Accessibility links

«TEXAKABANK» биологиялық идентифакциялау арқылы қызмет көрсетуге көшті

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстандағы коммерциялық банктердің бірі – «TEXAKABANK» азаматтарға биологиялық идентифакциялау арқылы қызмет көрсетуге көшті. Енді банк клиенті өзінің саусақ таңбасын банк базасына енгізу арқылы өзіне керекті банк операцияларын жасайды. Дегенмен сарапшы мамандар бұл қадамның қолайсыз жақтары да бар екенін айтады.

Қазақстан мен АҚШ-тың біріккен коммерциялық банкі – «TEXAKABANK» Қазақстанда бірінші болып өз клиенттеріне биологиялық идентифакциялау арқылы қызмет көрсетуді ұсынып отыр дейді аталған банк менеджері Самал Нұрмышева. Оның айтуынша, бұл жаңа қызмет түрі бойынша банк киленті өзінің саусақ таңбасын банк базасына енгізеді. Онан кейін клиент банкке келгенде одан өзі аты-жөнін атап, тиісті детекторға саусағын басып, мәліметтерін анықтау арқылы өзіне керекті банк операцияларын жалғастыра береді.

«Бұл жаңа жүйені клиенттеріміз мақұлдап, осы қадамның өздері үшін де, банк үшін де қауіпсіз әрі бұрынғыдан гөрі жұмысты ыңғайлы ұйымдастыруға септігі тиетіндігіне көз жеткізіп отыр», - дейді «TEXAKABANK» менеджері Самал Нұрмышева.

Дегенменде осы жайтқа орай қазақстандық бірқатар экономист мамандар түрліше пікір білдіріп отыр. Айталық, ҚР Ұлттық банкінің департамент директоры Дәуренбек Мәжитов бұл жүйенің банк ісінде өзін ақтай қоятындығына күдікпен қарайды.

Ал Банк ісі академиясының профессоры Бейсенбек Зиябеков «TEXAKABANK» бұл қадамымен ең алдымен өзіне деген жұртшылықтың назарын аударуды көздеп отыр дейді.

Сондай-ақ «Еуразия» нарық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Айтқали Нұрсейіт бұл жүйе құптарлық болғанымен де әлі жетілдіруді қажет етеді дейді. Және де ол коммерциялық банктердің мұндай ерекше қадамдарға баруы олардың жетіле түсуіне септесетіндігін айтады.
XS
SM
MD
LG