Accessibility links

Ілбіс немесе тау барысы – Орта Азия мен Қытайдың таулы аудандарын мекендейді. Бұл жыртқыш жануар бұрын мекендеген кейбір аудандарда мүлде жоғалды. Өзге аудандардан оны тіпті сирек ұшыратуға болады. Ал Қырғызстанда бірқатар қауым қар барысын қорғау бағдарламасына зор ынтасымен атсалысып жатыр. Осындай игі ісі үшін оларға қаржылай көмек көрсетілуде.

Тау барысының мекендейтін ортасы 12 елді, оның ішінде Ауғанстан, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанды қамтиды. Барыс аталған барлық елде заң бойынша қорғалғанымен де, осы күні оның шамамен 7 мыңы ғана, тең жартысы Қытайда өзінің үйреншікті табиғи ортасында өмір сүріп жатыр. Тау барысын, әдетте, оның өте құнды терісі мен сүйегі үшін атып алады. Оның сүйегін Шығыс медицинасы дәрі-дәрмек жасау үшін қолданады. Барысты, сондай-ақ, үй жануарына тигені үшін де өлтіреді.

Алматы қаласындағы Зоология Институтының қызметкері Аманқұл Бикеновтің айтуынша, барыстар үйреншікті ортасының тарылуынан және қоректенетін жан-жануардың сиреуінен жапа шегіп, оның Қазақстандағы саны онша өспей жатыр.

“Бізде барыстың саны сол 300-350-дей ғана. Оны қорғау үшін қорықтар ұйымдастырып жатыр. Барыс Алматы қорығында, Ақсу-Жабағылы қорығында және таудағы қорықтар мен “заказниктерде” қорғалады. Бірақ, соған қарамастан, саны онша көп өспей жатыр Оның басты себебі, біріншіден, қорегіне байланысты ғой: азықтың азаюы – оның таудағы негізгі қорегі таутеке, елік және тағы басқа тұяқты аңдар ғой”, - дейді А.БИКЕНОВ.

Қырғызстанның орман шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау агенттігіне қарайтын аңшылық бөлімінің басшысы Алмас Мұсаев Қырғызстанда 300-ге де жетпейтін барыс қалды деп мәлімдейді. Соған байланысты ол барысты қорғау мен сақтап қалу үшін кең ауқымда қоғамдық науқан ұйымдастыруды ұсынады.

“Барысты қорғау үшін бізбің бұған дейін атқарған істеріміз онша көп нәтиже бере қоймады деп айта аламын. Өйткені, біздің Қырғыз Республикасының ахуалды жақсы білетін әрбір саналы азаматы барысты, Үндістанда сиырды қасиетті жануар санап құрметегеніндей, қорғауымызға алмаса, саналы қызметкерлеріміздің барлық ісі текке кетіп жатады”, - деді А.МҰСАЕВ.

Сонымен бірге Алмас Мұсаев бұл проблеманы халықаралық ұйымдардың көмегінсіз шешуге болмайтынында мойындайды. Мысалға, АҚШ-тан келген “Қар барысының сенімі” (through the Snow Leopard Trust's website) ұйымы Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы ит мұрыны бармайтын Ақшырақ және Енгілшек деген 2 ауылының тұрғындарына барыс пен оның өмір сүретін ортасын қорғау арқылы күнкөріс табыстарын ұлғайтуларына көмек беруде. Аталған ұйым мен оның жергілікті әріптестері қойшы-шопандарды үй жануарларының терісі мен жүнінен түрлі бұйым жасауға үйретіп, қажетті жабдықтарын беріп отыр. Қолдан жасалған ондай бұйымдар АҚШ-тағы қоймасы мен “Қар барысының сенімі” ұйымының интернет-парақшасы арқылы сатылады. Өз кезегінде ауыл тұрғындары барыс пен өзге жабайы аңдарды аулаудан бас тартып отыр. Егер тұрғындардың бірі осы келісім-шартты бұзған болса, онда бүкіл ауыл тұрғыны жыл соңында алатын ақшалай сыйлығынан айрылады. Американың Сиэтл қаласында тіркелген “Қар барысының сенімі” ұйымының өкілі Том Маккартидің айтуынша, жыл соңындағы ақшалай сыйлықты айтпағанда, қолдан жасалған бұйымдарды сату – жоғарыда аталған 2 қырғыз ауылының әрбір отбасына жылдық табысын 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

“Олардың қолдан жасалған бұйымдарын сату арқылы табатын орташа жылдық табысы шамамен 145 долларға тең және олар жылына 1 немесе 2 малынан айрылса да, барыс аулауға бармайды. Олар қолдан түрлі бұйым жасап сату бағдарламасы үшін жабайы аңдарды аулаудан бас тартуға дайын”, - дейді Т.МАККАРТИ.

Т.Маккартидің сөзіне қарағанда, бұл бағдарлама жемісті болды және ол бастаған ұйым үстіміздегі жылы осы бағдарламасын Қырғызстанның басқа ауылдарында да жүзеге асырып кеңейтуді жоспарлап отыр. Бірақ ол барыстың санын өсіруге бұл бағдарлама әсер ете алды деп айтуға қиын екенін мойындайды. Барыстың қазіргі нақты санын, қайда және қанша барыстың мекендейтінін анықтау үшін “Қар барысының сенімі” ұйымы Қырғызстан мен Қытайдың Шыңжаң облысындағы зерттеу жұмысын қаржыландыруға көмектесті. Өткен жылы ғалымдар Тянь-Шань тауының алыс аудандарына инфра-қызыл сәулелі камералар орнатты. Бірнеше аптаның ішінде әлгі камералар қырғыз жағынан 13 барысты және Қытай жағынан 40 барысты түсіріп алды. Алайда, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы республикасының астанасы – Үрімші қаласындағы Экология Институтының қызметкері Ма Минг барыстың санын бұрынғыдан өсті деп айтуға ертелеу деп мәлімдеді.

“Қытайда біз камераларды керекті жерлерге орнатып, көп түсірдік. Бірақ бұл Қытайдағы барыстың саны көп өсті деген сөз емес. Олай деуге ертелеу. Біз зерттеуімізді жалғачстыра беруіміз керек, біз қиын жұмысты атқара беруге тиіспіз”, - деді М.МИНГ.

Қазіргі жұмыстың міндеті - суреттердегі барыстарды бір-бірінен ажыратып анықтау болып отыр. Дәл қазір оларды бір-бірінен ажырату үшін генетикалық зертханаға жіберді. Лабораторияның нәтижесін ғалымдар осы күні нақты неше барыстың қайда өмір сүретінін аықтау үшін зерттеп көрмекші.
XS
SM
MD
LG