Accessibility links

Қырғызстандағы төңкеріске бір жыл толды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

22-наурыз күні Қырғызстан Республикасының Президенті Құрманбек Бәкиев “2006 жылдың 24-наурыз мерекесі күні туралы” атты Жарлыққа қол қойған болатын. Аталмыш жарлыққа сәйкес 24-наурыз Қырғызстанда халықтық революция күні ретінде аталып, демалыс күні болып белгіленген еді. Алайда, Алматыдағы мыңдаған қырғыздар 24-наурызды халықтық революция мейрамы күні ретінде атап өте алмады.

Алматы қаласының шетінде орын тепкен “Барыс” сауда базарында негізінен көрші республикадан келген қырғыз ұлтының өкілдері сауда жасайды. Бүгінгі уақытта бұл базарда сауда-саттықпен айналысатын қырғыздардың саны мыңнан асыпты. 24-наурыз күні Қырғызстанда халықтық революция мерекесі күні ретінде белгіленіп, демалыс болып жарияланғанымен Алматыдағы “Барыс” базарында сауда жасайтын мыңдаған қырғыз азаматтары жұма күні жұмысқа шықты. Тек базардың шетінде ойнап тұрған қырғыз музыкасы ғана бұл күннің мереке екенін еске салғандай әсер қалдырды.

Біз әңгімеге тартқан, “Барыс” базарында сауда жасап жүрген қырғыз әйелдерінің бірі Шырын Ысқақова, өз елінің экономикасы дұрысталып, экономикалық ахуалы түзелгенде Отанына қайтуды армандайды екен. Өз балаларының қазақ мектептерінде оқитындығын сөз қылған ол қазіргі уақытта Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиевтың елдегі жағдайды жақсарта алатындығына сенім көзімен қарайтындығын жеткізді. Қазақстандағы қырғыз қоғамдастығының өкілі Сағын Алмақұнов жұма күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, Алматыдағы мыңдаған қырғыз азаматтарының осы күнді атап өткісі келгенімен, жергілікті билік тарапынан оған рұқсат болмағандығын сөз етті. Алайда ол осы күні кейбір қырғыздардың бас қосып, халықтық революция мерекесі күні мал сойып, бұл күнді өз беттерінше атап өтіп жатқандығын айтты.

Қазақстандағы Қырғызстан елшілігінің вице-консулы Байқадам Құрамаев 24-наурызда “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде, жұма күні Бішкекте халықтық революция күні кең көлемде аталып өтіп жатқандығынан хабардар етті. Ал, Қазақстандағы қырғыз қоғамдастығының тағы бір өкілі Зайырбек Стамалиев Қырғызстанда халықтық революцияның бұрқ ете қалуына елдегі сайлаулардың әділ өтпеуі өз ықпалын тигізді деген ойын білдірді. Оның пікірінше, бастапқы кезде жақсы істерімен көзге түскен Асқар Ақаев мемлекетті басқарған соңғы жылдарда түрлі келеңсіздік жағдайларға орын беріп алған.

“Барыс” сауда базарының директоры, ұлты қырғыз Ермек Қарасайұлы бұл халықтық революция елдің жағдайының жақсаруына ықпал ете алған жоқ деген ойын білдірді. Оның айтуынша, Қырғыстанның ресми билігі үшін бұл күн мереке болып саналғанымен, қарапайым қырғыздардың 70 процентінің тұрмыс-тіршілігі ауыр болғандықтан, оны сезіне алмай отыр.

Өткен жылғы наурыздың 24-інде Қырғызстан мемлекетіндегі төңкерістен соң, республиканың бұрынғы Президенті Асқар Ақаевтың жақын туған-туысқандары шетелге қашуға мәжбүр болған еді. Солардың біреуі, атап айтқанда Асқар Ақаевтың күйеу баласы Әділ Тойғанбаев Қазақстан азаматы болып табылады.
XS
SM
MD
LG