадов өз өлімінен екі айға жуық уақыт бұрын, 2005-жылдың 14-қаңтарында, бір жақтама шешіммен, өз бақылауы астындағы қарулы күштерді бір айға соғыс әрекеттерін тоқтатуға шақырған болатын. А.Масхадов ол кезде радиомыздың тілшісіне берген сұхбатында Ресей президентінің Шешенстандағы жағдайдан түгелдей хабарсыз екендігін айтқан болатын.

- Президент Путин Шешенстанда болып жатқан жағдай шындығынан өте алыс екендігіне сенімім кәміл. Армиядағы үрдіс бойынша, қолбасшылар ресми басшылыққа олар қалаған деректі ғана жеткізеді. Сондықтан, Ресей қауіпсіздік қызметінде де сондай тәжірибе қалыптасқан болар, - деген еді Аслан Масхадов.

Масхадовтың көмекші өкілдерінен бірі Умар Ханбиевтің айтуынша, Масхадовтың мақсаты Мәскеумен келіссөздерге отырып, өзара жанжалға нүкте қою еді. Аслан Масхадов, егер Ресей президенті онымен жеке кездесіп, пікір алмасса, жағдай түгелдей өзгеріп, соғысты тоқтауға мүмкіндік туған болар еді деген ойда болған.

- Біз 30 минуттық кездесу, келіссөзді ұсындық. Ол жеке кездесуде Ресей Федерациясының президентіне Шешен халқының мақсатын жеткізіп, сондай-ақ, В.Путиннің Шешенстаннан не қалайтындығын да біліп, қантөгісті соғысты тоқтатуға жол ашқан болар еді, - деген болатын Аслан Масхадов.

Ал егер біз өз оппоненттеріміз – Ресей жетекшілерінің шындыққа көзін жеткізе алсақ, онда бейбітшілікті орнатқан болар едік, деген Масхадов. Бірақ, Ресейлік ресмилер ол бейбітшілік ұсынысын қабылдамады, келіссөздерден бас тартты. Ресей президентінің Солтүстік федералдық аймақтағы өкілі Дмитрий Козак, Масхадов Шешенстанды бақылау мүмкіндігінен айырылған, сондықтан келіссөздерден нәтиже жоқ деген еді.

Ал кейбір дәлелденбеген деректерге қарағанда, Ресей әкімшілігі Масхадовтың ол бейбітшілік ұсынысын оның көзін жою үшін пайдаланған. Бұл жөнінде Масхадовтың ізбасары Абдул Халим Садуллаев 2005-жылдың күзінде, оны келіссөздерге шақырып, алдап өлтірді деген.

Ресейде шығатын «Новое время» басылымының 2006-жылғы 1-санында келтіргеніндей, сотқа тартылған Масхадовқа жақын адамдардың бір адвокаты Ресей жетекшілігі Масхадовтың ұсынысына келіскен, тіпті Грозныйда жұмыс істеген Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастығы Ұйымының топ жетекшісі, швейцариялық дипломат Тим Гулдиманға Масхадовтың қауіпсіздігі жөнінде кепілдік те берген дейді.

Міне, содан кейін Масхадов біржақты соғысты тоқтатып, Автуриден Толстой юртқа орын ауыстырған. Алайда, сол Грозныйдың солтүстігіндегі қыстақта келіссөздерге дайындық кезінде оны өлтірген. Сонымен, есімі аталмаған бір азаматтың куәлік беруінше, Ресей қауіпсіздік қызметі Масхадов Гулдиманмен ұялы телефон арқылы байланысқан кезде тауып өлтірген. Бірақ, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастығы Ұйымының өкілі Радиомыздың Солтүстік Қапқаз бөліміне бұл жөнінде түсініктеме беруден бас тартқан.

Шешенстандағы жасырын әрекеттегі жетекшілік марқұм Масхадовтың орнына оның көзінің тірі кезінде-ақ, 2002 жылғы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің бас қосуында, шілде-тамызда, Садуллаевті ізбасар мұрагер деп атаған болатын. Сол Садуллаев дала қолбасшысы Шәміл Басаевпен бірге Шешенстандағы соғыс әрекеттерін Солтүстік Қапқаз аймағына дейін жеткізіп, 2002 жылы қазанда Мәскеу театрындағы кепілдік тұтқынын, 2004 жылы Ингуш елінде ішкі істер басқармасына шабуыл жасау және 2004-жылы қыркүйектің басында Бесландағы мектепте террорлық кепілдік шабуылын ұйымдастырды.

Бірақ, ол кезде көзі тірі Масхадов ол шабуылдарды мойындамаған болатын. Ал Масхадовтың қазасынан кейін оның орнын басқан Садуллаев, кейбір шағын шабуылды қоспағанда 2005 жылы қазан айында Нальчикте бір негізгі шабуыл операциясын ұйымдастырды. Садуллаев 2005 жылдың қарашасында келіссөздерге бармаймыз, Қапқазды Ресей басқыншылығынан азат етпейінше күресті жалғастыра береміз деді.

Сонымен, кезінде марқұм Аслан Масхадовтың «соғыс жанжалын күшпен шешуге болмайды» деген сөзін оның ізбасарлары назарға алмай отырған сияқты.
XS
SM
MD
LG