Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.21.2006 жыл

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған сапары жайында және де 18 наурыз күнгі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін еске алуға арналған митингі турасында мақалалар жарияланыпты.

21 наурыз күнгі санында «Егемен Қазақстан» газеті ҚР президенті Н.Назарбаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысындағы кездесулер мен келіссөздер туыстас екі ел арасында заман сынағына төтеп беретін, жаңа тұрпатты қарым-қатынас орныға бастағанын көрсетті деп жазады. Бұл кездесуде бірінші кезекте өңірдегі қауіпсіздікті сақтау, халықаралық лаңкестікпен, діни экстремизммен және есірткі трафигімен күрес мәселелері қозғалды дейді осы жайтқа орай жазылған «Ынтымақтастықтың ықыласты ырғағы» атты мақаланың авторы Әлисұлтан Құланбай. Оның айтуынша, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Өзбекстанға сапары барысында Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын жандандыруға ықпал ететін алты құжатқа қол қойылады деп күтілгенімен, біршама уақытқа созылған келіссөздер қорытындысында алты емес, жеті құжатқа қол қойылған. Бұл құжаттардың барлығы да екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға, ауылшаруашылығы саласындағы қатынастарға қатысты.

Сондай-ақ сейсенбі күні жарық көрген санында «Экспресс К» газеті де осы тақырыпты кеңірек қаузапты. Онда екі жақты кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамыту мақсатында 2006-2010 жылдарға арналған арнайы бағдарлама жасау қажеттігі де екі ел үкіметіне жүктелгендігіне баса назар бөлінген. Бүгінде Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 40-тан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Сондай-ақ Өзбекстанда 24 қазақстандық компания мен фирмалардың өкілдіктері ашылып, олар жеңіл өнеркәсіп, көлік қатынасы тағы басқа салаларда қызмет көрсетуде. Ал Қазақстанда Өзбекстанның инвестициялауымен 90-ға жуық бірлескен кәсіпорын құрылған.

Және де 21 наурыз күнгі санында «Казахстанская правда» газеті Қазақстан президентінің Өзбекстанға жасаған сапары сәтті өткенін айта келіп, оған Н.Назарбаевтың өзі жоғары баға бергенін жазады. Көрші елдердің бір-бірімен ынтымақтастық жасауында сауда-экономикалық қатынастардың орны бөлек. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып отыр десек, артықтау болар еді дейді мақала авторы Сергей Нестеренко. Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара тауар айналымы 497 миллион доллардан асқан. Дегенменде бұл көрсеткіштерді бұдан да еселей түсуге болар еді дейді мақала авторы.

Ал сейсенбі күні жарық көрген санында «Жас алаш» газеті 18 наурыз күнгі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін еске алуға арналған митингі турасында мақалалар жариялапты. Онда негізінен аталған митингіге жиналған жұртшылық биліктен қазақстандық оппозиция серкелерінің бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы саяси құрбан екенін мойындауы тиістігін тағы бір рет талап еткендігі айтылған. «Сарыарқа» кинотеатрының батыс жағындағы алаңқайды лықа толтырған халықтың бұл талабын қазақстандық оппозиция серкелері ашық айтты дейді мақала авторы Ерік Рахым. Сөйтіп, кейбіреулер қатты шошынған бұл шеру де бейбіт өтті деп жазады ол. «Шеруге алты мыңнан астам адам жиналды. Дегенмен шеруге қалалық әкімшіліктен ресми түрде рұқсат етілгеніне қарамастан, терезелері тұмшаланған бірнеше автобусты көзіміз шалды. Бұл автобустармен мұздай қаруланған арнайы әскерлерді әкеліпті. Мұның қажеті қанша? Билік неден шошыды? Халықтан ба?» – деген сауал тастайды мақала авторы.

Енді бұл тақырыпты басқа қырынан қаузаған «Алтын орда» апталығы өзінің соңғы санында «Қоғамдық саты құрбандықсыз болмайды» деген сараптамалық мақала жариялапты. Онда соңғы кездегі Қазақстан қоғамына қозғау салған оқиғаға орай: «Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі мемлекет басшысының абыройына, мемлекеттің халықаралық беделіне елдің саяси элитасындағы бір ұйымдасқан топтың тарапынан жасалған соққы болды» деген тұжырым жасаған.
XS
SM
MD
LG