Accessibility links

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері ынтымақтастықты нығайтуға келісті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбек еліне алғашқы мемлекеттік сапарымен Ташкентке наурыздың 19-ында барған болатын. Өзбекстан президенті Ислам Каримов әріптесі Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің аса маңызды болғандығын атап өтті.

Президенттер басқосуынан кейін Ташкенттегі баспасөз мәслихатында Каримов Назарбаевтың Өзбек астанасына жасаған сапарын мақтап, мадақтап өтті. Ол мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өтіп тұруы керектігіне тоқталды.

- Екіжақты қарым-қатынас тарихындағы Қазақстан президентінің Өзбекстанға тұңғыш сапарын біз көптеген мәселелер бойынша пікір алысылатын, екі елдің қарым-қатынасын бекітетін үлкен мүмкіндік деп есептейміз.

Өзбекстан мен Қазақстан арасында 1991 жылдан бері қарай 90-нан астам келісім жасалған. Каримов пен Назарбаев Орта Азиядағы екі үлкен мемлекеттің жетекшілері. Екі ел басшылары арасында аймақтағы басымдық және Ресей мен Қытай, АҚШ-тан тартылатын шетелдік инвестиция үшін ұзақ жылдардан бері өзара бәсекелестік жалғасып келеді. Екі ел президенттерінің осы кездесулерінде 7 құжатқа қол қойылып, Орта Азия аймағындағы қауіпсіздік пен тұрақтылық Өзбекстан мен Қазақстанның ынтымақтастығынсыз жүзеге аспайтындығы да аталып өтілді.

- Тәуелсіздіктің барлық жылдарында біз қарым-қатынстарымызды жаңадан құратын кезеңге жеттік деп ойлаймын. Екі елдің қарым-қатынасына біздің аймақтағы геосаяси жағдай, ықпалдастықтың тағдыры тығыз байланысты, - деп атап өтті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Өзбек президенті Ислам Каримов қазақ пен өзбек елі бір болса, бізді ешкім жеңе алмайды деп, қос президент арасында басымдық үшін бәскелестік бар дегенді жоққа шығарды.

- Ал егер жай ғана айтар болсақ, қазақтар мен өзбектер бір болса, бізді жеңу мүмкін емес, мен мұны өте үлкен жауапкершілікпен айтамын, - деді И.Каримов.

Каримов, сондай-ақ, өз сөзінде Орта Азия аймағын тұрақсыздандырғысы келетін шетелдік сырт күштердің бар екеніне тоқталды.

- Демократия мен бостандықты желеу еткен кейбір сыртқы күштер біздің ұлттық мүдделерімізді ескермей, аймақтың тұрақтылығына қауіп төндіргісі келеді.

Өткен қаңтар айында Өзбекстан Мәскеу бастаған Еуразия экономикалық қауымдастығына қосылған болатын. Бұл одақта Қазақстан мен Тәжікстан, Қырғызстан және Беларус елдері бар. Қазақстан президенті Өзбекстанның сыртқы саясатындағы мұндай өзгерісті құптап, оған мадақтау білдірді.

2005 жылы екі елдің арасындағы сауда айналымы 500 миллион долларды құраған екен. Н.Назарбаев бұл көрсеткішті алда бір миллиардқа дейін жеткізу керек деп атап өтті. Қазақстан президенті мұнымен қатар Қазақстан даму банкінің бір бөлімшесін Ташкентте ашу жөнінде ұсыныс айтты. Сол сияқты Қазақстан мұнайын Өзбекстанға жеткізуге де қазақ жағының әзір екендігін айтты Назарбаев.

Сонымен, дүйсенбі күні қол қойылған құжаттар арасында ғылым мен технология, халықаралық жол қатынастарын дамыту турасындағы, ауылшаруашылық саласындағы келісімдер бар.
XS
SM
MD
LG