Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.14.2006 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда «Форбс» журналында жарық көрген миллиардерлер турасында және де саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына қатысты бірқатар мақалалар жарияланыпты.

Жақындағы «Форбс» журналының әлемдегі бай адамдардың өткен бір жылдың ішінде тапқан табысын, барлық қаржысының жалпы мөлшерін және миллиардерлер арасындағы алатын орнын жария еткеніне орай «Егемен Қазақстан» газеті өзінің 14 наурыз күнгі санында сараптамалық мақала жариялапты. Басылым тілшісі Әлисұлтан Құланбай «Қазақ, қашан миллиардер боласың?» деген сауал тастай отырып, жыл сайын дүниежүзіндегі ең бай адамдардың есімін атайтын «Форбс» журналының тізімінде қазақтардың аты-жөнінің аталмауына өкініш білдіреді. Мақала авторы өткен жылы «Форбс» журналы миллиардерлердің тізіміне үш қазақстандықты – Машкевич, Ибрагимов және Шодиевті қосқандықтарын айта келіп, биыл бұл тізімге тағы бір қазақстандық – «Қазақмыс» корпарациясының басшысы Кимнің кіріп отырғандығын жазады. «Олардың әрқайсысының байлығы 1,5-2 миллиард доллардан асады. Ал осы әлемдегі аса ауқатты адамдар санатына кіретін 793 миллиардердің арасында әртүрлі ұлттың өкілдері бар. Өкінішке орай, олардың ішінде бірде-бір қазақ жоқ. Қазақстанда тұратын, ең бай адамдар тізіміне енген жоғарыда аталған төрт азамат та өзге ұлттың өкілдері... Қазақ қашан миллиардер боласың!?» деген сұраулы ойлармен түйіндепті мақала авторы осы жайындағы өз пікірлерін.

Енді осы тақырыпты сейсенбі күнгі санында «Жас алаш» газеті басқа қырынан қаузапты. Аталған басылым тілшісі Мұхтар Жанұзақұлы бұл мәселеге орай жазған мақаласының тақырыбын «Миллиардтар көбейді, миллиардерлер азайды. Шодиев пен Машкевич 4 миллиардты шетелге тасып әкетіпті» деп қойыпты. Мақала авторының ойынша, былтыр күзде Лондон қор биржасына «Қазақмыстың» акцияларын салғанда Кимнің кім екенін әлем танығаннан кейін-ақ, енді ол бірден байлығы жөнінен әлемдегі 258-інші адам атанды. Бұл фантастикалық жетістіктің артында шетелге шикізат күйінде сатылып жатқан қазақ мысы тұрғаны ақиқат дейді автор. Одан әрі Мұхтар Жанұзақұлы Қазақстандағы ірі партияның, өнеркәсіптік топтың, қаптаған газет-журналдың қожайыны саналатын Машкевич бұл тізімде «Израйльдың азаматы» деп тұрғандығын жазады. Оның серігі Патох Шодиев болса, Бельгияның азаматына айналып шыға келген. Дегенмен, олардың тұрғылықты жері ретінде Қазақстан аталған. Сонда олар Қазақстанда байып алған соң, шетелге кетіп қалған болып шықпай ма? – деген сауал тастайды мақала авторы. Және де автор өз мақаласын «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деген Ата заңдағы 10-ыншы баптың ережесі өкіметті жағалаған миллиардерлерге жүрмейтін болғаны ма, сонда!?» деп түйіндейді. Сондай-ақ осы санында «Жас алаш» газеті «Үштағанның үш бұты үш жаққа қарап тұр немесе Дариғаға ел неге сенбейді?» деген тақырыпта қазақстандық оппозиция серкелерінің бірі болған, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасы турасында мақала жариялапты. Онда мақала авторы Жұлдыз Әбділдә «Караван» газетінің өткен санында жарық көрген Дариға Назарбаеваның материалына жауап ретінде «...бұл жолғы мақаланың мақсаты қалайда қарсы беттегілерді бір түйреп қалу сияқты. Биліктің өз ішінде жүріп қарсылас болып жүргендерді де қамшылай кетуді көздегендей. Дариғаның осының барлығын шын көңілмен айтып отырғанына сенгің келмейді» деген пікір білдірген.

Ал саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейінгі елдегі саяси жағдайларға сараптама жүргізген «Алтын орда» апталығы өзінің соңғы санында «Сұр кардинал – Нұртай Әбіқаев туралы әфсана аяқталған сияқты» деген мақала жариялапты. Аталған мақала авторы Нұргүл Қалиева «Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі екі күштің үнсіз басталып келе жатқан соғысының алғашқы нышаны. Н.Назарбаевтың күйеу балалары бір-біріне тісін қайрап отыр. Енді отбасылық тандем Нұртай Әбіқаевтың отставкаға кетуін күтеді» деген түйін жасайды.
XS
SM
MD
LG