Accessibility links

БҰҰ есірткі мен қылмыс жөніндегі Басқармасы Орталық Азияның 5 елінде ВИЧ/СПИД індетінің алдын алу мақсатында жаңа жобаны жүзеге асырмақ


Таяу болашақта Орталық Азияның 5 елінде ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандар санының артуына орай БҰҰ есірткі мен қылмыс жөніндегі Басқармасы (UNODC) Халықаралық Даму қорымен бірлесіп, құны 4 млн АҚШ долларын құрайтын арнайы жобаны жүзеге асырғалы отыр.

Соңғы уақытта Қазақстанда есірткіні инемен егетіндер, жезөкшелер мен нашақорлар арасында ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандар күн санап артып барады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының жетекшісі дәрігер Қазбек Төлебаев:

“Өткен 2005 жылдың аяғында осы дертке шалдыққандар саны 5500-ден асты. Бұл белгіленген аурулар. Көбісі біраз уақытқа дейін өздерінің ауру екендігін білмеуі мүмкін. Сондықтан тәуелсіз сарапшылар ресми деректі 3-4 есе дейін көбейту керек дейді. Бұл деректердің қайсысы дұрыс екендігін мен айта алмаймын. Бірақ, Қазақстанда кем дегенде 10 мыңға жуық ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққан аурулар болуы мүмкін”, - дейді.

Ал Алматы қаласының СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері Гүлсара Сүлейменова жоғарыдағы 5500 деген ресми деректі 2006 жылдың екі айында адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышы індетін жұқтырған 150 қазақстандық толықтырғандығын айтады.

“Қалай болғанда да 15 млн ғана халқы бар Қазақстан үшін бұл өте қауіпті көрсеткіш. Әсіресе жастардың арасында аурудың алдын алып, оның себебіне назар аударсақ жақсы болар еді”, - дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының директоры Қазбек Төлебаев.

Халықаралық ұйымдар мен дәрігер мамандар да Орталық Азияда ВИЧ/СПИД індетінің жылдам таралып отырғандығына алаңдауда. Осыған орай БҰҰ есірткі мен қылмыс жөніндегі Басқармасы (UNODC) Халықаралық Даму қорымен бірлесіп, Орталық Азияның 5 елі мен Әзірбайжанда нашақорлар мен түрмеде отырғандар арасындағы ВИЧ/СПИД дертіне қарсы, құны 4 млн АҚШ долларын құрайтын арнайы жобаны жүзеге асырғалы отыр. Қазақстан бұл жобаға 1,2 млн доллар қоспақшы.

Әлемнің басқа аймақтарымен салыстырғанда Орталық Азия елдерінде түрмеде отырғандар мен нашақорлар арасында ВИЧ/СПИД дертіне шалдыққандар саны өскен. БҰҰ есірткі мен қылмыс жөніндегі Басқармасының мәліметі бойынша, бұл елдердегі нашақорлар саны жарты миллионға жуықтап, олардың 80 пайызға жуығы есірткіні қан тамыр арқылы қабылдайды екен. Олардың арасында 60-80 пайызы ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар болып отыр.

Аталған індеттің таралуы жағынан Қазақстан бойынша алдыңғы қатардан орын алатын Павлодар облысының СПИД-ке қарсы күрес орталығының директоры Сағит Иманғазинов:

“Республика бойынша 20-29 жас аралығында өте көп тіркелуде. Бұл көрсеткіш барлық жерде бірдей. Себебі, есірткі жастар ортасында кең таралған”, - дейді.

“Қазақстанда қатерлі індет пен есірткіге қарсы алдын алу мен сақтану шаралары тек 15 жастан кейін ғана жүргізіледі. Мектеп қабырғасында салауатты өмір салтын насихаттайтын, жыныстық қатынасқа байланысты сабақтардың жүргізілуіне ата-аналарда, мұғалімдерде қарсы. Олар бұл біздің менталитетімізге жат дегенді айтады. Ал деректерді алып қарайтын болсақ 11 жастағы балалардың өзі жыныстық қатынастың не екендігін біледі”, - дейді Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының жетекшісі Қазбек Төлебаев.
XS
SM
MD
LG