Accessibility links

Қазақстан оппозициясының 2 өкілі Алматы абақтысында 15 тәулік отырып шықты

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күні кешкісін Алматыдағы қалалық ішкі істер департаментінің жанындағы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын абақтыдан сот шешімімен белгіленген жазаны толық өтеген оппозиционерлер - Асылбек Қожахметов пен Төлен Тоқтасынов босатылды. Алматы әкімшілік соты оларды ақпанның 26-сында Алматыдағы Республика алаңында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиынға қатысқаны үшін «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды» деп айыптап, бұл екеуін 15 күн абақтыда қамауға алу жазасын тағайындаған болатын. Жалпы, сол жолғы жиынға қатысқаны үшін Алматы соты қазақстандық оппозиция мүшелерінің 7-еуін әртүрлі мерзімге абақтыға қамауға және бесеуіне әкімшілік жаза ретінде әртүрлі мөлшерде айыппұл салуға шешім шығарған болатын. Абақтыға жабылған оппозиция өкілдері қамауда жатып аштық жариялады. Қазіргі кезге олардың алтауы бостандыққа шықты, ал қамауда сот шешімімен 15 тәулікке сотталған Болат Әбілов қалды. Ол да түрмеде аштық акциясын жалғастыруда.

Алматыда сәрсенбі күні кешкісін қар аралас жауын жауып тұрса да, қалалық ішкі істер департаментінің жанындағы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын арнаулы абақтының қақпасы алдында адамдар әжептеуір көп жиналды. Олар сот шешімімен 15 тәулікке сотталған қазақстандық оппозиция белсенділері Асылбек Қожахметов пен Төлен Тоқтасыновтың бостандыққа шығуын күтіп тұрды. Көше бойындағы оншақты автомобиль арасында полицияның көліктері де бар. Көпшілікпен бірге полицейлердің өздері де жүр. Жиналғандардың арасынан Хайролла Адамов ақсақал «Азаттық» тілшісіне өзінің бұл жерге келуін былайша түсіндірді:

«Бүгін осы жерге келген барлығымыз толқып тұрмыз. Әрине, олардың (абақтыға қамалған оппозиция өкілдері) ешқандай жазығы жоқ. Олар ресми Астанананың тапсырмасымен қамалғандар. Бірақ, ондай жаза олардың сағын сындырмайды, бұл халықты ашуға бөлейді, сондықтан, біз серкелерді шетінен қойша қамағанына өте наразымыз! Біз наразылығымызды білдіре отырып, мына азаматтарымыздың қолын алып, шыққанын қарсы алып отырмыз. Бұл халықты біріктіре береді, ашу-ызасын оята береді. Қазақстан халқы, қазақ халқы оянатын кезі келді! Біз халықпыз ба, ұлтпыз ба?!»

Сәрсенбі күні кешкісін бостандыққа алдымен шыққан Асылбек Қожахметов «Біз күресті жалғастыра береміз, тек қана Алға!» деп ұрандап шықты. Сырт келбетінен Асылбек мырза абақтыда 15 күн аштықпен өткізгенге ұқсамайды - тың, дилы.

«Мен абақтыдан шығып келе жатқанда, менен түрме бастығы, қалай, Асылбек, түрме сені түзетті ме деп сұраған еді, мен оған жоқ деп жауап бердім. Ал, ол кісі маған: ендеше келесі кездескенше деп, шығарып салды», - деп әзілдейді А.Қожахметов.

Қожахметовтен соң, 2 сағаттан кейін, абақтыдан Төлен Тоқтасынов мырза босатылды. Ол кісі де тың көрінді.

«Аштықты ғылыми түрде өткіздік, тек қайнатылған жылы су іштік», - дейді ол. Алдағы күрес жоспары қандай болмақ деген «Азаттық» радиосының сұрағына:

«Оны ойланамыз. Мен ойлаймын, біз шешімін табамыз. Сол үшін шықтық қой. Түрмедегі шешім, мына бүгінгі режиммен күресу жолын бізге жақсылап тұрып ойлану керек, бүгінгі істеп жатқандарымыз аз-ақ сияқты. Бізге халықпен жұмыс істеу керек. Соны ойластыру керек бізге. Барлықтарыңызға рахмет!» - деп жауап берген Т.Тоқтасынов мырза да қошеметтеген көпшілікпен қоштасты.

Қазір Алматы қалалық ішкі істер департаментінің жанындағы әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын абақтыда «26 ақпанда рұқсат етілмеген митинг өткізгені үшін» деп айыпталып сотталған оппозиция өкілдерінен тек қана Болат Әбілов мырза қалды. Ол да 28 ақпанда 15 тәулікке сотталғанмен, 2 наурыз күні қайын енесінің қазасына байланысты 10 күнге босатылып, 13 наурыз күні сот шешімімен алған жазаның қалған мерзімін өтеу үшін қайтадан абақтыға отырғызылған болатын. Сөйтіп, абақтыда аштық жариялап жатқан Б.Әбілов мырза, бостандыққа тек Наурыз мейрамынан кейін ғана шығады.
XS
SM
MD
LG