Accessibility links

Оппозициялық бағыттағы «Нағыз Ақ жол» партиясы ресми тіркеуден өтті


Қазақстандағы саяси партиялар қатары тағы бір оппозциялық бағыттағы ұйыммен, яғни, «Нағыз Ақ жол» партиясымен толықты. Әділет министрлігіне тіркету туралы өтініш берілгеннен кейін тек 9 айға жуық уақыт өткеннен соң барып, партияның ресми тіркелгендігі туралы хабар Жоғарғы соттың наурыздың 21-і күнгі отырысында жария болды.

Жаңадан тіркелген саяси партияның жауапты қызметкерлерінің бірі Айдос САРЫМОВ наруздың 21-күні «Азаттық» радиосына:

- Бүгін сотқа Әділет министрлігі қағаз алып келген көрінеді. Онда біздің шағымымыз бойынша өтуі тиіс сот талқылауының қажеті жоқ екендігін айтып, оның дәлелі ретінде «Нағыз Ақ жолды» тіркемеу туралы өз бұйрықтарының күштерін жойғандығын және партияны наурыздың 17-сі күні тіркегендерін айғақтайтын куәлік ұсынды. Сот осының бәрін ескеріп, бұрынғы Астана қалалық сотының шешімінің күшін жойып, партияны тіркеу туралы шешімге келген.

«Нағыз Ақ жол» партиясының тіркелгендігі туралы ақпаратты Әділет министрілігінің Елена есімді баспасөз қызметкері де растады:

- Ия, менің білуімше, партияны тіркеді.

Бұған дейін бұл ұйымның саяси себептермен тіркелмей келгендігін, ал сылтау ретінде түрлі құжаттар түріндегі кедергілер қойылғандығын заңгер Серікхан ЖАҚЫПОВ алға тартады:

- Олардың сылтауы: партия мүшелерінің тізімін жасаған кезде жеке куәліктерінің нөмірін, мысалы, 5-тің орнына 3 деп жазу, туған жері Шамалған болса, ол Жамалған деп жазылып кетуі тәрізді кішкентай қателер болған.

Ал енді үлкен кідірістен кейін партияның бүгін тіркеуден өту себебін Айдос Сарымов осы партияның теңтөрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін қалыптасқан елдегі саяси ахуалмен байланыстырады:

- Қайғылы жағдайы да, бір жағынан қуантарлық жайы да бар. Қайғылы жағдайын өзіміз білеміз: елде болып жатқан саяси дағдарыс. Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін ол қайтсе де билікті бір жаққа қарай қозғалтуы тиіс болатын...

Партиясының ресми тіркеуден өткендігі туралы хабарды «Нағыз Ақ жолдың» келесі бір теңтөрағасы Болат ӘБІЛОВ ауруханада жатып естіді. Себебі, наурыздың 19-ы күні абақтыда қамауда жатып аштық жариялап, денсаулығы күрт нашарлаған саясаткер шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген болатын. Болат Әбіловтің пікірінше, билік орындарының оппозциялық ұйымды тіркеуден өткізуінің бір себебі – Қазақстан президенті басқаратын қоғамды демократияландыру бойынша мемлекеттік комиссияның отырысының өткізілу мерзімінің жақындауымен байланысты:

- Жарты жылдан астам уақыт өтсе де, билік бізді тіркемейміз деп әрекет етті. Бірақ, анау комиссияның жұмысын қалай жүргіземіз, елді демократияландыру жөніндегі істі қалай бастаймыз деп президент те, билік те ойлап жатыр. Алайда біз ол комиссияның жұмысына қатысу-қатыспауымыз әлі белгісіз.

Қоғамды демократияландыру жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысы алдын-ала наурыздың 24-іне белгіленіп отыр. Бұған дейін «Нағыз Ақ жол» партиясы да, әлі тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшілігі де егер партиялар тіркелсе, комиссия жұмысына қатысуды жоққа шығармайтындықтарын айтқан еді. «Алға» партиясының жетекшісі Асылбек ҚОЖАХМЕТОВ егер «Нағыз Ақ жол» партиясын тіркесе, онда да келесі оппозциялық ұйым - «Алға» партиясын да тіркеу керек деп отыр. Себебі, екі партияны тіркеуге алмағанда айтылған сылтау ұқсас болатын дейді ол.

- Бізді тіркеу туралы Астана қаласының соты наурыздың 27-сінде болады. Ол, әрине, саяси шешім шығарады. Мысалы, «Нағыз Ақ жол» партиясына қатысты саяси шешім шығарды ғой. Егер солай демократия жолымен жүре берсе, онда бізді де тіркейді. Бірақ билік жарым-жартылай істесе, онда бізді сол күйінде қалдыруы, тіркемеуі мүмкін. Бұл – істің саяси жағы. Ал егер бұл мәселенің заңдық жағына келсек, «Нағыз Ақ жол» партиясын тіркеді ме - онда бізді тіркемеуге еш мүмкіндік жоқ! – деді А.Қожахметов.

Ал бұған дейін «Ақ жол» атауының тағы бір мәрте партия аты ретінде басқа ұйымның пайдалануы дұрыс емес деп келген Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ пікір алуандылығын қалыптастыру үшін оппозциялық партиялардың барлығын бірдей тіркеу керек деген пікір айтып отыр.

- Қазақстанда саяси партияға бірігеміз деген азаматтардың барлығының да ешқандай бөгетсіз тіркелгенін қалаймыз. Әрине, партияның аталуы бойынша біздің партия мүшелерінің ол азаматтардың қадамына түсініспеушілік бар. Себебі, әділ бәсекеге халықтың үмітін алдамаймын десе, басқа атау таңдауы керек еді. Бірақ біз кез-келген әділ бәсекеге дайынбыз. Түбі ол азаматтар да демократияның дамуына шынайы үлес қосады деп сенемін! – деді Ә.Бәйменов.

«Нағыз Ақ жол» партиясын құру туралы шешімді Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясынан бөлініп шыққан азаматтар тобы - Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Ораз Жандосов, Төлеген Жүкеев бастаған саясаткерлер былтырғы жылы көкектің 29-ында жария еткен болатын.
XS
SM
MD
LG