Accessibility links

Қазақстан үкіметі мұнайдан түсетін табыстардың барлығын Ұлттық қорға жинамақ

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстан үкіметі үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап, мұнайдан түсетін табыстардың барлығын Ұлттық қорға аудару қажеттігі жөнінде қаулы қабылдап отыр. Мұндағы басты мақсат - Республика бюджетінің әлемдік мұнай бағасының құбылмалылығына бағыныштылығын азайту, ел экономикасын диверсификациялау және мұнайдан түсетін табыстарды әр буынға теңдей бөлу болып отыр. Дегенменде кейбір сарапшы мамандар бұл қадамның өзін ақтайтындығына күдік білдіруде.

Қазақстанның Ұлттық қорының активтерін басқарушы болып табылатын Ұлттық банктің басшысы Әнуар Сайденов ендігі кезде мұнайдан түсетін табыстардың барлығы тек қана Ұлттық қорға бағытталатын болады дейді. Оның пікірінше, аталған қорды басқарудағы бұл жаңа механизмнің басты мақсаты Қазақстанның мұнай-газ саласындағы компаниялардың табыстары туралы ақпараттың ашықтығы мен мемлекеттік бюджеттің өз мақсатына жұмсалуына байланысты мәселелерге барша қазақстандықтар мен халықаралық қауымдастықтың назарын аудару. Және де қордың қаржысы бұл концепция бойынша, әлеуметтік мақсаттарға емес, ағымдағы шығыстарға, инвестициялық жобаларға экономиканың құрылымын өзгерту үшін жұмсалатын болады дейді.

Алайда осы мәселемен айналысатын мамандардың бір бөлігі үкіметтің бұл ісіне сыни пікір айтады. Қазақстандағы қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмутова үкіметтің бұл бастамасы Ұлттық қорға мұнайдан түсетін табыстардың ашықтығын қамтамасыз ете алмайды, қайта есептілікке және қоғам қаржысын басқару саласына халықтың қатысуына бұрынғыдан бетер кедергі келтіре түседі деп есептейді.

«Каспий табиғаты» қоғамдық қозғалысының төрағасы Махамбет Қакімов Қазақстандағы мұнайдан түсетін табыстардың игілігін қарапайым халықтың көре алмай келе жатқанын айтады.

«Ұлттық қордың қаржысы елдің әсіресе қиын жағдайдағы әлеуметтік мұқтаждығына жұмсалуы қажет», - дейді ол.

Алайда, Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы Әнуар Сайденов мұнай-газдан түсетін табыстың жабықтығы жөніндегі пікірлермен келіспейді.

«Ұлттық қордың қызметін ашық жүргізудеміз, әрі табысын жыл сайын жариялап отырмыз», - дейді Ә.Сәйденов мырза.

Бірақта, Қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры Меруерт Махмутова Ұлттық қорға байланысты деректерді жауапты құрылымдардың өзі әр түрлі беретіндігі оған деген сенімсіздікті үдетіп отыр дейді. Және ол Ұлттық қорға байланысты үкіметтің бұл қадамы да түсініксіз екенін айтады.
XS
SM
MD
LG