Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.09.2006 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Бейсенбі күні жарық көрген басылымдарда Қазақстанда халықаралық әйелдер күнінің қалай өткендігі сөз болыпты. Ал, тәуелсіз басылымдар болса, белгілі саясаткер, әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өліміне байланысты түрлі жорамалдардың жасалып жатқандығына айрықша назар аударыпты.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өткен жылдың ақпан айындағы келтірілген мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстанда әйелдердің жұмыс істеуіне тиым салынған 279 мамандық бар екен. Бейсенбі күнгі жарық көрген “Литер” басылымында осындай ақпарат келтіріліпті. Автор өз мақаласында мұндай мамандықтардың ауыр жұмыстарға байланысты екендігін айта келіп, көп жағдайда әйелдердің аз еңбекақы төлейтін жерлерде жұмыс жасайтындығын сөз қылыпты. Бүгінгі уақытта Қазақстанда төрт әйел ғана лауазымы жоғары қызмет атқарады. Осыған орай мақала авторы үлкен саясатта әйелдерге өз мүмкіншілігін жүзеге асыруға жағдай жасалынбаған деген қорытынды түйіпті.

“Экспресс К”, “Егемен Қазақстан”, “Казахстанская правда” басылымдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай әйелдер қауымының бір топ өкілдерін қабылдағандығы баяндалыпты. Олардың ішінде Айткүл Самақова, Гүлжан Қарағұсова, Зағипа Бәлиева қатарлы лауазым иелерінен бастап, Айман Мұсақожаева бастаған өнер иелері, Гүлшат Жаппарханова бастаған дәрігерлер қауымына шейін болған.

Ал, “Айқын” басылымының бейсенбі күнгі санында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың украин қызы Людмила Кальнышқа ғашық болғандығының тарихы баяндалыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Людмила Кальныш Днепродзержинский техникалық училищесінде оқып жүргенде Нұрсұлтан Назарбаевпен қалай танысқандығын және екеуінің арасында қандай силастық қатынастың болғандығын тілге тиек етіпті. Людмила Кальныштың айтуынша, 1960 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың курстары оқу бітіріп, жан-жаққа тарайтын болады. Міне осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев көрші курстағы бір қыз арқылы оны шексіз сүйетіндігін айтуын сұрап, өтініш білдіріп жібереді. 1994 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украинаға барғанда жергілікті шенеуніктер іздеу салып, оны Мемлекет басшысымен кездестірмек болады. Алайда Людмила бұл кездесуден бас тартады.

Бейсенбі күнгі жарық көрген тәуелсіз басылымдар болса, белгілі саясаткер, әрі қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өліміне байланысты түрлі жорамалдардың жасалып жатқандығына айрықша назар аударыпты. “Время” газетіне берген сұхбатында мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге Ержан Өтембаевтың тапсырыс бергендігіне сенбейтіндігін білдіріпті. Осы мәселеге байланысты аталмыш басылым Ішкі Істер Министрінің орынбасары Қалмұханбет Қасымовқа бірнеше сауал қойыпты. Газетке берген қысқаша жауабында ол Ержан Өтембаевтың денсаулығының жақсы екендігін және оған жасалып жатқан ешқандай да қысымның жоқ екендігін ресми түрде хабарлапты. Сондай-ақ “Время” газетінде 7 наурыз күні журналистермен кездескен кезінде, Америка Құрама Штатының Қазақстандағы елшісі Джон Ордвейдің белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты тергеу жұмыстарының нәтижесіне күман келтіруге ешқандай да негіздің жоқ екендігін мәлімдегендігі айтылыпты.

Ал, “Свобода слова” басылымында “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайдың белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты Ішкі Істер Министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен Бас Прокурор Рәшит Түсіпбековтың атына сұрау салғандығы айтылыпты. Жармахан Тұяқбайдың пікірінше, тергеу орындарының жасаған асығыс қорытындысы бұл жұмбақ өлімге қатысты елдің арасындағы күдіктің онан сайын күшейе түсуіне мұрындық болып отыр.
XS
SM
MD
LG