Accessibility links

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысы шеру өткізуге биліктен рұқсат алды


18-наурыз күні Алматы қаласындағы “Сары-Арқа” кинотеатрының артындағы алаңқайда “Әділетті Қазақстан үшін” республикалық қозғалысы, белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің озбырлықпен өлтірілгендігіне қырық күн толуына орай “Құқық қорғау және арнайы қызмет орындарының озбырлығына қарсы, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін” атты рұқсат етілген шеру өткізбекші.

“Әділетті Қазақстан үшін” республикалық қозғалысы 18 наурыз күні Алматы қаласындағы “Сары-Арқа” кинотеатрының артындағы алаңқайда өткізілетін рұқсат етілген шеруге бес мыңнан астам адам жиналады деп жоспарлап отыр. Оны ұйымдастырушылар бастапқы кезде бұл шеруді Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында өткізуді жоспарлапты. “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының Алматы қалалық бөлімшесінің қызметкері Әмірбек Тоғысов сәрсенбі күні “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында бұл шараны өткізуге әкімшілік тарапынан рұқсат болмағандығын айтты. Оның айтуынша, кезінде түрлі саяси шаралар өткізуге байланысты қалалық мәслихат тарапынан қабылданған шешім азаматтардың құқығына шектеу салып отыр. Сондай-ақ ол қалалық әкімшілік тарапынан билікке жақын партияларға түрлі шаралар өткізуіне тосқауылдардың қойылмайтындығын да сөз қылды.

Сенбі күні “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысына Сары-Арқа кинотеатрының артындағы алаңқайда шеру өткізуге рұқсат берілгендігін 15 наурызда “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде Алматы қалалық әкімшілігінің қызметкері Думан Ысқақов та растады. Оның айтуынша, бұл шерудің «Сары-Арқа» кинотеатрының артындағы алаңқайда өтуіне рұқсат берілуінің себебі бұл туралы Алматы қалалық мәслихаттың 17 сессиясының №167 шешімі бар. Бұл шешім негізінде барлық партиялардың саяси іс-шараларын “Сары-Арқа” кинотеатрының артында ғана өткізуіне рұқсат етілген.

“Әділетті Қазақстан үшін” республикалық қозғалысы 26 ақпан күні Алматы қалалық әкімшілігінің рұқсат етпегеніне қарамастан, Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында, озбырлықпен өлтірілген белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісіне байланысты еске алу шарасын өткізген еді. Ресми орындар рұқсат бермеген шараны ұйымдастырғаны үшін он күн қамауда болған “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының саяси кеңесінің мүшесі Әміржан Қосанов сәрсенбі күні “Азаттық” радиосына не үшін бұл жолы билік орындарымен келісімге келгендерінің өз себебі бар екендігін айтты.

“26 ақпанда алғаш Ғылым Акадамиясының алдында біз еске алу күнін өткіземіз деп өзіміздің табандылығымызды көрсеткен болатынбыз. Ал, қазір біз ресми түрде митингі деп, заңмен реттелетін іс-шараға ұсыныс айттық”, - деді ол.

“Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сарым 15 наурызда “Азаттық” радиосына сенбі күні өтетін шеруде оппозиция тарапынан маңызды саяси мәлімдемелер жасалу көзделіп отырғандығын хабарлады.

18 наурыз күні қалалық әкімшілік рұқсат берген шеруге оппозиция басшыларының бірі Болат Әбілов қатыса алмайды екен. Себебі, ол озбырлықпен өлтірілген өзінің серіктесі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін еске алу күніне орай 26 ақпан күні ресми орындар рұқсат етпеген шараны ұйымдастырушылардың бірі ретінде соттың шешімімен әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отыр.
XS
SM
MD
LG