Accessibility links

Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете ала ма?


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Карл Де Гюхт наурыздың 27-күні Астанада Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен кездесуінде елдегі экономикалық және саяси реформалар демократия үшін аса маңызды екендігін сөз еткен.

Карл Де Гюхт президент Назарбаевпен өткен келіссөздерден кейін тілшілердің алдына шығып, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы үшін Венаның шығысындағы елдің бірі ретінде ұйымға төрағалық етуі маңызды деген мәлімдеме жасады. Бұл орайда Орталық Азия аймағы маңызды және бұл аймақта Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге ең мүмкін елдердің бірі деп есептейміз деді ұйымның қазіргі төрағасы.

Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете ала ма деген журналистердің нақты сұрағына шетелдік қонақ басқаша жауап берді.

«Мен көріпкелдікпен айналыспаймын мен саясаткермін. Сондықтан әлі бір жыл жұмысымыз бар. Брюсселдегі министрлік отырыста біз сандарға шыға аламыз, ал қазір пайыздық мәлімет бере алмаймыз, өйткені бұл деңгейдегі көріпкелділік тек лотереяда жақсы», - деді Карл де Гюхт.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Карл де Гюхтың айтуынша, ол президент Назарбаевпен өткен кездесуде елдегі экономикалық және саяси реформалар демократия үшін маңызды екендігін сөз етіпті. Және ЕҚЫҰ жетекшісі өз сөзінде, Қазақстанда президент Назарбаев төрағалық ететін, елді демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссия саяси реформаларды реттейтін жұмыс жүргізетіндігіне сенім білдіретіндігін жеткізді.

«Демократия дегеніміз имплонтант емес, ол аймақтың ішінен өсіп шығуы тиіс», - деді Карл де Гюхт.

Ал, шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлы, Қазақстанның экономикалық өрлеуі жақсы, бірақ «әттеген-айлары» да бар екенін атап айтады.

«Жалпы алғанда Қазақстанның Орталық Азиядағы болашағы өте зор. Ол жағынан үлкен сеніммен қараймыз. Бірақ, қазір тек қана экономикалық өрлеу бар. Саяси реформа әлі жүрген жоқ. Ол бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі көне үрдіспен келе жатыр. Сол себептен адам құқығы мәселесі аяққа тапталуда», - дейді Б.Жылқыбекұлы.

ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Карл де Гюхтың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстанда экономикалық өсу байқалады, бірақ, ол басқа елдерде де болуы мүмкін.

«Бастысы, Қазақстанда экономика диверсификациясы жүргізіліп келеді, бұл маңызды. Жалпы, Орталық Азияда лидер болғаны жөн», - деді ол.

Ал, саясаткер Қажыбай Қабылфазыл, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі екіталай деп санайды.

«Олар, дипломат сияқты, мәселені тура айта алмайды. Ал, менің пікірім: біздің елді ол ұйымның маңына жақындатуға болмайды. Алтынбектің өлімі, оның екі жолдасының өлімі, Заманбектің өлімі, Оксана деген кішкентай қыздың өлімі, журналистердің өлімі – осының барлығын ескергенде, болмайтын нәрсе. Мен елімнің патриотымын, бірақ, дәл қазіргі билік жүйесінде Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуіне қарсымын», - дейді саясаткер.

Қажыбай Қабылфазыл мырзаның пікірінше, мұндай пікіріне себеп болып отырған принципті мәселе - Қазақстанда адам құқығының сақталуы аталған ұйымның талаптарына сай келмейді.

«Қазір бізде сөз бостандығы да, адам құқығы да қорғалмайды. Сөз бостандығы мүлде жоқ нәрсе. Мәселен, «Свобода слова» деген газетке айыппұл салып жатыр, жауып жатыр. Көп газеттер шықпай жатыр», - дейді Қ.Қабылфазыл мырза.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының келесі отырысы биылғы мамыр айында өткелі отыр Оған Қазақстан жағы да қатысады деп хабарланып отыр.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына қазір 55 мемлекет мүше. Ресми мәлімет бойынша ұйымның жұмысына қауіпсіздікті арттыру, қарулануды қадағалау, алдын алу дипломатиясы, адам құқықтары және экономикалық, экологиялық қауіпсіздік кіреді. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылдан бастап мүше болып қабылданды.
XS
SM
MD
LG