Accessibility links

Қазақстан Орта Азия елдері үшін адам саудасының орталығына айналып барады


Жыл сайын адам саудасының құрбанына айналатын адамдар санын нақты білу мүмкін емес. Халықаралық Миграция ұйымының есептеріне қарағанда, жылына 4 млн адам осы адам саудасының құрбанына айналады екен. Бұл көлеңкелі бизнеске шамамен 8-10 млрд доллар табыс әкеледі. Аталмыш ұйымның мамандары соңғы жылдары Орта Азиялық азаматтардың да адам саудасы құрбанына барған сайын көп айналып отырғанын хабарлауда. Және бұл тұрғыда Қазақстан Орта Азия елдері үшін адам саудасының орталығына айналып барады.

Халықаралық Миграция ұйымының Қазақстандық өкілдігі адам саудасына қарсы күрес жобасын жүзеге асыруда. Ұйымның интернет парақшасында адам саудасының құрбанына айналмаудың амалдары да көрсетілген.

Алайда, сол адам саудасының құрбанына айналып отырған адамдардың басым көпшілігі интернетті оқымайды. Солардың бірі Диана есімді Өзбекстандық әйел Қазақстанда жұмыс ұсынған хабарландыруды көргенде өзінің адам саудасы құрбанына айналатынын білмеген.

"Пәленбай деген фирма, Қазақстанға барсаң косметика бұйымдарын сату бойынша менеджер боласың делінген. Мен жалақы жөнінде сұрадым, маған 100-150 доллардан 200 долларға дейін аласың делінді. Ол деген Өзбекстан үшін үлкен ақша ғой. Сөйтіп, мен және Катя есімді тағы бір қыз екеуіміз бұған келістік", - дейді Диана.

Диананың бұдан кейін бастан кешкендері адам саудасының құрбанына айналған кез-келген адамның тағдырына ұқсас боп шықты. Қазақстанға келе салысымен делдал болған әйел олардың құжаттарын тартып алып, екі қызды жыныстық қызмет көрсетуге салған.

"Oл дереу біздің құжаттарымызды жинап алды. Содан бітті. Бірде мені шлангпен соқты. Ақшамызды тартып алатын болды. Такси жүргізушілері оның адамдары еді. Оларға телефон соғатын, олар бізді апаратын, біз жұмыс істейтінбіз. Таксисттер бізді күтіп тұратын. Біз бітіп, ақшамызды алған кезде оған телефон шалатынбыз, кері барғанымызда ақшаны соған беруге мәжбүр болдық. Солай болды. Ол бізге тек қажет заттарымызды алып беретін, ақша бермейтін", - дейді Диана тағы.

Диана адам саудасының құрбанына айналған көп жанның бірі ғана.

Халықаралық Миграция ұйымының Қазақстандық өкілдігінде адам саудасына қарсы күрес жобасының үйлестірушісі боп қызмет атқаратын Карима Жанболатова Қазақстан Орта Азия елдері үшін адам саудасының орталығына айналғалы қашан дейді.

"Қазақстанға адам саудасының құрбандары, тек әйел адамдар ғана емес еркектер де, әкеліне бастағалы көп болды. Оларды Қазақстанға жыныстық қызмет көрсетуде қанау және құлдыққа салу үшін әкеледі. Өйткені біздің ел экономикалық даму жағынан көрші елдермен салыстырғанда көш ілгері келеді. Өкінішке қарай, мұның осындай да теріс нәтижелері болады", - деді «Азаттық» берген сұхбатында Халықаралық Миграция ұйымының үйлестірушісі Карима Жанболатова.

Жалпы алғанда, Орта Азиядағы ресми қызметкерлер адам саудасы мәселесін, оның ішінде, әсіресе, әйел адамдардың жыныстық қызмет көрсету тұрғысында қаналуы жөнінде ашық сөз қозғауға асығар емес. Алайда, дәл Қазақстанға келгенде, бақылаушылардың айтуынша, ресми орындар соңғы кезде бұл мәселеге ерекше назар аудара бастаған. Және мұның бір себебі адам саудасымен қатар бас көтеретін кей проблемаларда жатыр. СПИД мәселесі солардың бірі боп табылады.

AҚШ Мемлекеттік Департаменті наурыздың 8-інде жариялаған әлемдегі адам құқықтары бойынша жыл сайынғы есепті баяндамасында 2005 жылы Орта Азия елдері адам саудасына күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе бастағанын атап көрсеткен. Алайда, бұл проблема Орта Азия аймағы үшін әлі де күрделі боп қала бермек деп те ескертілген.
XS
SM
MD
LG