Accessibility links

Алматыда салық құжаттарын Интернет арқылы жолдауға болады

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Алматы қалалық салық комитеті республикада бірінші болып азаматтарға салық құжаттарын компьютерде электронды нұсқада толтырып, оны Интернеттің көмегімен салық органына жолдау әдісін енгізіп отыр. Мамандардың айтуына қарағанда, қазіргі кезде қаладағы салық төлеушілердің 60 проценттен астамы осы жүйеге көшіпті.

Алматы қалалық салық комитеті төрағасының орынбасары Жанат Тастемірова, бұған дейін салық төлеушілер ұзақ-сонар уақыт кезек күтіп, қыруар қағаз толтыруды қажет ететін, әуре-сарсаңы көп жұмыстың жеңілдеп, салық құжаттарын электрондық нұсқада толтырып, оны интернеттің не болмаса арнайы тегін терминалдың көмегімен өзі тіркелген салық органына жіберуге мүмкіндік барын айтады. Оның сөзіне қарағанда, енді он күннен кейін жыл сайынғы салық декларацияларын төлеу мерзімі аяқталғанмен оған үлгере алмай қаламын деп бұрынғыдай қауіптенудің реті жоқ.

«Алматы қаласының салық төлеу саласында жаңа технологияны қолдану барлық жағынан да тиімді екеніне көзіміз жетіп отыр», - дейді Алматы қалалық салық комитеті төрағасының орынбасары Жанат Тастемірова.

Ал Алматы қаласындағы салық төлеуші кәсіпорындардың бірінің менеджері Қайыпберген Тасболатов салық төлеу саласында жаңа технологияны қолданудың өздері үшін тиімді жақтары көп екендігін айтады. Дегенменде Салық төлеушілер қауымдастығының заңгері Айдын Мекебаев өздеріне жүгінген азаматтардың көпшілігі бұндай қызметтен гөрі ескі әдетпен төлеуді жөн санайтындығының өзіндік себептері бар екенін айтады.

Сондай-ақ ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қошанов жалпы елдің салық жүйесін жетілдіруге бағытталған қадамдардың бұл жүйе бастамасы ғана екенін айтады. Және де ол жалпы елдегі салық жүйесіне тың реформалар қажет дейді.
XS
SM
MD
LG