Accessibility links

Қарағанды облысында поездың астына түсіп мерт болған өзбекстандық еңбек мигранттарының қазасы тексеріліп жатыр

  • Гүлмира ХАМЗА

Наурыздың 8-күні Қарағанды облысындағы Осакаровка ауданында Өзбекстанның екі азаматы поездың астына түсіп, қайтыс болғаны анықталды. Қазіргі кезде мамандардың айтуынша, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заң орындарының алдын ала берген ақпаратына қарағанда, Ресейге жұмыс іздеуге бара жатқан Өзбекстанның екі азаматы ақшасыз қалғанына назаланып өздеріне қол жұмсаған.

Жұма күні Қарағанды облысының полиция сақшылары Қазақстан арқылы Ресейге кетіп бара жатқан Өзбекстанның екі азаматы поезд астына түсіп, қайтыс болғаны туралы хабар таратты.

«Ресейге бару үшін автобуспен келе жатқан Өзбекстанның екі азаматы жол ақысын төлеуге ақшалары жетпей қалғандықтан оларды автобустан түсіріп тастаған. Соған назалаған әлгі екеуі наурыздың 8-күні темір жолда поездың астына түсіп қайтыс болған», - деді Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің өз фамилиясын атағысы келмеген Гүлнұр есімді баспасөз қызметкері.

Қайтыс болған азаматтардың аты-жөні айтылмайды, тек олардың бірі 1977 жылы, ал екіншісі 1979 жылы туған азаматтар екені жарияланып отыр. Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жыл сайын Қазақстанға қанша босқын келіп, қанша еңбек мигранты жұмыс істеп, ақша табатыны туралы нақты деректер жоқ. Бірақ мамандар Қазақстандағы көші-қон заңдарында бар кемшіліктер еңбек мигрантының құқығын шектейтінін айтады. Мәселен, қазақстандық адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтистың айтуынша, көп жағдайда Қазақстанда жақын шетелдерден келген азаматтардың құқығының тапталуы жиі кездеседі.

«Себебі, олар Қазақстанға ақша табу үшін заңсыз келгендіктен оларды қорғап отырған ешкім жоқ. Кей жағдайларда оларды топтап ұстап, елдеріне қайтарып жібереді, бірақ, уақыт өткеннен кейін олар, бала-шағасын асыру үшін, Қазақстанға қайтып келеді, полиция сақшылары оларды қайтадан ұстайды. Сайып келгенде, кей жағдайларда бұл полиция сақшыларына ыңғайлы әрі пайдалы бизнеске де айналып отыр. Бар мәселені халықаралық деңгейде, мемлекет деңгейінде шешіп, мәселені реттеу керек», - дейді Евгений Жовтис.

Босқындар мәселесі әлем деңгейіндегі күрделі проблемалардың бірі. Мәселен, 2005 жылы босқын күнін Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссариаты ерлікке арнаған.

«Себебі, босқындар өздерін 5 минуттан кейін не күтіп тұрғанын білмейді, олар өз ерліктерінің арқасында өмір сүріп жүреді», - дейді БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссариатының Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Сезар Дюбон.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы босқындар мен еңбек мигранттарының жағдайын жақсарта түсу үшін республиканың көші-қон заңдарын жақсартатын өзгертулер енгізіп, босқындар туралы заң қабылдау керек. Бүгінгі таңда бұл іспен Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандары мен Қазақстан үкіметінің мүшелері шұғылданып жатыр, бірақ бұл мақсатқа халықаралық ұйымдар мен қазақстандық шенеуніктер қашан қол жеткізетіні белгісіз.
XS
SM
MD
LG