Accessibility links

Өзбекстандық молда Батыс елдерінің бірінде тұратын болды


Өзбекстандық диссидент имам Обидхон Қaри Назаровқа БҰҰ тарапынан босқын мәртебесі беріліп, ол Европадан баспана алған болатын. Ташкент діни экстремист, терорист деп айыптаған Назаров 1998 жылдан бері 8 жыл бойына қуғында жүрді. Назаров пен оның отбасы кеше Қазақстаннан белгісіз бағытқа ұшып кетті, сөйтіп имам Назаров пен оның жақтастарын сегіз жылға созылған қорқытып-үркіту, тіпті түрмеге қамауға дейін жалғасқан кезең аяқталды десе болады.

БҰҰ-ның босқындар агенттігінің Алматы кеңсесіндегі қызметкер Нарасима Рао имам Обидхон мен оның отбасының Батыс Европадан баспана алғандығын растады, дегенмен де қауіпсіздік мақсатында олардың нақты қай елге аттанғандығын айта қойған жоқ. Рао сонымен қатар Өзбек билігінің Назаровты Өзбекстандағы террорлық және экстремистік әрекеттерге қатысы болды деген айыптауына байланысты былай дейді:

- Егер біз оның терроризмге қандай да бір қатысы болды деп тапсақ, оған тыйым салған болар едік. Біз оның халықаралық қорғанысты қажет ететін босқын екендігіне сенеміз. Сондықтан да біз оған босқын деген мәртебе беріп, оны қорғауға қимыл жасадық.

Имам Назаров 1980 жылдардың аяқ кезінде, бұрынғы Совет одағының қатарында болған республикада діни еркіндік пайда бола бастаған уақытта кең танылған тұлға. 1990 жылдардың орта шенінде Ташкенттегі Тоқтабай мешітіне мыңдаған адам Назаровтың уағызын тыңдауға келетін. Бұл, әрине, Өзбек билігіне ұнаған жоқ, Ислам ықпалынан қорыққан олар барлығын да өз бақылауларында ұстағысы келді.

Өзбекстанның Дін істерімен айналысатын мемлекеттік кеңес басқармасы 1996 жылы Назаровты имамдықтан босатып, оны толық өз бақылауларына алды. Бұдан соң келесі - 1997 жылы ол қысқа мерзімге қамалды да. Осы кезде оны қоғамдық қорғаулар да басталды. имам Назаров 1998 жылы елден қашып кетуге мажбүр болды, өйткені қолдаушылары оның жақында тағы қамалатынын алдын-ала ескертіп үлгерген еді.

Назаровқа өзбек билігі Өзбекстан Ислам қозғалысымен байланысты, террор мен экстремизмге қатысы бар деген айыптар таққан. Өзбекстан Ислам қозғалысын 1998-1999 жылдарда Өзбекстан мен Қырғызстанның оңтүстік аймағында орын алған шабуыл оқиғаларынан кейін билік радикалды жаугерлік топ деп атаған. Аталған ұйымды, сондай-ақ, АҚШ мемлекеттік департаменті де 2000 жылдан бастап, терроршылар ұйымы тізіміне енгізген болатын.

Алайда, бақылаушы, шолушылардың көбі Назаровты террорлық топпен байланысы бар деген айыптарға өздерінің түрлі пікірлерін айтады. Лондондағы Соғыс және Бейбітшілік институтының аға редакторы Джон Маклеод «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Назаровты 1996-97 жылдан бері жақсы білетінін, ол Исламды мемлекеттен тәуелсіз насихаттағысы келетін имам молдалар мен Өзбек үкіметі арасындағы күрестің құрбаны болды дегенді айтады.

Оны алғашқы кездерде осы Обидхон және басқа да сол сияқты имам, молдалармен Өзбекстанда мемлекеттік діннің арасында орын алған тайталастың бір бөлігі десек болады. Көп уақытқа дейін Назаровтың қайда тұрып жатқаны турасында ешқандай ақпарат болмады. Кей кездері ол көршілес Қазақстанда қашып жүргенде, Өзбектің қауіпсіздік күштерінің қолына түсті деген де қаңқу сөздер тараған болатын.

Өзбек билігі Назаровтың ізін қуғандар үшін көптеген адамды тұтқындады. Олардың ішінде Назаровтың екі көмекшісі, үш бауыры және жүргізушісі болған. Оның әйелі де абақтыға қамалды, бірақ халықаралық қысымның күшімен босатылған еді. Ал Назаровтың үлкен ұлы Хушнутдин 2004 жылы мамыр айында Ташкентте белгісіз жағдайда жоғалып кетті. Кейбір тараған сөздерге қарағанда, Хушнутдин Қаззақстанға келген, бірақ бұл елдің полициясы оны тұтқындап, Өзбектің қауіпсіздік қызметіне берген делінеді.

БҰҰ-ның босқындар кеңсесінің қызметкері Нарасима Рао өткен қараша айында Қазақстан полициясы өзбек босқындарының бірқатарын ұстап, қайтадан Өзбекстанға қайтарып жіберді деген хабарлардан соң, Назаровтың босқындар ісі жөніндегі басқармаға келгенін айтады. Ол, сондай-ақ, Қазақ билігінің бұл реттте БҰҰ-ның осы агенттігімен ынтымақтаса жұмыс істеп отырғанын атап өткен.

- Қазақстанның билік орындарына ризалық білдіруге болады. Біз Назаровты босқын деп танығаннан кейін, олар халықаралық міндеттемелерін орындап, босқындар ісі жөніндегі комиссариат Назаровты үшінші бір елге аттандырғанша, оны елде қалдыра тұрды, - дейді ол.

Бұл ретте осы наурыз айының 19-ында Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары болатындығы белгілі.
XS
SM
MD
LG