Accessibility links

Әлемдік базарда мұнай бағасы арзандады


Наурыздың 15-і күнгі жағдай бойынша, мұнайдың әлемдік бағасы біршама арзандаған болатын. Осы жайтқа орай экономист мамандар мен аталған сала қызметкерлері соңғы уақыттары бағаның біртіндеп түсе бастағандығы байқалатындығын және әлемдік мұнай бағасы қалыпты деңгейіне тұрақтауға жақын екенін айтады.

Наурыздың 15-і күнгі сауда қорытындысы бойынша, Лондон мен Нью-Йорк мұнай биржаларындағы мұнай фьючерстерінің алдағы айлардағы жеткізілімінің бағасы елеулі деңгейде төмендегендігі тіркелді. Айталық, Brent мұнайы баррелінің бағасы – 1,03 долларға арзандап, 62,94 долларды құраған. Мамандардың айтуынша, бұған дейін біршама өскен мұнай бағасындағы бұл өзгешелік оның бағамының әжептәуір арзандағандығын көрсетеді. Ал енді осы мұнай бағасына байланысты болашақта қандайда бір айырмашылықтар бола ма? Бұл әлемдік мұнай бағасының арзандауынан Қазақстанға қаншалықты әсері бар? Осы сұрақтарға жауап іздеп, біз бірнеше қазақстандық экономика саласының сарапшыларын әңгімеге тартқан едік.

Бұл ретте ҚР Білім және ғылым министрлігі Экономика ғылыми зерттеу институтының қызметкері Асхат Наметшаның айтуынша, алдағы уақыттарда әлемдік саясат айдынында одан әрі тұрақтылық пен тыныштық жалғаса берсе, әлі де мұнай бағасы арзандай түспек. Әзірше мұнайға деген сұраныс пен оны әлем нарығына шығарушы елдердің қатары көбейе бастағаны мұнай бағасының арзандауына өз ықпалын тигізуде дейді Асхат Наметша.

Ал экономика ғылымдарының докторы, профессор Олег Егоров егер Каспий аймағындағы Қазақстаннан басқа да елдер мұнайды өндіруді ұлғайтып, әлем нарығына тасымалдау көлемін кеңейте беретін болса, онда мұнай бағасы болашақта одан әрі арзандай беретін болады дейді.

Дегенмен Инженерлік академияның вице-президенті, академик-ғалым Нәдір Нәдіровтың айтуынша, енді әлемдік мұнай бағамымен қатар, оған Қазақстан экономикасы да бағыныштылық сипатта дамиды. Себебі, Қазақстанның ішкі мұнай нарығын ретсіздік жайлаған дейді ол. Алайда ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы әлемдік мұнай бағасына соншалықты бағыныштылық сипатта емес, керісінше елдегі ішкі мұнай өндірісінен түсетін табыстың жабық жағдайда жүріп жатқандығынан әлемдік мұнай бағасы арзандауының әсері Қазақстанға біліне қоймайды деп санайды. Сондай-ақ ол мұнайдың бағасы қымбаттаса да, арзандаса да елдегі бензин бағасының тұрақтауына әсер ете алмай келе жатқанын айтады.
XS
SM
MD
LG