Accessibility links

«Forbes» журналының мәліметі бойынша қазіргі таңда Қазақстанда тек екі миллиардер бар екен. «Forbes» өзінің өткен жылғы Қазақстан миллиардерлері тізіміне енгізген А.Машкевич пен И.Шодиевті бұл жолы басқа елдердің байларына жатқызды. Кейбір сарапшылар бұл адамдар азаматтығын ауыстырғансоң басқа елдерге жатқызылды дейді. Олар неліктен мұндай қадамға барды?

Батыс сарапшыларының айтуынша, бай адамдар бұл жолы шикізат бағасының қымбаттауы арқылы және әлемдегі барлық қор нарықтарындағы белсенділікті арқасында одан сайын байи түскен. «Forbes» тізімінің қатарында бұл жолыда Қазақстан өкілдері жазылыпты. Оның сыртында, Қазақстанда компаниясы бар үнді миллиардері Лакшми Миттал әлемдегі ең бай адамдар тізімінің алғашқы бестігіне орналасты. Сондай-ақ Ресейдің «ЛУКОЙЛ» компаниясының өкілі миллиардер Вагит Алекперовта осы тізімде. Айта кететін жайт, бұл адамның да Қазақстанда бизнесі бар екендігі белгілі. Әйтседе, «Forbes» мәліметі бойынша Қазақстанда тек екі миллиардер бар. «Forbes» бұл жолы Қазақстан миллиардерлері Машкевичпен Шодиевті басқа елдердің байларына жатқызды. Саясаткер Жұмабай Доспановтың айтуынша мұның себебі біреу:

- Кешегі президент сайлуынан кейінгі, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне байланысты елдегі саяси дағдарыстың басталуы оларды қауіптендіріп, олар қазірден бастап Қазақстаннан бойларын аулақ салуға тырысып жатқан тәрізді. Сол Қазақстанда үлкен ұлы өзгеріс жақындап келе жатқан сияқты. Анау кемеде апатқа ұшарардың алдында алдымен тышқандар көтеріледі дейді.

Саясаткер Петр Своиктің айтуынша Қазақстан миллиардерлерінің артында тұрған тұлғалар бар, ал, «Forbes» тізіміндегі адамдар тек сенімді басқарушылар. Петр Своиктің пікірінше, президент сайлауынан кейін және саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуінен кейін, биліктің мұраға өту мәселесі өрши түсті. Сондықтан сенімді басқарушылар белсенділігін арттыра түскен, дейді ол.

Өткен жылы Қазақстан тұңғыш рет өз миллиардерлерінің атын білді. Ол кезде тізімде бірден үш адамның аты жазылған. Еуразиялық топ өкілдері Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов. Олардың барлығы 1 миллард доллардың иесі деп танылды. Ал, биылғы жылғы тізімде Қазақстанда тек екі миллиардер жазылды. Біріншісі «Қазақмыс» компаниясының иесі Владимир Ким, оның қаржысы 2,8 миллард доллар деп бағаланды. Мыс құнының қымбаттауы арқасында бұл адамның табысы бір жыл ішінде 1 миллард долларға жуық қаржыға ұлғайып сала берді деп хабарланады.

Өткен жылы ол компанияның құнды қағаздарын Лондон биржасына салған болатын. Келесі қазақстандық Алиджан Ибрагимов деп жазылады. Олда өз қаржысын екі есеге ұлғайтып 2 миллиард долларға жеткізді. Ал, Машкевичпен Шодиев Қазақстан байлары арасында жоқ болып шықты. Бұл жолы олар табыстарын екі есеге ұлғайтқанымен Қазақстанға емес Израильмен Бельгияға қосылды. Кейбір сарапшылардың айтуынша бұл байлар азаматтығын ауыстырған соң басқа елдерге жатқызылған. Олар неліктен мұндай қадамға барды? Саясаткер Дос Көшімнің айтуынша мұның себебі бар:

- Бұл Қазақстандада дәл Ресейде сияқты олигархтарға белгілі бір қысым көрсетіле ме не болмаса тексерілу бола ма деген қорқыныш сияқты. Бұл тек қана 1-2 дерек сияқты. Ал, бұдан басқа көптеген адамдар өз байлықтарын түрлі адамдардың атына не болмаса басқа заңды тұлғалардың атына өзгертіп тағыда көзге көрінбей отырғандар жеткілікті.

Алайда, олардың табыс көзі саналатын компаниялары Қазақстанда орналасқан. Жалпы, Қазақстанда тұратын 4 миллиардердің ортақ табысы 8,8 миллиард долларға жетті деп хабарланады. Айта кететін жайт, бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, соңғы саудада Еуразиялық топ өкілдері иелік ететін компаниялар құнды қағаздарының құны Лондон биржасында бірнеше есеге өсті. Бұл үштік неліктен құнды қағаздарын дереу сата бастады? Саясаткер Петр Своиктің айтуынша бай адамдар түсініксіз жолмен тапқан өздерінің құнды қағаздарын сатуы мүмкін, мақсат заңды халықаралық биржаларда құнды қағаздарды сатып ақшаны сәл болсада заңдастырып Қазақстаннан тыс басқа бизнеске салу, дейді ол.

Жалпы бұл үш адам бұрыннан таныс. Шодиев Өзбекстанда өсіп Қырғызстанның сыртқы сауда министрлігінде жұмыс істеген. Бірнеше жыл Жапонияда тұрған. Ал, Машкевич Қырғызстандағы университеттердің бірінде ең жас декан болған. Ибрагимов болса бірнеше өндірістік компанияларды басқарған. Бертін келе осы үшеуі Мәскеуге келіп шикізат саудасын қолға алған деп хабарланады.

Ал, қазір бұл адамдар Ұлы Британия және Швейцарияда тұрады. Қазақстан экономистерінің есебіне қарағанда Еуразиялық топ өкілдері осыдан бірнеше жыл бұрын 300 миллион доллар инвестиция салып Қазақстандағы 4 компанияның иесі болды. Бірақ соңғы оқиғалардан кейін көптеген өзгеріс болуы мүмкін дейді саясаткер Дос Көшім:

- Саяси жағдайлар, әсіресе Нұрқаділовтің, Сәрсенбайұлының өліміне байланысты. Бұлар биліктің қысымынан қорқып отырған жоқ. Қазақстанның болашағының тұрақсыздығынан, саяси тұрақсыздығынан қорқып отыр. Иіс сезген сияқты, жануарлар жер сілкінісі алдында иіс сезеді дейдіғой. Егер олар әліде болса осыншама түсіп жатқан байлықты көбейткісі келсе олар қайта Қазақстан азаматтығын бірінші орынға қояр еді.

Осылайша тәуелсіз сарапшылар қазақстандық миллиардерлерді ел билігімен тығыз байланыста деп отыр. Ал, Еуразиялық топ өкілдері бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарын берген сирек сұқбаттарының бірінде билікпен еш баланысымыз жоқ, президент Назарбаевпен байланысу қиын деген болатын.
XS
SM
MD
LG