Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.23.2006 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдарда Мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаеваның белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне байланысты «Караван» апталығында жарық көрген мақаласының қоғамда түрлі пікір туғызып жатқандығы айтылыпты. Сондай-ақ мерзімді басылымдарда Наурыз мейрамына байланысты мақалалар көбірек орын алыпты.

Журналист Геннадий Бендицкий “Время” апталығында жарық көрген кезекті мақаласында белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне тікелей қатысы бар деп танылып отырған күдіктілердің бірі Рүстем Ибрагимовпен кезінде жақсы таныс болғандығын сөз қылыпты. Автор өз мақаласында кезінде Рүстем Ибрагимовтың “Казспецэксперт” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Талғат Ыбыраевтың өлімін ашуға қатысқандығына тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, бұл өлімге лауазымы жоғары шенеуніктің қатысы бар екендігі белгілі болғаннан кейін, оны ашуға ат салысқан Рүстем Ибрагимовке қарсы қылмыстық іс қозғалады. Міне осы оқиғадан кейін Рүстем Ибрагимов “Время” газетінің редакциясына келіп, журналист Геннадий Бендицкиймен жолығып, оны өлтіруі немесе түрмеге отырғызып қоюы мүмкін екендігін айтып, “Казспецэксперт” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Талғат Ыбыраевтың өліміне қатысты деректерді аудиотаспаға айтып береді. Осы оқиғаның өткеніне алты жыл болғандығын еске алған мақала авторы кейіннен оның өз қызметіне қайтып оралғандығын тілге тиек етіпті. Мақала авторының хабарлауынша, өткен аптада белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін ашуға жәрдем көрсету үшін келген ФБР дің қызметкерлері тергеу барысында Рүстем Ибрагимовтың бұл қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген қорытындыға келгенімен, Ержан Өтембаевтың оған қаншалықты қатысы бар екендігін анықтай алмай, осы мәселеге байланысты күманды деректер көбейе түскен.

“Свобода слова” газетінің соңғы санында оппозиция өкілдері Мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаеваның “Караван” газетінде жарық көрген мақаласын талқыға салыпты. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Президентінің қызы Дариға Назарбаева “Караван” апталығында жарық көрген “Дежа вю” атты мақаласында Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың Нұрсұлтан Назарбаевпен болған әңгімесінде Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге оның туған-туыстары, атап айтқанда Рахат Әлиев, Тимур Құлыбаев, Қайрат Сатыпалдының қатысы бар деген мәлімет айтқандығынан хабардар етіп, оның осы әрекетін сынға алған еді. Газет тілшісіне берген сұхбатында саясаткер Болат Әбілов бұл мәселеге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың өзінде болғандығы немесе болмағандығы туралы неге тіс жарғысы келмейді деген сауал тастапты. Оппозиция басшыларының бірі Ғалымжан Жақиянов та осыған байланысты “Свобода слова” газеті арқылы, Мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаеваның үрейленіп, алдын-ала іс-қимыл жасауы тегіннен-тегін емес деген пікірін білдіріпті. Сондай-ақ Ғалымжан Жақиянов белгілі саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі жоғары жақтың ықпалымен жасалып отыр деген күдігін айтыпты.

Ал, “Айқын” және “Түркістан” басылымдарында наурыз тақырыбына арналған мақалалар көбірек орын алыпты. “Түркістан” газетінің соңғы санында жарық көрген мақаласында Кәмшат Тасболатова ендігі уақытта биліктің Наурыз мейрамын да саясаттандырып жатқандығын сөз қылыпты. Мақала авторының айтуынша, бүгінгі уақытта билік Наурызды “татулық пен достық” мерекесі ретінде тойлай бастаған. Автор өз мақаласында осы арқылы наурыздың уақыт өте келе ұлттық сипатынан айырылуы мүмкін деген ойын айтыпты.

“Айқын” газетінде жарық көрген Роза Рақымқызының мақаласында Ұлыстың Ұлы күнінің жалпыхалықтық шара ретінде қалыптасуына ортағасырлар дәуірінің көрнекті ақыны Омар Хаямның сіңірген еңбегінің ерекше болғандығы аталыпты. “Наурыз-наме” атты трактат жазған ол аталмыш мерекенің шығу тарихынан бастап, қоғамдағы жалпы дүние жаратылысының мән-маңызына жан-жақты талдау жасаған көрінеді.
XS
SM
MD
LG