Accessibility links

Елді демократияландыру жөніндегі комиссияның жұмысына кімдер қатысады?


24-наурыз күні Астанада Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыру мен азаматтық қоғам құруға бағытталған Мемлекеттік комиссия өзінің алғашқы отырысын өткізеді. Бұл комиссия 2004 жылдың қараша айында Ұлттық комиссия болып құрылып, оның басшылығына Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратов тағайындалған болатын. Халық арасында көбінесе НКВД атымен таныс болған Ұлттық комиссия 2005 жылы тікелей президент басшылығындағы Мемлекеттік комиссия болып қайта құрылып еді. Өткен аралықта Ұлттық комиссия бірнеше отырысын өткізгенмен оған оппозиция өкілдері қатыспай қойған болатын. Ал наурыздың 24 өтетін отырысқа «Ақ жол» партиясының басшысы Әлихан Байменов қатыспақ ниеті барлығын айтып отыр.

24-наурызда Астанада өтетін Қазақстан қоғамын одан әрі демократияландыру мен азаматтық қоғам құруға бағытталған Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына кімдер шақырылғаны және күн тәртібі де толық белгісіз болып тұр. Әзірге белгілі болғаны, жақында ғана тіркеуден өткен «Нағыз Ақ жол» партиясы оған шақыруды алмаса, Коммунистер төрағасы Серікболсын Әбділдин мырза ондай шақыруды алыпты, бірақ Астанадағы отырысқа бару-бармасы белгісіз көрінеді.

«Мемлекеттік комиссияның қандай мүмкіндігі бар, ол немен, қалай шұғылданатынын жазып, бізге ешкім көрсеткен жоқ. Жалпы, біздің ойымызша, елбасын танып-білу дәрежемізге байланысты, бұл кісінің құрған ұйымдарының біреуі де, не мемлекет үшін, не халық үшін жұмыс істемейді! Тек сол кісінің өзінің мүддесі үшін жұмыс істейді. Сондықтан, ондай ұйымға шақырған екен деп, жалп ету, менің өз басым үшін қажеті жоқ деп ойлаймын», - деді С.Әбділдин.

Ал, осы комиссия құрылғалы бері Ұлттық комиссия мүшесі болған, Қазақстанның «Ауыл» партиясының жетекшісі Ғани Қалиев мырза да күн тәртібін білмейтін болып шықты:

«Мені шақырды. Материалдар бар ма деп сұрап едік, сол жерге келгенде тарқатып береміз деді».

Десе де, «Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысынан не күтуге болады?» дегенге, Қалиев мырза былай дейді:

«Ол Ұлттық комиссияның мақсаты белгілі ғой, елдің ауызбіршілігін нығайту, пікірталас барысында біздің Қазақстанға жарайтын ең тиімді жолдарын сараптап шығару, оны президенттің алдына қою. Енді ол мәселені былтыр қолымыздан келгенше істедік. Саяси реформа қалай жүру керек екенін талқылап, бірнеше жұмыс тобы істеді. Бір жұмыс тобының бастығы мен болдым. Соны әрқайсымыз ең соңғы отырыста президенттің алдында баяндап бергенбіз. Енді біздің ойымыз - сол мәселе ары қарай жылжуы керек, кейбір ұсыныстарды іске енгізу керек».

2004 жылы құрылып, көпшілік арасында НКВД атымен таныс болған Ұлттық комиссияның барлық отырыстарына оппозиция өкілдері қатыспай қойған болатын. Оған себеп, сол кезде комиссия мүшелігіне енген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының көсемдерінің бірі Асылбек Қожахметовтың айтуынша, «комиссия жұмысына президенттің қатыспай отырғаны, Ғалымжан Жақиянов мырзаның түрмеде отыруы, парламент сайлауын ашық өткізілмей отыруы» сияқты оппозиция талаптары бар болатын.

Ал кейбір болжамдар бойынша, жаңадан құрылған Мемлекеттік комиссияны президенттің өзі басқаруы мүмкін. Қалиев мырза Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысын президенттің өзі басқаратындығы комиссия жұмысын жеңілдетеді деп отыр.

«Қазір, біздің ойымызша, Мемлекеттік комиссия төрағасы президенттің өзі болады деп отырмыз. Егер олай болатын болса, бұл Мемлекеттік комиссияның статусы көтеріледі, комиссияда көтерілген мәселелер бойынша президентпен бірден диалогқа барамыз, президент пікірін тыңдаймыз, кейбір мәселеге президент пікірін қалыптастыруға ат салысуымыз керек. Мен өзім солай деп ойлап отырмын, мына халыққа, мемлекетімізге, тиімді пікірлерді сараптап, соларды іске асыруға бүкіл мемлекет болып, бүкіл халық болып қолға алу. Егер ол солай болып шығатын болса, бұл - игілікті іс», - деді Ғ.Қалиев.

24 наурызда өтетін Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысына «орталық бағыттағы оппозиция» атанған «Ақ жол» партиясы қатыспақшы.

«Жаңа ғана президент әкімшілігінен телефон шалып, ертең комиссия отырысы сағат он бірде болатынын айтты. Біз төралқаның шешімі бойынша бірінші мәжіліске қатысамыз. Біз, бұл мемлекеттік комиссия, өткен комиссиялар секілді «жалпы талқылау, мәселені сөзбұйдаға салу» емес, нақты шешімдер әзірлейтін комиссия болады деп күтеміз. Егер олай болмаса, біз мәжіліске қатысу туралы шешімімізді қайта қарауға мәжбүр боламыз», - деді «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов бейсенбі күні «Азаттық» радиосына.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалыс төрағасы Жармахан Тұяқбай мырзамен наурыздың 23-күні байланысқа шығу мүмкіндігі болмағандықтан, олардың жұма күні Астанада өтетін жиынға қатысу-қатыспауы белгісіз болып қалды.
XS
SM
MD
LG