Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.10.2006 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда мемлекет қапржысының мемелекеттік мекемелер тарапынан талан-таражға түсіп жатқаны туралы есеп комитетінің тексергені, сондай-ақ саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты түрлі болжамдар мен сарапшылар пікірлері оқырмандар назарына ұсынылыпты.

Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінде жарық көрген бас мақалада есірткі бизнесі мен нашақорлыққа бөлінген қыруар қаржының талан-таражға түскені туралы жазылыпты. Газетке берген сұқбатында республикалық бюджет қаржысын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев, өткен 2005 жылы республикалық бюджеттен есірткіге қарсы күреске 1 миллиард 270 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 513 миллион теңге бөлінгенін, сөйте тұра, жылдан жылға есірткіге тәуелді, нашақорлар санының артып отырғанын айтыпты. Ресми мәліметтер Қазақстанда есріткіге тәуелділер саны 50 мыңдай деп айтады, ал БҰҰ-ның даму қоры Қазақстандағы нашақорлар саны 250 мыңнан асып жығылады деген мәлімет таратып отыр. «Ал осы есірткіге қарсы күреске бөлінген қыруар қаржы қалай жұмсалғанына есеп комитеті тексеру жасап көрсе, құзырлы органдар 69,3 миллион теңгені мақсатсыз жұмсаған, 184,4 миллион теңге талан таражға салынған, 29,2 миллион теңге жымқырылған болып шықты» деп жазады «Айқын» басылымы.

Осы тақырыпқа назар аударған «Жас Қазақ» басылымы «Қаржы жеудің қазақстандық үлгісі» деген атпен газет мақаласын жариялапты. Мақалада Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін арнайы агенттік бар екендігіне қарамастан мемлекет қаржысына мемлекеттік мекемелердің қол салу оқиғасының азаймай тұрғандығы сөз болыпты. Бірқатар министрліктер мен мекемелерде 321,8 млн теңгенің қаржылық заң бұзушылықтарын анықтаған есеп комитеті ішкі істер министрлігі, әділет министрлігі мен кедендік бақылау комитеті бюджет қаржысын тиімді әрі мақсатты пайдалалану бағытында тиісті жұмыс жүргізе алмай отырғандығын қатаң сынға алды деп жазады «Жас Қазақ» апталығы.

«Жас Алаш» басылымында «Кешегі күннің күркірі» айдарымен «Демократиялық елде «белгісіз біреулер» болмайды» деген мақала жарияланыпты. Газет тілшісі Руслан Ерболұлы «белгісіз біреулер Жармақан Тұяқбайдың өміріне қауіп төндіріп, Өскеменде қастандық ұйымдастырды, белгісіз біреулер республиканың барлық жерінде оппозиция белсенділеріне қоқан лоққы жасап, соққыға жықты, белгісіз біреулер Заманбек Нұрқәділовты өз үйінде көпе көрнеу атып өлтірді, төгілген қан аз болғанындай, мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы екі серігімен бірге белгісіз біреулердің тапсырмасымен оққа ұшты. Шынайы демократиялық елде «белгісіз біреулер» деген ұғым болмайды да, қан төгілмейді. Алтынбектің қандай жағдайда қаза тапқаны қалай болғанда түбінде бір ашылатыны сөзсіз» деп өз мақаласын түйіндепті газет тілшісі.

«Караван» апталығында «Асар» партиясының төрайымы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның «Дежа Вю» деген мақаласы жарық көріпті. Ол өз мақаласында елде орын алған соңғы оқиғалар, яғни З.Нұрқәділовтың өлімі және екі көмекшісімен бірге қастандық құрбаны болған саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты елдегі жағдайды қалыпты деп айтуға ауыз бармайтындығын айтыпты. Д.Назарбаеваның айтуынша, А.Сәрсенбайұлының өлімі туралы естіген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал Нартай Дүтбаев бірден президентке бұл өлімінің қайдан келгендігі туралы өз болжамын білдірген екен. Ол бұл қылмыстың артында президент отбасы мүшелерінің біреуі - не Рахат Әлиевтің, не Тимур Құлыбаевтың не Қайрат Сатыпалдының тұрғанын жеткізген. «Бұл өтірік, шындыққа еш жатпайтын хабарды өздерін тәуелсіз деп санайтын интернет-парақшаларының белгісіз талдаушылары да таратып жатты, сол арқылы олар мемлекет басшысының отбасына қарсы ақпарат соғысын жариялады, ал генерал Дүтбаев президентке мүлдем қисынсыз жалған ақпарат бере отырып, өзі басқаратын мекемеде қандай жағдай болып жатқанынан бейғам отырыпты» дейді Д.Назарбаева. Осы жағдайға байланысты Д.Назарбаева қазіргі сенат спикерінің отставкаға кетуін жөн деп санайтындығын ашық түрде айтыпты. «Ол қайткен күнде кетуі керек одан басқа жолы жоқ» депті Д.Назарбаева өз мақаласында.

Тәуелсіз «Алтын Орда» апталығы Оңтүстік Қазақстанның Өзбекстанмен шекараласатын аймағында өзбек шекарашылары тарапынан қазақстандық бейбіт тұрғындарға қарай оқ атылған оқиғасына қатысты сараптама мақала жариялапты. «Осы уақытқа дейін өзбектер жағынан Қазақстанға қарай 26 рет оқ атылды, қанша адам жараланып, қаншасы шәйіт болды, осы күнге дейін ала шапанды ағайында тәубасына түсіретін бірде бір шара қолданбаған Қазақ үкіметі өзбектерден 30-шы оқтың атылуын күтіп отырған сыңайлы» деп ой қорытыпты газет тілшісі Бейсенбей Тәжібаев.
XS
SM
MD
LG