Accessibility links

Арал теңізінің суы тартылуын тоқтатты

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстанның Қызылорда облысындағы Арал шаһарының тұрғындары алдағы күндері қалаға су келеді деп күтіп отыр. Мамандар қалаға су келсе, өңірде балық шаруашылығы қайта жанданып, жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлап отыр. Алайда Аралдың болашағына алаңдаған мамандар, Орта Азия елдерінің үкіметтері теңізді қайтару үшін әрекеттеніп жатқан жоқ деп, мәселе көтеріп отыр.

Қазақстан үкіметі кіші Арал жобасын іске асырып жатқаннан бері Арал маңында тұратын халықтың болашаққа деген сенімі артып, олар жаңа жұмыс орындары пайда болатын шығар деп, үміттене бастады. Осындай үмітпен жүргендердің арасында 65 жастағы, көп балалы ана Алма Зиналиева бар. Алма апай ең алдымен Қазақстан бойынша шашырап жүрген балаларым Аралға оралса деп армандайды. Себебі, Аралдан су кеткеннен бері бұл өңірдің 4 миллиондай адамы экологиялық босқынға айналған. Солардың арасында Алма апайдың балалары да бар екен:

- Халықтың тілегіне су келсе, халықтың нандары көбейеді, балалар еңбек етеді. Менің Шымкенттегі балам Аралға оралар еді, қазір сол балама жұмыс іздеу керек болып тұр.

Кіші Арал жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан мамандардың айтуынша, алдағы көктем, жаз айларында Аралға келген су көлемі көтеріледі, сонда бұл өңірде балық және ауыл шаруашылығы қайта жандана түспек. Бұл өңірдегі тіршілік алдағы 2-3 жылда қалпына келетініне академик Сейфулла Әбдіраимов сеніп отыр:

- Қазіргі уақытта кіші Аралға апаратын жерлердің каналдарын тазалап, оларды қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бірнеше жылға созылатын жұмыс, ағып жатқан суды бір арнаға салса, біраз өзгерістер болады. Мәселен, егіс көлемін көбейтуге, балық шаруашылығын жақсартуға мүмкіндік туады.

Кіші Арал жобасымен жұмыс істеп жүрген мамандар Қазақстан үкіметі Аралды құтқару үшін әрекеттеніп жатқанымен, Орта Азияның басқа елдері бұл бағытта айтарлықтай жұмыс істеп жатқан жоқ дегенді айтады. Сол себептен Аралды толығымен қайтару мүмкін емес дейді академик Сейфулла Әбдіраимов.

- Өзбекстан жағындағы Аралды қалпына келтіруге біздің шамамыз келмейді. Өзіміздің Аралды жыл сайын 2-3 пайызға көтеруге болады. Нақты жағдайға келсек, қазіргі Аралда бар судың 80 пайызын сақтап қалуға болады, ал Аралды толығымен қайтару мүмкін емес, себебі Арал 100-150 шақырымға дейін құрғап кетті. Осыдан екі жыл бұрын мен Арал маңын аралап, ғалымдармен бірге Арал тұзы ауаға көтерілмес үшін қандай шөп, ағаш отырғызу керектігі жайында кеңес беріп кеттім.

Орта Азия немесе күллі әлем елдерінің табиғатына әсер етіп отырған Аралды қайтару үшін, мамандардың айтуынша, жан-жақтан жағдай жасап, ғалымдар бірге еңбектенуі керек.

“Себебі, Аралдан биологиялық тұрғыдан алғанда бұрындары да су кеткен, бірақ бұл жолы Аралдың суы адамның әрекетінен кетіп отыр”, - дейді Орталық Азиялық аймақтық экологиялық орталықтың жетекшісі Болат Есекин.

Бүгінгі таңда қазақстандық мамандар күллі әлем көмектеспесе де Орта Азия елдері ат салысуы керек деген ойда, бірақ Қазақстанға көршілес елдер мұндай қадам жасап отырған жоқ. Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор жетекшісінің орынбасары Медет Оспанұлының айтуынша, бұл қорға мүше Орта Азия елдері тек белгіленген жобалармен шұғылданады:

- Қазіргі таңда Орта Азия елдерінде Аралды тікелей өз қолымен сол деңгейге жеткіземіз деген жоба жоқ, ондай жобаны іске асыру да қиын. Себебі, ол үшін арнайы мамандардың есебі керек. Есесіне, әр мемлекет суды тиімді пайдалану жобасын іске асырып жатыр. Бірақ, Аралды қалпына келтіру үшін суғармалы жер көлемін қысқартқан ешкім жоқ.

Қазақстан үкіметі 86 миллион долларға бағаланатын кіші Арал жобасын іске асырып, Арал суын Арал қаласына жеткізіп, Аралдың солтүстік бөлігін сақтап қалуды көздеп отыр. Жобаға керек қаржының басым бөлігін Дүниежүзілік банк берген.
XS
SM
MD
LG