Accessibility links

2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу Алматы қаласына сын болмақ

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

2011 жылғы қысқы Азия ойындары Алматы қаласында өтетіндігі жөніндегі уағдаластыққа қала басшылығы алдыңғы аптада Кувейтте өткен келіссөзде қол жеткізген болатын. Дегенменде бұл бастама құптарлық болғанымен де қысқы спорт түрлері дамымаған ел үшін өзіндік көптеген қиындықтары да кездеседі дейді бірқатар мамандар.

Алматы қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Альберт Сайфуллин бұрнағы ұсыныс-бастама негізінде болып келген 2011 жылғы қысқы Азия ойындары Алматы қаласында өтетіндігі жөніндегі мәселе енді халықаралық деңгейдегі құжаттармен бекітіліп, нақты іс жүзіне асатындығы белгілі болғандығын айтады. Оның мәліметтерінше, Алматыда Азия ойындарын өткізу аясында 20 мың адамға арналған мұз айдыны сарайын, 400 метрлік жолы бар мұз стадионын, шаңғы және биатлон стадиондарын, жаңа тау шаңғысы базасын, 20 мың көрерменге арналған мінбері бар тұғырларын, шана-бобслей жолдарын салу қала басшылығының жоспарында бар.

Ал Алматыдағы 2011 жылғы қысқы Азия ойындары спорттың 14 түрі бойынша өтпек. Көптеген қажырлы еңбекпен мол қаражатты қажет ететін бұл шараның дайындық жұмыстарына бүгіннен кірісу керектігін Қазақстан президенті Н.Назарбаев қала басшылығына тапсырды дейді Альберт Сайфуллин.

Алайда қазақстандық белгілі спорт журналисі, жазушы Несіп Жүнісбаев халықаралық деңгейдегі мұндай бәсекені өткізуге Алматы қаласының мүмкіндігі халықаралық талаптарға сай келмейтіндігін айтады. Және де ол ең алдымен қандайда халықаралық олимпиаданы өткізуден бұрын мемлекеттік тұрғыдан спортқа жеткілікті көңіл бөлінуі қажет дейді.

«Бұл ретте барлық талаптарды орындауға күш салып отырған Алматы қаласының аталған шараны өткізуге мүмкіндігі жеткілікті», - дейді Алматы қалалық әкімшілігінің осы мәселеге жауапты қызметкерлерінің бірі Нұрлан Асқаров.

Дегенменде спорт саласы сарапшыларының бірі Арсен Саттаров бұл қадам Алматы қаласы үшін халықаралық бәсекеде тәжірибе жинақтау үшін үлкен жауапкершілік болмақ дейді. Бірақта республикалық «Спорт КS» газетінің бас редакторы Ғалым Сүлеймен Қазақстанда қысқы спорт түрлерін дамытуға бұл шараның ықпалы болмақ дейді. Және де ол Алматыда өтетін 2011 жылғы қысқы Азия ойындары үміт білдіріп отырған ақ олимпиаданың бастамасы болса дейді.
XS
SM
MD
LG