Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.18.2006 жыл


Сенбі күні жарыққа шыққан “Айқын”, “Азамат kz”, “Апта кz”, “Литер”, “Казахстанская правда” басылымдары негізінен әлеуметтік, мәдени тақырыптарға назар аударған екен. Мерзімді басылымдар Алматы іргесіндегі елді-мекендерге заңсыз салынды деген себеппен баспанасы қиратылып, далада қалған халықтың неге де болса дайын отырғандығын хабарлапты.

“Айқын” басылымының соңғы санында “Инфляция өсіп барады, бірақ Сәйденов сасар емес” атты мақалада биылғы жылғы ақпан айындағы инфляцияның 1,8 пайызды құрағандығы сөз болыпты. Басылымның жазуына қарағанда, бұл 2003 жылдың желтоқсанынан бері қарай жылдардағы ең жоғары инфляция өсуінің ең жоғары шегіне жеткен. Азық-түлік бағасы да өткен жылдармен салыстырғанда 10 пайызға көтеріліп, басқа заттар 6,6 пайызға, ақылы қызметтер 8,5 пайызға өскендігі айтылыпты. Сондай-ақ басылым көкек айынан бастап Алматы облысында ауыз су 30 пайызға, құбыр қызметінің бағасы 24 пайызға қымбаттайтынын хабарлапты.

Ал “Азамат kz” апталығы кезекті санында наурыздың 24-і күні Алматы қаласында өнеркәсіптік-азаматтық нысандар салуға арналған жер телімдері аукционға шығарылатындығы хабарланыпты. Басылымның жазуына қарағанда, қаланың 4 ауданынан көлемі 10 сотықтан 4 гектарға дейін жететін 12 жер телімі сатылуға дайын тұр. Өткен жылдың өзінде барлығы бес бәсеке сауда өткізіліп, онда 100-ден астам жер телімі сатылып, одан түскен 700 миллионнан астам теңге қала бюджетіне аударылған. Мақалада биылғы жылы бірінші болып саудаға түсетін 12 жер телімінің әрқайсысының мақсатты жоспары бар. Егер жер телімі дәріхана салу үшін сатылса, кейін оның иесі атанған кәсіпкердің басқа нысан салуға құқығы жоқтығы айтылыпты. Ал басылымның осы санындағы “Үйлер қиратылып, халық зар илеп қалды” атты мақалада Алматы қаласының маңындағы “Әйгерім-2” елді-мекенінде 12 үй заңсыз, газ құбыры өтетін өтетін жерге салынды деген себеппен қиратылғандығы айтылыпты. Автор: “бұл жердің дауы өткен жылы көтерілгенде қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов “барылғы шешіледі” деп халыққа уәде берген екен. Енді баспанасы қиратылып далада қалған халық әкімшіліктің осы қылығы үшін жолды жауып наразылық білдірмек болғанда арнайы әскерилер оған мүмкіндік бермеді. Үш жүзге тарта шаңырағы бар әйгерімдіктер мәселе оң шешілмесе билікке қарсы қандай шараға болмасын дайын отыр”, дейді.

Ал “Апта кz” газетінде журналист Гүлмира Тойболдинаның “Баспанаңыз бар ма? Онда оның бір-ақ сәтте басқаға бұйыруы ғажап емес” атты мақаласында Алматы маңындағы Көкқайнар елді-мекенінде 14 үйдің қиратылып, шаңырағы ортасына түскендігін жазыпты. Автор: “шаңырағы көтеріліп шатыры жаңа жабыла бастаған он төрт үйдің шаңырағы ортасына түскені көрер көзге ғана емес, ырымға да жаман. Адам шошитын бір нәрсе үйлерді иелері жоқ кезде қиратып тастаған. Қанша адамның мына құлаған шатырмен бірге ертеңге деген үміті жоғалды”, дей келе өз ойын: ”Жауың да бұлай істемейді, іштен шыққан жау жаман”, деп қорытады.

“Литер” басылымы “Жыл мұғалімі” байқауының қорытындылануына орай, Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің байқауда үздік шыққан мұғалімдерге пәтердің кілтін тапсырғандығын хабарлапты.

Ал сенбілік санына мәдени тақырыптарды бас мақала етіп алған “Казахстанская правда” басылымы мың жылдан кейін ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың рухы қазақ жеріне келгендігін хабарлапты. Мақалада Мәдени мұра бағдарламасы аясында Дамаск қаласындағы балалар зиратынан алынған топырақ салынған сандық Қазақстанға жеткізіліп, Арыстанбаб мазарына қойылғандығы айтылыпты.
XS
SM
MD
LG