Accessibility links

Баспасөз шолуы. 03.15.2006 жыл


Наурыздың 15 күні жарық көрген қазақстандық басылымдар республикадағы экология мәселесіне назар аударыпты. Мәселен, қазақстандық газеттердің бірі Алматы апорты мәселесін көтерсе, “Айқын” басылымы Каспийда аққулардың қырылып жатқаны жайында жазған.

“Егемен Қазақстан” газеті сәрсенбі күнгі санында “Қоршаған ортаны қалай қорғап жүрміз?” деген сұраққа жауап іздеп, Қызылорда облыстық орман және аң шаруашылығы аумақтық басқармасының жетекшісі Шахизат Төребаевтан сұхбат алған. Қызылордалық маманның айтуынша, 2005 жылы облыс аумағындағы табиғатты пайдаланушылар мен мұнай компанияларының қоршаған ортаға әсері турасында жүргізілген тексеру барысында табиғат заңдылығын бұзудың 100 түрлі дерегі анықталған, тиісті хаттамалар толтырылған. Табиғатқа келтірілген зиян мөлшері 5 миллион теңгеден асқан, оның 90 пайызы бюджетке түсірілген. “Егемен Қазақстан” газеті қоршаған ортаны қорғау мақсатында мемлекеттік шенеуніктердің не істеп жатқаны туралы жазсса, “Айқын” басылымы Каспийда жүзіп жүрген аққулар не себептен қырылып жатқаны туралы айтқан. Адамдардың қолынан жем жеп, жақын жүретін Ақтау қаласының маңайындағы аққуларға, бұрын сүйсіне тамашалайтын тұрғындар қазір алыстан тіксініп, тітіркене қарайтын болды. Оның себебі бар. Каспий теңізінің Маңғыстау түбегі тұсындағы жағалаулардан соңғы үш-төрт аптада отызға тарта құстың өлекселері табылды деп жазады “Айқын” басылымы. Құстардың неден қырылып жатқанын білу үшін лабораториялық тексеруден өткізген мемлекеттік ветеринарлық қызметтің Маңғыстау облыстық басқармасы «өлген құстар «құс тұмауымен» ауырмаған» деп тұжырым жасады.

Алайда айтарын айтып қалып, өз күштеріне сеніңкіремей, күмән келтірген бұл мекеме, "мүмкін, құс тұмауы болса болар, әйтпесе аққулар неге қырылып жатыр?" деген заңды сұраққа жауап іздеп, көмек сұрап Алматыға хабарласады. Қазір ауырған 47 құс Алматыға жеткізіліп, ветеринарлық лабораторияда жан-жақты тексеруден өтіп жатыр.

Лабораториялық сараптама әлі ешқандай нәтиже берген жоқ. Каспийдің арғы жағалауынан ұшып келген құстар Маңғыстау түбегіндегі аққуларға құс тұмауын жұқтырды деген күдіктің орны бар. Өйткені, өлген аққулар теңіз жағалауларынан тыс жерлерден де табылып жатыр. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің табиғатты пайдалануды реттеу және сараптау департаментінің бастығы Бекболат Елеуішовтің айтуынша, Каспий теңізі жағалауларында ғана емес, Ақтау қаласынан 35 шақырым жердегі Қаракөл сорының жағасынан да 4-5 аққудың өлексесі табылған. Олардың өлуіне экологияның ластануы себеп болмаған. Демек, қауіптенуге негіз жоқ емес. Осыдан бес-алты жыл бұрын Каспий теңізін мекендейтін итбалықтар экологияның бұзылуынан инфекциялық ауру жұқтырып, қырылып қалған болатын. Одан кейін де бірен-саран осындай оқиғалар болды. Бірақ ол кезде "құс тұмауы" сияқты ем қонбайтын қатерлі ауру жоқ еді деп жазады «Айқын” басылымы сәрсенбі күнгі санында.

““Алма қайда домалап бара жатырсың?” деген мақала “Аргументы и Факты Қазақстан” газетінде жарық көрген. Онда мақала авторы Қазақстанда мемлекет жетекшісінен бастап түрлі саяси партиялар мен қозғалыстар Алматыға Алматы апортын қайтару мәселесін көтерді, бірақ нақты іс жасалып жатқан жоқ деп жазған. Салмағы 700 граммға жететін, жұпар иісі бар Алматы апортын қайтару үшін мамандардың айтуынша, көптеген шараларды іске асырып, жасалған жұмыс нәтижелі болу үшін қомақты қаржы керек. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан қолдау болуы тиіс. Әзірге мамандардың айтуынша, мемлекет тарапынан мұндай қолдау жоқ, есесіне алма өсірілуі тиіс жерлерге зәулім үйлер салынып тастаған, деп жазылған “Аргументы и Факты Қазақстан” басылымы өзінің соңғы санында.

162 ағашты шауып тастағаны үшін Алматының экологиялық прокуратура қызметкерлері ағашты шапқан фирманы жауапқа тартып, фирмаға мұндай рұхсат берген мемлекеттік шенеунікті жұмыстан босататыны туралы сәрсенбі күні “Экспресс К” басылымы жазған. Алматының ағаштарын шапқан түркиялық фирма алғашында 249 ағашты шапқысы келген, себебі бұл ағаштар түркиялық фирма салып жатқан құрылысқа кедергі келтірген, соңынан ағаштарды шабу үшін әкімшіліктен арнайы құжаттарын толтырып, заңдастырған. Алайда экологиялық прокуратура мамандары заңдастырылған құжаттарда экологиялық сараптамадан берілген құжаттың жоқтығын анықтаған. Зерттеу нәтижесінде бұл былықтың артында тұрған шенеунік анықталып, енді прокуратура мамандары осы азаматты жұмыстан кетіруді көздеп отыр. Ал ағаш шапқан фирма жауапқа тартылған.
XS
SM
MD
LG