Accessibility links

Таразда оппозиция белсендісіне қарсы сот басталды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Дүйсенбі күні Тараз қаласында «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының Тараздық бөлімше белсендісі Әлібек Жұмабаевтың үстінен сот ісі басталды. Өткен жылғы президенттік сайлауда біріккен оппозициядан сайлауға түскен Жармахан Тұяқбайдың Жамбыл облысы бойынша сенімді өкілі болған Әлібек Жұмабаев былтырғы жылы 25-қараша күні, «президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың билборд-суреттерін зақымдау арқылы оның ар-ұжданына нұқсан келтірді» және «бұзақылық» деген айыптармен қамауға алынған болатын. Кейін ол баптарға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға әрекеттенді» деген бап қосылған.

Содан бері 4 ай қамауда жатқан Әлібек Жұмабаевтың үстінен сот ісі наурыздың 20-ы күні Тараз қаласында басталды. Жұмабаевтың жақтаушысы Серікқали Мусин Ә.Жұмабаевтан ешқайда кетпейтіндігі туралы қолхат алған соң сот оны бостандыққа шығаруы мүмкін дейді.

Алматыдағы оппозиция өкілдері, билік алдымен Әлібек Жұмабаевты сот болмай жатып-ақ 4 ай бойы қамауда ұстағанын «заңсыздық әрі сот алдындағы негізсіз репрессия, ол дегеніңіз - оппозицияның мүшесіне көрсетіліп отырған саяси қысым» деп бағалап, арнайы мәлімдеме таратып, баспасөз мәслихатын да өткізген болатын. Сонымен қатар оппозиция өкілдері Әлібек Жұмабаев «нақақтан-нақақ , жала жабу мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан арнайы жасалған жоспарлы іс-әрекеттің құрбаны болып отыр» дейді.

«Бұл іс-шараны өткізу барысындағы белгілі бір кезеңдерін ҰҚК жетекшілігі өткізгені айдан анық. Сотта куәгер болып жүрген Рахметов деген азаматты сол комитеттің өздері жібермегеніне кім кепіл? Ал сот ісінде ешқандай да ҰҚК туралы сөз жоқ. Есесіне, президентті ұлықтау шарасы өткен соң, осы комитеттің бірқатар мүшелері мемлекеттік наградалар алып та үлгерді», – дейді «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының белсенді мүшесі Петр Своик.

Өткен жылғы президенттік сайлауда біріккен оппозициядан сайлауға түскен Жармахан Тұяқбайдың Жамбыл облысы бойынша сенімді өкілі болған Әлібек Жұмабаев 25-қарашадан бері қамауда отыр.

«Жаңа жылдан соң, 2006 жылғы 10-қаңтарда рақымшылық туралы заң шыққаны белгілі. Ал 17-қаңтар күні, оған тағылып отырған алғашқы екі бапқа тағы да қосымша айып ретінде 241-бапты тақты. Бұл бап бойынша сот жаза ретінде 4 жыл мен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығара алады. Яғни, бұл бап рақымшылыққа ілікпейді. Біріншіден, ондай қылмыс орын алған жоқ, оны ойдан шығарылған сылтаумен айыптап отыр», - дейді, Әлібектің жақтаушысы Дүйсенбек Баймаханов.

Биліктің Әлібек Жұмабаевқа тағылып отырған 241-бапта айтылған қылмыс сипаты жайында Д.Баймаханов мырза былай деп түсіндіреді:

«Жалпы, халықты үкіметтің саясатына қарсы көтеру деген сөз. Ондай әңгіме болмаған, ондай қылмыс деген орын алған да жоқ. Бірақ, сот «оны жасауға әрекеттенді» деген 24 баппен екеуін қосып қолданып отыр».

Оппозиция мүшелерінің айтуынша былтырғы президенттік сайлау науқаны кезінде Тараздық Рахметов, Литвинов деген азаматтар президенттікке кандидаттың жарнамалық билборд –портреттерін Шымкентте өртеп, оны бейнетаспаға түсіріп алған. Кейін олар өздері ҰҚК-тіне келіп, айыбын мойындаған. Ал ҰҚК-нің Тараздық департаменті оларды тыңдаушы аппараттармен жабдықтап Әлібек Жұмабаевқа жібереді. Сөйтіп, Рахметов, Литвинов деген азаматтар Жұмабаевқа келеді де, өздерінің билборд өртеу тәжірибесі барлығын айтып, осы әдісті Тараз қаласында да іске асыруға болатынын және оған өз көмектерін ұсынады. Осы кезде олардың әңгімесін арнайы аппараттар арқылы тыңдап тұрған ҰҚК қызметшілері Жұмабаевты тұтқынға алады. Міне, сол кезден бастап ол 4 ай бойы Тараз қаласының абақтысында жатыр. Ал осы оқиғаларға байланысты түсініктеме беруді өтінгенімізбен, Тараз қаласы прокурорының орынбасары Берік Құлтасовтан ешқандай жауап ала алмадық.
XS
SM
MD
LG