Accessibility links

Ирақ: Дж.Буш және Т.Блэр лаңкестікке қарсы соғыстың стратегиясы туралы


АҚШ президенті Дж.Буш пен британ премьер-министрі Т.Блэр осы сейсенбі күні бір мезгілде өздерінің лаңкестікке және Ирақтағы қақтығыстарға қарсы бірігіп күресуінің мақсат-мүддесін сөз етті. Вашингтонда Ақ үйде өткізген баспасөз-маслихатында президент Дж.Буш Ирақтағы демократия орнатуға бағытталған күш-жігердің ақыр-аяғында өзінің жемісін беретініне өзінің кәміл сенетінін мәлімдеген болса, Лондонда премьер-министр Т.Блэр: “соғыс – мұсылман әлемі оң өзгерістерге дайын ба?” деген мағынаны білдіреді”, деп атап көрсетті.

Дж.Буш Ирақтағы қазіргі стратегиясына толық сенім артатынын айтса, сонымен бірге ол нәтижеге тез қол жете қоймайтынын да жақсы сезетінін атап көрсетті. Дж.Буш Америка халқын шыдамды болуға шақырды. Ол АҚШ әскерін өзі Ақ үйден кететін 2009-ыншы жылдың басына дейін Ирақтан шығармауды ұсынды. Сонымен қатар АҚШ президенті Ирақтағы ахуалды тұрақтандырудың мүмкін болмай отырғанын мойындаса да, алған бетінен қайтпайтынын мәлімдеді. Өйткені, оның пікірінше, қазір атқарылып жатқан іс-әрекет Ирақты тұрақты да орнықты демократияға жетелейді.

“Біз Ирақта нәтижеге жететініміз ғой деп үміттенемін, мен оған сенімдімін, мен оған күмән келтірмеймін. Олай болмаған жағдайда мен біздің әскерімізді алып кетер едім. Егер біздің жеңіске жету жоспарымызға менің күмәнім болса, онда мен біздің адамдарды қиын-қыстауда қалдырмас едім”, - деді Дж.БУШ.

Бұл баспасөз-маслихаты Дж.Буштың әкімшілігі үшін Америка қоғамының соғыс қимылдарын қолдауына ие болуға деген бірнеше мүмкіндіктің бірі болды. Осы мәселеге байланысты АҚШ-тың вице-президенті Дик Чейни мен Ақ үйдің басқа да биік лауазымды өкілдері сияқты өткен аптада Дж.Буш екі рет сөз сөйлеген болатын. Президент Буш шетелдің қолдауына ие болып үлгерді. Осы дүйсенбі күні НАТО-ның Бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер Солтүстікатлантикалық одақтың Ирақтың қауіпсіздік күштерін жаттықтыруы барысындағы жетістіктерін Вашингтонда Дж.Бушпен талқылады. Келесі сейсенбі күні Лондонда британ премьері Т.Блэр терроризмге қарсы соғысқа өркениет тұрғысынан өз көзқарасын айтып сөз сөйледі. Оның мәлімдеуінше, ол бастаған үкімет бұл соғысты “өркениеттердің арасындағы қақтығыс” емес, “өркениеттерге келіп тірелген қақтығыс” деп біледі. Т.Блэр мұсылман қоғамдарының халықтары қазіргі ашық та сан-алуан әрі зайырлы өркениеттің пайдасын дұрыс түсінсе екен деп тілейтінін айтты.

“Біз” дегеніміз – Батыс емес. “Біз” деген христиан тәрізді қаншама мұсылман дегенді немесе еврей немесе үнді деген сөз. Біз – дінді төзімділікпен қабылдайтын, өзгелерге ашық-жарқын, демократия мен бостандықты және адам құқын құрметтейтін және зайырлы сот жүйесі бар елміз”, - деді Т.БЛЭР.

Т.Блэрдің айтуынша, Ирақ пен Ауғанстандағы лаңкестер дегеніне жеткен күнде, олар бүкіл араб және ислам әлеміне бүгіні мен болашағына оңалмастай соққы береді. Бірақ, деп мәлімдеді британ премьері, демократия жеңіске жеткен күнде Ирақ пен Ауғанстанның ғана емес, сондай-ақ Батыстың да тұрақтылығы мен қауіпсіздігі нығаяды.

“Ирақ пен Ауғанстандағы бүгінгі жағдаяттар осы елдердің халықтарына немесе осы аймаққа ғана емес, осы жердегі біздің және бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне төнген қатер болып табылады. Бұл – осы елдердегі режимді өзгертуге бағытталған өзгеше шешімдерге еш күмән келтірмеудің бірден-бір себебі. Бұл – біздің көмегімізге мұқтаж болып отырған халықтарға қол ұшын созған игі іс”, - деді Т.БЛЭР. . Британ премьерінің айтуынша, Еуропа мен АҚШ, оның өз сөзімен айтқанда, “белсенді сыртқы саясатты” жүзеге асыру жауапкершілігін мойындарына алып отыр. Оған НАТО-ның Ауғанстандағы қазіргі іс-қимылы және АҚШ пен британ әскерлерінің Ираққа басып кіріп орналасуы жатады. Осы “белсенді сыртқы саясат”, Т.Блэрдің айтуынша, “Еуроодақ үштігі” (EU-3) деген атауымен белгілі Ұлы Британия мен Германиядан және Франциядан құралған үштіктің Иранның ядролық қару жасап алуына қарсы тұрмақ іс-қимылын да қамтиды. Т.Блэр соңғы іс-қимылды әзірше дипломатиялық күш-жігермен шектелген “басқыншылық” деп сипаттады. Вашингтонда президент Дж.Буш Иранның ядролық бағдарламасына АҚШ әкімшілігі – осы “Еуроодақ үштігімен” тізе қосып қарсы тұрғанын атап көрсетті.

“Егер Иран ядролық қаруға ие болса, онда олар әлемге қыр көрсетеді. Егер Иран ядролық қаруға қол жеткізсе, ол қару кең тарайды. Бұл – халықаралық келісімнен жалтаратын ел”, - деді Дж.БУШ.

Өткен аптада жарияланғандай, Дж.Бушқа “Иранның ядролық бағдарламасы тақырыбы Теһранмен арадағы тікелей келіссөздің күн тәртібінде бола ма?” –деген сауал қойылды. Оған АҚШ президенті “ондай келіссөзге Ирақтағы сүнниттер мен шийттердің арасындағы сектаралық жанжалға Теһранның шатысы бар” деген күдіктің бөгет болуы мүмкін екенін айтты. Иранның ядролық бағдарламасы проблемасы, деп мәлімдеді Дж.Буш, “Еуроодақ үштігімен” бірлесіп талқыланады.
XS
SM
MD
LG