Accessibility links

Қазақстанда әрбір мың жүкті әйелдің 40-ы қайтыс болады


Қазіргі таңда Қазақстанда, ресми есеп бойынша, әрбір мың жүкті әйелдің 40-ы қаза болады. Республикада бала өлімінің көрсеткіштері де барлық ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегіден әлдеқайда артық. Қазақстанда әрбір мың баланың 15-і алғашқы 10 күнде шетінейді екен. Бұл туралы наурыздың 15 күні Астанада денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында хабарланды. Алайда, олардың айтуынша бұл көрсеткіштерді әдейі азайту фактілері бар, яғни шынайы сандар артық көрінеді.

Өткен жылдың басында Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Қалдыгүл Есіркепова перзентінен айырылып қалды. Оның өзіне дәрігерлер «гестоз», кейін «экстрагенитальды патология» деген диагноз қойған екен. Бірақ, дүниеге келген қыз бала «дамуының біте тежелуінен» және «тыныс алу органдарының ауруынан» қаза болды деп хабарланған. Қалдыгүл Есіркепованың айтуынша оның ауырғаны рас. Бірақ, дәрігерлердің көзқарасы түзу болған жоқ деп санайды әйелдің өзі.

- Меніңше күніне бәлен бала босанатыннан кейін бір ғана Астананы алатын болсақ, әйелдер қазір босанып жатқан өте көп. Сондықтан дәрігерлерден бір немқұрайлық пайда болатын сияқты. Оларға әйелді босандыру тіпті оңай көрінетін секілді, - дейді Қалдыгүл.

Демографтардың айтуынша, соңғы кезде перзентханаларда орын тапшы екен. Құрсақ көтерген аналардың ішінде жасы 40-қа таяғандары көбейген. Мамандар, репродуктивті уақыт 18 жастан асқан кезде қолайлы келетінін, ал 40-қа таяп қалған әйелдердің босануы қиын және аурулары көп болатынын айтады. Ал, Қалдыгүл Есіркепова Қазақстанда кез-келген аурудың алдын алу шаралары дұрыс жолға қойылмаған деп отыр:

- Өйткені, қазір айтады ғой - ең бастысы аурудың алдын алу керек деп. Негізі, әйелдер 12 аптаға дейін дәрігердің тіркелуіне алыну керек дейді. Бірақ, көбіне бұл талап сақтала бермейді. Жүктіліктің орта кезінде барып тіркеуге алынады. Ал, ол кезде, дәрігерлердің айтуы бойынша, аурудың алдын алу кеш болады. Сондықтан, кейін ол ауру баланың денсаулығына әсер етіп, өлімге әкелуі мүмкін.

Ана мен бала өлімінің ең жоғары көрсеткіштері Қызылордада тіркеліпті. Оңтүстік Қазақстан облысында қаза болған жүкті әйел саны басқалардың бәрінен көп. Олардың жартысына жуығы – жасы 34-ке дейінгі жас әйелдер. Ал, бір жасқа дейінгі шетінеген балалар саны бойынша Жамбыл облысы алда келеді. Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың айтуынша Қазақстанда ана өлімінің көрсеткіштері соңғы бес жылда Еуропа өңіріндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр. Өткен жылы ана өлімі 8 пайызға өскен, деді министр.

Республикалық медициналық қызмет сапасын қадағалау комитетінің төрағасы Уәлихан Ахметов айтып өткендей, өңірлерде дәрігерлердің тапшылығы әйелмен балаға шұғыл көмек көрсетуге әсер еткен. Арнайы тексеру көрсеткендей, көп жағдайда бала өлімінің негізгі себептері жаңа туған нәрестенің ауруы болып шыққан. Кей жағдайларда медициналық көмек көрсетуден бас тарту фактілері болған. Дәрігерлердің қате диагноз қоюы да өлім себептеріне жатқызылды.

Ал, анамен балалардың өлу фактілері жасырынып келеді, дейді тексеру жүргізген мамандар. Бірден 4 облыста өлім көрсеткіштері кемітілген, яғни, нақты сандар артық деп хабарланады. Республикалық емдеу алдын алу департаментінің директоры Бауыржан Байсеркиннің айтуынша кейбір дәрігерлер жауапқа тартылды:

- Дәрігерлерден болып жатқан жағдайларды көтеріп отырмыз. Соған байланысты денсаулық саласының қызметкерлері, үлкен мекеме басшылары қызметтен алынып отыр.

Жалпы, өлім себептері бірнешеу, оның ішінде ата-аналарға балаға ерте жастан көмек көрсету туралы ақпарат берілмеуі, әлеуметтік факторлар, экология проблемалары бар. Мамандығы дәрігер парламент сенатының депутаты Бексұлтан Тұтқышевтың айтуынша анна мен бала өліміне тек дәрігерлер кінәлі емес:

- Мысалы, Қызылорда облысында әйелдердің сауы 10 пайыз, 90 пайызында аурулары болып шыққан, қан аздығы, басқасы, экология, тамақ аздығы сияқты. Ал, денсаулығы дұрыс емес әйел ол біріншіден, дұрыс бала таба алмайды, екіншіден, өзі дұрыс босануды өткізе алмайды.

Жалпы, Қазақстандағы жүкті әйелдерді зерттеген мамандардың айтуынша қаралған әйелдердің 23 пайызынның денсаулықтарының ақаулары анықталды. Ал, медициналық қызмет сапасын қадағалау комитетінің төрағасы Уәлихан Ахметовтың айтуынша Маңғыстауда анна мен бала өлімі оралмандардың келуінен кейін ұлғайыпты. Түркменстан, Өзбекстан сияқты шекаралас елдерде мұндай әйелдерге көмек алу өте қиын. Ал, біздің оларға шектеу қоюға моральдық қақымыз жоқ, дейді ол.

Жоғарыда аталған кемшіліктерді жою үшін дамыған елдердің тәжірибесін енгізу қолға алынады деп хабарланады. Бұдан былай ана мен бала өлімдерінің фактілері арнайы есепке алынады. Ал, шынайы сандарды жасырған дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру ұсынылып отыр.
XS
SM
MD
LG